Оның жұмыстан кетуін талап еткен наразылық ушығып келеді
«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты». Ел естімеген қауіп төнген жағдайда атам қазақ осылай деп жаға ұстаған. Оңтүстіктің денсаулық сақтау саласындағы, дәлірек айтқанда басқа барар жері, басар тауы қалмай қудаланып жатырмыз деп журналистердің көмегіне жүгінуге мәжбүр болған бас дәрігерлердің жанайқайын естігенде осы сөз еріксіз есімізге оралды. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов «Ырыс алды – ынтымақ» жиынын өткізіп, елді бірлікке шақырып, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргенде денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловтың елді екіге бөлген кереғар әрекетін түсінудің өзі қиын. Жеке басының ғана жаман аты жер жармай талай игі тірліктерді жүзеге асыру жолында тер төгіп жүрген облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің де сөзге қалуына, ауыр сынға ұшырауына «зор септігін» тигізіп келе жатқан Жұмағали Исмаиловтың не сенім артқан басшының, не жұрттың обалын ойламай баяғы-ақ отставкаға кетудің орнына әкесі мұраға қалдырған қызметі сияқты орынтағын қимауы, жамбасы желімделгендей күйде жабысып ажырамауы өте өкінішті-ақ. Кешелі, бүгін бүкіл елді шулатып бұқаралық ақпарат құралдарының бірінен соң бірі жарысып, денсаулық саласы жайлы жаға ұстатар жайсыз мәлімет таратуы, тағы да оңтүстіктің атына сөз келетін, кір келетін пікірлер тасқыны туындауы осы облыстың иесі ретінде бірінші басшыға, яғни Асқар Исабекұлына оңай деймісіз. Әттең-ай десеңізші...
«Рейтинг» газетінде бұған дейін денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловтың заңсыз әрекетіне, әдепке жат қылықтарын әшкерелеп, облыс әкіміне оны қызметінен алу жөнінде талап қойған бір топ бас дәрігерлердің ашық хатын жариялаған болатын. Міне, Ж.Исмаиловқа қарсы «майданға» қосылған бас дәрігерлердің саны бүгінде 30 шақты болып үлгерді. «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» болса, түсінуге болар еді. Ал 30 шақты бас дәрігер... Бұл енді ойлануға мәжбүрлейтін мәселе. Республикалық деңгейдегі, аймақтағы беделді ақпарат құралдарының өкілдерін жинап, осы мәселеге қоғамның назарын аударсақ» деген бас дәрігерлер «Достық» қонақ үйінде баспасөз мәслихатын берді.
Бас дәрігерлер Исмаиловтың заңға қайшы әрекеттерімен қоса оның мінез-құлқына, дөрекілігіне деген «өкпесі қара қазандай». Бас дәрігерлердің арасындағы ақсақалы, облыстық дезостансаның бас дәрігері Әділхан Сұлтанбеков денсаулық саласында жұмыс істеген 56 жылдан бері мұндай сорақылықты, яғни бас дәрігерлер мен басқарма басшысының жаппай соттасуын, кадр сапырылыстыруды көрмегенін айтады. Ал облыстық қан орталығының бұрынғы бас дәрігері Сүндет Рахымбердиев өзінің не үшін жұмыстан босатылғанын әлі күнге дейін түсінбей дал. «Республикада үшінші орыннан төмендемесек, өзім басқарған екі жыл ішінде бірде-бір шағым болмаса, мені жұмыстан алғанына таңмын. Маған таққан айыбы – 2008 жылы алынған аппаратқа қатысты. Мен жұмысқа 2010 жылы келгенмін» дейді ол. Енді бұрынғы бас дәрігер мен басқарма бастығының арасында соттың «көрігі қызбақ».
Әрине, бас дәрігерлердің жеткізген жанайқайы бір жарым сағаттық әңгімеге жүк болды. Оның барлығына жеке-жеке тоқталу мүмкін де, міндет те емес. Дегенмен, айтпай кетуге болмайтын тұстары да бар.
Қазығұрт аудандық туберкулезге қарсы ауруханасының бас дәрігері Алғатай Ошақбаев бұл мекеменің ғимараты өте ескі екеніне тоқталды. Барак типтес. Үкіметтің қаулысында мұндай нысандарға күрделі жөндеу жүргізуге тыйым салынған. Арнайы мамандармен құрылған комиссия зерттеу жүргізіп, жөндеуге жатпайды деген қорытынды берген. Қорытындыны қолға алған Ошақбаев Исмаиловқа келгенімен, алып-ұшқан көңілі су сепкендей басылыпты. «Білгішсінбей жайыңа жүр дегеннен кейін қудалау қайта басталды» дейді ол.
Жанармай жырын қозғаған Сайрам аудандық ауруханасының бұрынғы бас дәрігері Қалдыбай Ыдырысовтың басынан өткен хикаялары да шым-шытырық. «Туысқаным ауыр халде жансақтау бөлімінде жатқан кезде Исмаиловқа бұл жөнінде ескерткенмін. Оның қайтыс болғандығы жөніндегі хабар түнгі сағат 2-30-да келді. Түннің ортасында бастықты ұйқысынан оятқаным әдепке жатпас деген оймен оған хабар берген жоқпын. Бірақ, бұл жайында орынбасарларыма айтып кеттім. Жаназа Өзбекстанда болғандықтан, ол жаққа барып келемін дегенше уақыт түс ауды. Осы үшін мені жұмыстан алып тастады. Әрине, ешкімнің басына мұндай қайғылы жағдайды бермесін, бірақ, өмір бар жерде өлімнің де болатыны заңдылық қой. Мен өз құқығымды қорғау үшін сотқа шағымданып, жұмысыма қайтып келдім. Жоғарғы Сотқа дейін бардым. Кейін келісім-шарттың мерзімі бітті деген себеппен жұмыстан босатты. Бір жарым жыл бойы соттасып, басым қатты. 9 рет тексеру жібертті, ештеңе таппады. Бұл қуғынға салу болмағанда не болды? Ал мені жұмыстан заңсыз босатқанға қатысы бар адамдардан ешкім де жазаланған жоқ».
Айтқандай, Қалдыбай Ыдырысовтың жоғарыда айтылған жанар май жыры да елең еткізбей қоймайды. Оның айтуынша, 2010 жылы бас дәрігерлердің бәрін шақырып алған басқарма басшысының орынбасары бастықтың ауызша тапсырмасы деп жарты жылға бөлінген жанар маймен қамтамасыз ету үшін белгісіз бір компаниямен келісім-шартқа отырып, ертеңгі сағат онға дейін жүз пайыз ақшасын аудару керектігі тапсырылыпты. Алматылық ол компанияның Шымкентте бірде-бір жанар май құю бекеті болмаған. Осындағы екі бекетті жалдаған. «Мен бұған келіспедім. Сол үшін қырына іліктім. Ақыры не болды, бір жарым айдан кейін ол компания басшылары қашып кетіп, ғайып болды. Көптеген аудандағы медицина мекемелері жанар майсыз қалды» дейді ашынып.
Бас дәрігерлер, сондай-ақ, басқарма басшылығы тарапынан домалақ арыз ұйымдастыру арқылы тексеру үздіксіз тоқтамайтынына шағымданды. Мәселен, бір мекеменің атына Е.Мұқан деген азаматтан арыз түскен. Мекен-жай бюросынан тексере келгенде мұндай есімді азамат жоқ болып шығыпты. Сонда мұның астарында қандай құпия жатыр? Бұл бір ғана мысал.
Баспасөз мәслихатында бас дәрігер қуғындаудың, зорлық-зомбылықтың салдарынан жұмыссыз қалған бас дәрігерлерді қайта өз қызметіне тағайындауды, сондай-ақ, Ж.Исмаиловтың моральдық тұрғыдан мемлекеттік қызметкерге лайықты емес екеніне байланысты басшылық қызметтен босатылуын тағы бір мәрте талап етті.
Бас дәрігерлер басшысынан аяқ тартқан болуы керек, баспасөз мәслихатын жұмыстан кейін, сағат 7-де бастады. Ал басқарма басшысы Ж.Исмаилов журналистерді ертеңіне сағат түскі 12:30-да жинады. Әңгімесін облысымыздың денсаулық саласына мінездеме беруден бастады. Әрине, жақсысын айтып, жаманын таяп қойды. Облысымыздың денсаулық саласында бәрі де тамаша. Өңіріміздің денсаулық сақтау саласында негізгі деген екі проблема бар, оның бірі кадр сапалылығы. Осы мақсатта әрбір бас дәрігермен жеке-жеке келісім-шарт жасалыпты. Бұл уақыт талабы.
Исмаиловты даттаған ашық хатқа байланысты басқарма басшысының көзқарасы қандай? Журналистерді көбірек қызықтырған сауал осы болды. Қазір облыстық әкімдікте арнайы комиссия құрылып, ақ халаттылар арасындағы даудың себебін анықтап жатыр екен. Ал Исмаилов өз тарапынан ешқандай заңсыздыққа жол бермегеніне сенімді. Дөрекі сөйлеп, ешкімнің намысына тимегеніне, анайы сөздер айтпағанына да сендірді. Тек талап қатаң.
Басқарма басшысы мен бас дәрігерлердің қайсысының уәжінің салмағы басым екеніне арнайы құрылған комиссия қаншалықты дәл диогноз қоя алатынын тап басып айту қиын.Әзірге... Әліптің артын бағып, алдағы уақытта бұл тақырыпқа да тағы қалам тартпақпыз. Бізге белгілісі – денсаулық саласындағы даудың ушыққаны, бас дәрігерлердің арасында алауыздықтың пайда болғаны. Жік-жікке бөлінген ақ халаттылардың бірі Исмаиловты жата кеп даттауы, екінші бір топтың басына көтере мақтауы алауыздық емей немене? Ал алауыздық, бірлік болмаған жерде тірліктің қиюы қашатыны белгілі. Дау-жанжалды тоқтатады деген басқарма басшысы Ж.Исмаиловтың керісінше оның ушығуына тікелей өзі себепкер болуы мемлекеттік қызметкерге, үлкен лауазым иесіне лайықты әрекет пе? Ж.Исмаилов бұл қызметінде тағы бір күн, бір апта, бір ай, бәлкім бір жыл отырады ма, орынтағына сағызша жабысуы одан әрі созыла ма, бірақ, түбі қызметтен кететіні анық. Ешкімнің де сатып алған мемлкеттік қызметі жоқ. Сол кезде бұған дейін бұлай «ала қойды бөле қырқып» өзара қырқыспаған, бүгінде уақытша қызметін сыйластықтан да жоғары қойып еріксіз екіге жарылған жергілікті бас дәрігерлердің өзара қарым-қатынасы, бір-біріне деген сый-құрметтері қандай болмақ? Облыс әкімінің сенімін ақтаудың орнына ауыр айыптаулар таққызған басқарма бастығы Жұмағали Исмаилов мырза ең болмағанда осыны неге ойланбайды?
Мұрағаттан: 19.09.2012