Еркін Сатқанбаев: «Ақиқат пікірталастан туады »

Screenshot_5.jpg

Шымкент қалалық мәслихаты тұрақты комиссиясының төрағасы,  №2 кәсіптік лицейдің директоры:

-- Еркін Тұрниязұлы, Сізді озық тәжірибесі мол депутат десек артық айтпағанымыз шығар.  Екі рет облыстық мәслихаттың депутаты болдыңыз. Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығына да осыменен екінші мәрте сайландыңыз. Ұзақ жылдық депутаттық қызметіңізден түйген ой-пікіріңіз қандай? Бүгінгі мәслихаттың жұмысына қандай баға бересіз? 

  --Мәслихаттың жұмысына бір сөзбен баға беру қиын. Бірақ өткен шақ пен бүгінді салыстырғанда ерекшелік көп. Мен облыстық мәслихаттың депутаттығына тоқсаныншы жылдары сайландым. Тексеру комиссиясының төрағасы болдым.  Ол кезде халықтың тұрмысы қазіргіден әлдеқайда қиынырақ еді. Жарық, жылу жоқ, қазынаның қаржысы да аз. Қысқа жіп күрмеуге келмеген сол жылдары мәслихат белсенді қызмет етті. Әлі есімізде, Бердібек Сапарбаев облысты басқарған жылдары жарық, жылу беретін кәсіпорындар қарызға белшесінен батып қалды. Осыған байланысты коммуналдық қызмет көрсететін мекемелерді біріктіру шаралары жүрді. Мұның бәрін қазір тек айтуға оңай. Сол жылдары мәслихат пен атқарушы билік тізе қосып көп тірліктер істеді. Қиындық басқа түскен кезде адамға төзім мен шыдамдылық, ең бастысы ертеңге күнге деген сенім мен ауызбіршілік керек екен. Ол болған жерде шешілмейтін проблема жоқ. Ары тарт та, бері тарт, бойкүйездік пен немкеттілік бар жерден береке кетеді. Өтпелі кезеңнің бізге берген сабағы осы еді. 

Ал бүгінгі жағдай салыстыруға да келмейді. Шымкентті Анарбек Орман басқарған тоқсаныншы жылдары облыс орталығының қазынасы ары барса 3 миллиард теңгеден аспайтын. Ал қазір қарап отырсаңыз, бір жылдың өзінде Шымкентте қаншама мектеп, аурухана салынып жатыр. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша бөлініп жатқан қаржы қаншама. Бірақ бұл енді проблема жоқ, бәрі шешілді деген сөз емес.

Өздеріңізге белгілі, жақында Шымкент қаласының жаңа бас жоспары бекітілді. Қаланың аумағы әлдеқайда ұлғайды. 2015 жылы тұрғындардың саны 1 миллионға жетеді деп отыр. Елбасы Шымкент Қазақстандағы үшінші үлкен қала болуы керек дегенді бірнеше мәрте айтты. Осы бағытта атқарылатын жұмыстардың бағытын белгілеп берді. Қалада әлі қаншама ғимарат салынуы тиіс. Тұрғындардың әлеуметтік мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Осы салада атқарылатын жұмыс шеш-етектен. Жауапкершіліктің бәрін атқарушы биліктің мойнына артып, қарап отыруға болмайды. Жауапкершілік бәрімізге ортақ. 

--Өз сайлаушыларыңыздың артқан сенімін қаншалықты ақтадым деп ойлайсыз?

--Депутаттың жұмысына бағаны беретін сайлаушылардың өздері ғой. Халықтың сенімін арқалау депутатқа зор жауапкершілік жүктейді. Ал, сол сенімді ақтау депутаттың сауаттылығына байланысты. Сайлаушыларға керегі не, ал депутат бұл талап-тілекті қалай шешеді? Қаншалықты шешеді? Депутат сайлаушысына аспандағы айды алып бере алмасы анық. Халық та «үй салып бер, құдығымды қазып бер» деп отырған жоқ. Мұның бәрі де белгіленген қағидаларға сәйкес жүзеге асады. Әркімнің өз өкілеттігі, өзіне жүктелген міндеті  бар. Ол өкілеттіктен асып ешкім ештеңе істей алмайды.   Жуырда мен «Нұр Отан» партиясының алдында депутат ретінде өзімнің есебімді бердім. Сайлау алдында берген уәделерімнің орындалуын баяндадым.  Өзім сайланған аумақтағы халықтың шешілмеген әлеуметтік мәселелерін қозғадым.  Қаладағы «Зеленая балка», «Привокзальная» көшелерінде қордаланған әлеуметтік мәселелер жетіп артылады. Көшелер асфальттенбеген, «көгілдір отын», ауыз судан проблема бар. Көгалдандыру жағы кенжелеп қалған. Кейбір мектептерге келетін жолдың сапасы сын көтермейді. Мұның бәрі де бір күнде шешіле салатын шаруа емес. Бірақ депутат осы мәселені көтеріп, соның шешілуіне ықпал етуі керек. Халық та мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын. Депутат ретінде айтарым, халықтың алдына барудан, талап-тілегін тыңдаудан қашпау керек. 

--Шымкент қалалық мәслихатының осы шақырылымның құрамынан нендей өзгешелік байқайсыз?

-- «Нұр Отан» партиясы бұл жолғы мәслихат сайлауына үлкен дайындықпен келді. Праймеризден өтетін кандидаттарға зор жауапкершілік артты. Бағдарламаларына қатаң түрде талдау жасалды. Қазір де партияның мәслихаттағы фракциясының мүшелерінен есеп алу, жауапкершілігін арттыру шаралары белсенді түрде жүргізіліп келеді.  Сайлау кезінде басқа партияның атынан түскен немесе өзін-өзі ұсынып, жеңіске жеткен депутаттар да болды. Әрине, халықтың жүрегіне жол табу, сеніміне ие болу оңай емес. Сондықтан да мәслихаттың осы шақырылымын жасақтау әділ түрде, шынайы бәсекелестік жағдайында өтті деп ойлаймын. Бұл еліміздің демократияның жаңа белесіне өткенін көрсетті. 

  Осы шақырылымдағы депутаттардың айтар пікірі, көзқарасы әртүрлі. Мәслихатқа да осындай пікір алуандығы қажет. Бұрынғыдай мақтау, мадақтау болмайды деп ойлаймын.  Құрақ ұшып, құр мақтай беруден қашу керек. Өйткені уақыт соны талап етеді.  «Ақиқат пікірталастан туады» деген емес пе?!

 

«Оңтайландырудан үркудің қажеті жоқ»

--Шымкенттің аумағы кеңейіп, халқының саны өсіп келеді. Осыған байланысты жақында қалада тағы бір аудан құрылады деген алып-қашты әңгімелер шығып жатыр. Мәслихаттағы жергілікті өзін-өзі басқару және заңдылықтарды сақтау мәселелері жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде бұған не айтасыз? 

-- Осы уақытқа дейін мәслихатта, депутаттар арасында Шымкенттен тағы бір аудан ашу қажет деген пікір, не ұсыныс айтылған жоқ. Оның айтылатын да жөні жоқ сияқты. Өйткені қалаға Сайрам, Ордабасы, Төлеби аудандарынан өткен елді мекендер облыс орталығымен бұрыннан мидай араласып жатыр. Қаланың кейбір мекемелері бұған дейін де сол елді мекендерге қызмет етіп келген. Алдағы уақытта да қалыпты тіршілік өз арнасымен жүре береді. Әкімдікке жаңадан қосылған елді мекендерді басқару аса қиындық туғызбайды. Әрине, бұл менің жеке ойым.

Жалпы кез-келген мәселені шешудің өз уақыты бар. Жаңадан аудан ашу ол Үкіметтік деңгейде шешілетін мәселе. Егер ол өзекті болса, қажеттілігі сезілсе, Шымкентте жаңа бір ауданның өз алдына енші алып шығуы әбден мүмкін.  

--Дегенмен кейінгі жылдары Шымкенттің үш ауданында ішкі істер бөлімі, прокуратура құрылды. Салық қызметі де үшке бөлінді. Сол сияқты басқаруды жетілдіру үшін қалалық әкімдікке қарайтын кейбір бөлімдерді де үшке бөлу керек деген пікірлердің қылаң беретіні рас...

 --Мұндай ұсыныстар айтылып жатыр және ол орынды деп ойлаймын. Кейінгі жылдары оңтайландыру, тиімділікке көшу деген мәселе жиі қозғалады. Меніңше оңтайландырудан үркудің қажеті жоқ.

 Қаладағы барлық бөлімдерді бас-көз демей  үшке бөлу де керек емес. Барлық нәрсе тиімділікпен таразылануы тиіс. Айталық, білім бөлімін, халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерді үшке бөлудің қажеттілігі жоқ. Өйткені қазір электронды құрылғылардың дамыған кезі. Басшыларға, мектеп директорларына тапсырма, нұсқау берудің тиімді тетіктері қалыптасқан. Ал, халықпен тығыз жұмыс істейтін кейбір бөлімдерді үшке бөлудің уақыты келді. Мәселен, малдәрігерлік қызметті.  Қаланың тазалығына жауапты мекемелерді де үшке бөлу қажет. Жыл санап құрылыс  қарқын алып келеді. Осыған байланысты сәулет бөлімін де әр ауданнан ашу қажет. Шымкенттегі жер бөлуде заңсыздықтардың белең алып кеткені жасырын емес. Бір жерге екі мемлекеттік акті беріліп, азаматтарды өзара таластырып қойған оқиғалар жиі кездесіп жатыр. Осыған байланысты жерге жауапты мекемені де әр ауданнан ашқан дұрыс. Аудандардан ашылған мекемелер орталықтандырылған қалалық бөлімге бағынауы тиіс немесе оны аудан әкімдерінің құзырына беру қажет. Бұдан кейін әлгі мекемелердің де қолдары ұзарады әрі жауапкершілігі артады. Бұл «неге күл-қоқыс уақытылы алынбайды?», «құрылыс, жер неге қадағаланбайды?» деген сансыз сауалдардың азаюына септігі тиеді деп ойлаймын. 

«Икемсіз бала болмайды»

--Ұстаз ретінде қазір сізді не толғандырады?

 --Білімнің сапасы, кәсіпке баулудың кенжелеп қалғаны толғандырады. Қала мектептерінде еңбек етіп келе жатқан  ұстаздардың біліктілігі,  жауапкершілігі төмен деп айта алмаймын. Бірақ жетіспей жатқан, қолға алатын, қозғау салатын мәселелер жетерлік. Өздеріңізге белгілі, білім беруді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданған. Ол бойынша 2015 жылы біз 12 жылдық білім беру жүйесіне көшуіміз керек. 

Жаңа бағдарлама бойынша білім беру бес салаға бөлінді. Олар: мектепке дейінгі білім беру,  жалпы білім беру, кәсіптік білім беру, жоғары білім беру және жоғары білімді жалғастыру. Осының ішінде білімнің іргетасы--жалпы білім беру.  Баланың білім деңгейінің негізі мектепте қалыптасады. Бірақ мектепте балаға білім беріп қана қоймай, кәсіпке баулу керек. Өкінішке қарай, осы жағына көп мән берілмейді.

 Мен Германияда болған кезімде неміс педагогтарының мына бір тәжірибесіне риза болдым. Онда мектеп оқушыларын аптасына бір рет міндетті түрде кәсіпорындарға, мекемелерге апарып тұрады. Не үшін? Баланың кәсіптік білім алуға деген қызығушылығын ояту үшін. Кәсіпорынға барып, жұмысшылармен жүздескен баланың бойында кәсіпке деген көзқарасы, өзіндік түсінігі қалыптасады. Осы тәжірибені бізге неге енгізбеске?! 

Бүгінде мектеп бітірген түлектің көпшілігі бастық болсам дейді. Әрине, бұл да ұмтылыс, мақсат көздеу шығар. Бірақ бастық болу үшін алдымен білікті маман болуы керек емес пе?  Күні ертең, қандай кәсіптің иесі атанасың, оған сенің қарым-қабілетің жете ме, осы жағын бала мектеп партасында отырғанда-ақ шешуі тиіс. Университеттің дипломын алып, бірақ өз салаңның маманы атана алмасаң, сен кімге керексің?! 

Өкінішке қарай, кәсіпке баулудың дұрыс жолға қойылмауынан кәсіптік лицейлерге балалардың көпшілігі құлықсыз, ықылассыз келеді. Жасыратыны жоқ, лицейдің беретін бір мезгіл ыстық тамағы мен азын-аулақ жәрдемақылары үшін келетін тұрмысы төмен отбасылардың балалары да бар.  Соның салдарынан кейбір оқушыларымыз сабаққа келмей қалады. Мұның  арты қып-қызыл айқай-шуға ұласады. Ата-анасына барамыз, әкімге барамыз, полицияның көмегіне жүгінеміз. Бірақ қашанға дейін осылай күн кеше береміз?! Білікті маман атансам деген қызығушылық баланың өз бойында болмаса, басқаның бәрі бос әурешілік қой. Сондықтан кәсіпке баулуды мектептерде 6-7 сыныптардан бастап қолға алу керек. Ештеңеге икемі жоқ бала болмайды. Тек сол баланың қарым-қабілетін ерте бастан байқап, соған лайық білім беру керек. Бұл мектептегі ұстаздардың парызы. 12 жылдық білім беру жүйесіне көшкен кезде бұл мәселе нақты бір жүйеге түседі деп ойлаймын. 

Жалпы білім беру, ұрпақ тәрбиелеу ауыр жұмыс. Ол жемісін бір жылда бере салмайды. Мұхтар Әуезов айтқандай, «Адам мен адамды теңістіретін күш білім». Әрбір жас білім алуды, кәсіп иесі атануды алдына мақсат етіп қоюы тиіс. Бастық болу міндет емес,  кәсіп иесі атану міндет. Абай атамыз айтқандай, өмірге кірпіш болып қалану парыз.  

--Әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңызға табыс тілейміз?

Мұрағаттан: 13.09.2012


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: