Анарбек Орман: Тексерушілер «кемшілік табамын» деп емес «көмек беремін» деп келулері керек

Screenshot_12.jpg

Мемлекет басшысының жуырда жарық көрген «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласы қоғамда үлкен пікірталасқа ие болған маңызды құжатқа айналды. Кеше «Ақжол» Қазақстанның Демократиялық партиясы  облыстық филиалының төрағасы Анарбек Орман баспасөз мәслихатын өткізіп, Президент Н.Назарбаевтың осы тапсырмаларына қатысты мәлімдеме жасады. Елбасының саясатына қолдау білдіре отырып, халықтың игілігін арттыруға бағытталған бірқатар ұтымды ұсыныстар мен орынды пікірлерін ортаға салды. Журналистермен қатар жергілікті атқарушы биліктегілер мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысқан басқосуда «Ақжол» партиясының қатарына жаңадан қосылған мүшелерге салтанатты түрде партбилет табыс етілді. Филиал төрағасы, білікті басшы Анарбек Орманның ұсыныстарын ықшамдап оқырманның назарына ұсынғанды жөн көріп отырмыз.  

 Мемлекет ауыл шаруашылығын дамытуға жан-жақты қолдау көрсету керек деп санаймыз. Соның ішінде ұсақ шаруаларды ірілендіруге көбірек назар аударылуы тиіс. Ірілендірілген шаруашылықтар Үкіметтің тарапынан субсидия, несие, басқа да жәрдемдерді жеңілдікпен алады. Сонымен бірге жаңа техникалар алуға  қол жеткізеді. Шаруашылық жүргізуде жаңа технологияларды пайдалана алады. Ірілендірілген ұжым төрағаларын тағайындағанда немесе сайлағанда қоғамдық пікірмен санасу тәжірибесін енгізу керек.

Жайылым, суат мәселелерін жергілікті билік оңтайландыруы тиіс. Егістіктерге су бөлуде белгіленген кесте сақталуын қадағалаған жөн. Жері қуаң, суы жоқ жайылымдарды құнарландыру қарастырылғаны дұрыс. Мемлекет тарапынан жайылымдарға құдық қазып берілуі тиіс.

Шағын несиелер бөлу. Шағын несиелер шаруаларға ұзақ мерзімге (10-15 жыл) пайызсыз берілуі тиіс. Шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер, ірілендірілген ұжымдар жұмыстарын сонда ғана жолға қоя алады.

Еңбек қатынастары саласындағы қарама-қайшылықтарды реттеудің тиімді көп деңгейлі тетіктерін құру қажет. Еңбек дауларын шешу үшін кәсіпорындарда өндірістік кеңестер ұйымдастырған жөн. Оның құрамына жұмысшы, қызметкерлермен бірге кәсіподақ ұйымдарының өкілдері көптеп тартылуы тиіс. Осы ретте кәсіподақ ұйымдарының беделін көтеруге күш салу керек. Ұжымдық келісім мен еңбек шарттарының орындалуы, оларды жақсартудың көптеген мәселелері шешімін тауып жатуы тиіс.

Жұмысын жаңа бастаған кәсіпорындар, ЖШС, жеке кәсіпкерлерді үш жылға дейін салықтан босату керек. Тексеруші, қадағалаушы органдарды олар қорқынышпен емес, қуана қарсы алатындай жағдайға жету қажет. Тексерушілер «кемшілік табамын» деп емес, «көмек беремін» деп келулері керек. Қадағалаушылар, бақылаушылар, тексерушілер белгілі бір жұмыс орындарына  әдістемелік көмек көрсетулері тиіс. «Шаш ал десе бас алатын» көзқарастан арылғанымыз абзал. Егер кәсіпорын немесе өндіріс орны жыл сайын өнімділікті арттырып, жұмыс орындарын көбейтіп жатса оларды салықтан уақытша босату керек. Есесіне, қуаттылығы артқан кәсіпорын мемлекетке ертең салықты молынан төлейтін болады.

Елбасы корпоративті салықты 30 пайыздан 20 пайызға түсірді. Міне, осы кезде мемлекетке салық бұрынғыдан анағұрлым көп түсті. Егер кәсіпорын табысының 10 пайызын өндірісін көбейтуге жұмсаса, жаңа техникалар алса, салықты 10 пайызға кеміту керек. Міне, сонда тауар сапасы жақсарады. Салық та көбірек түседі.

Елбасының тоғызыншы тапсырмасына орай біз мына төмендегілерді ұсынамыз:

–Өмір сапасының қазақстандық үлгі-қалыбын әрбір отбасы өзінен бастау керек;

–Әрбір азамат өзі туып-өскен жерді, ауылды сүюі керек;

–Әрбір ауыл тазалықтың, көркеюдің, тәртіптіліктің үлгісіне айналуы керек;

–Құнтты қожайын өзі тұрған ауылдың тазалығын, көркеюін үнемі бақылауға алсын;

–Ауыл әкімдері үгіт-насихат жұмыстарын жандандырып, күл-қоқысты сыртқа, белгіленген орынға тастау керектігі жөнінде түсіндіру жұмыстарынан тыс арнайы жәшіктер әзірлеуге көмектесулері керек. Қоқыс жәшігін сыртқа тасымалдайтын автокөліктер ұйымдастыру ісі де ауыл әкімінің тікелей борышы деп табылсын. Ауыл әкімдері көктемнің бір күнін жаппай ағаш отырғызу күні деп белгілегені дұрыс.

Саналы өмір – сапалы табыс. Бұл орайда төмендегідей жұмыстар жасалынуы керек деп санаймыз:

–Әлеуметтік дүбәралыққа жол бермеу және өмір сапасын ұдайы арттыру үшін әлеуметтік үлгі-қалыптар мен кепілдіктер туралы заңнама жалпыхалықтық талқылаудан өткені жөн;

–Даңғазалық пен парақорлыққа қарсы жалпыхалықтық бастама көтеру керек;

а).Тойлардың шығын көлемін шектеу;

в).Осы істерге зиялы қауым өкілдерін жұмылдыру;

г). Ауыл ақсақалдары мен депутаттарды тарту;

д).Той кортеждерінің санын шектеу;

ж).Тойдан үнемделген қаржы жастардың жеке есеп-шотына салынса немесе жетім-жесірлерге берілсе;

з).Тойды кешкі 19.00-ден кешіктірмей бастап, 23.00-ден кешіктірмей аяқтау (мұның өзі Үкімет қаулысымен бекітілген);

к).Ақсақалдар тойдың ұлттық мазмұнда өтуін қадағаласын;

е).Тойды жас ерекшеліктерін ескере отырып жеке өткізу;

м).Үлкендер үшін той алдында күндіз ауыл тойы өткізілсе.

Ұлттық құндылықтарды ұлықтау.

а).Мазарлар мен бейіттерді аяқасты етпеу;

б).Еске алу күнін белгілеу;

в).Мазараттарды тәртіпке келтіру;

г).Зираттарды көгалдандыру;

д).Қорымдарға біркелкі көктас қою.

«Қолжетімді тұрғын үй – 2020» және ТКШ-ны жаңғырту» бағдарламасы бойынша мыналарды ұсынамыз:

–халықтың күнкөрісі төмен топтары және жас отбасылар үшін әлеуметтік тұрғын үй салуды қоса алғанда, нарықтың құнынан төмен бағамен салынатын немесе жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үй құрылысын ұлғайту;

–құрылыс салушыларға этикалық тұрғын үй құрылысына жер учаскесін бөлген кезде табыс деңгейі жоғары емес халық үшін сол деңгейде әлеуметтік тұрғын үй алаңын салу міндетін жүктеу;

–жаңа шағынаудандар салар алдында инфрақұрылымдарды алдын-ала бекіту;

–қауіпті аймақтар мен канал, өзен жағаларынан тұрғын үй үшін жер учаскелерін беруді тоқтату;

–ипотекалық кредитпен тұрғын үй сатып алған азаматтардың құқықтары мен меншігін жосықсыз банктердің озбырлығынан қорғау;

Қолжетімді білім.

–«Ақ жол» ҚДП ОҚО филиалы барлық жоғары оқу орындарындағы ақылы білім жүйелерінің бағасын жылдан-жылға кемітуді ұсынады.

Ғалымдар ғылыми жаңалықтарын студенттермен бірге өндіріс орындарына енгізулері тиіс. Ал, сол өндіріс орындарына түскен пайданың жартысын ғылыми жаңалық енгізген университетке, институтқа аудару керек. Сонда ЖОО студенттердің қалталарына түспейтін болады.

Балалар бақшалары туралы.

–жекеменшік балалар бақшаларына Үкімет тарапынан көмек көрсету;

а).Егер балалар бақшасы бір бала үшін айына 30 мың теңге алатын болса, оның 50 пайызын мемлекеттен төлеу;

б).Жекеменшік балалар бақшасын салушыларға мемлекет тарапынан көмек көрсету.

Мұрағаттан: 19.07.2012


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: