Шымкентте жаңа әкімшілік-іскерлік орталық салудың дауы өршіп тұр

Screenshot_15.jpg

Шымкент шаһарында жаңа әкімшілік-іскерлік  орталық салынатыны жайлы әңгіме шыққалы бері жергілікті тұрғындардың көңіл-күйі мың құбылды. Бастапқыда «миллионыншы тұрғыны бар  қалада заманауи үлгідегі орталықтың болуы заңды да» деп көпшілік бірауыздан бұл бастамаға қолдау білдірген.  Елбасының өзі Қазақстандағы үшінші үлкен қала болуы тиіс деп атап кеткен Шымкенттің келбетін жаңартуға үлес қосатын жобаны жүзеге асыруға бюджеттен алдын-ала қаражат та қаралып қойған. Алғашқы келіспеулішіктер жаңа орталықтың орнын белгілеу кезінде туындады. Әуелгіде жаңа ғимараттар «Тұран» мөлтекауданында бой көтереді деген әңгімелер айтылғанымен, сәулетшілер ұсынған үш нұсқа талқыға түсіп, нәтижесінде таңдау  «Нұрсәт» мөлтекауданына түсті. Алайда, облыстық мәслихаттың бір топ депутаттары сессияда мәселе көтеріп, әкімшілік-іскерлік орталықтың «Тұран» мөлтекауданында орналасу қажеттігін дәлелдеуге тырысты. Себебі, алдыңғы жылдарда бюджеттен қаржы бөлініп, сол аумақтың жобалау жұмыстары жүргізіліп қойған екен. Дегенмен, билік өкілдері «Нұрсәттің» артықшылықтарын алға тартып, табандап тұрып алды. Шенеуніктердің пайымдауынша, бұл шешімнің  ең ұтымды тұстары - қазіргі орталыққа мейлінше жақын орналасуы, инженерлік коммуникацияларды тартуға кететін шығындардың салыстырмалы түрде аздығы екен. Ал көптен бері коммуналдық мәселелер шешілмей келе жатқан «Қайтпас» пен «Нұртас» мөлтекаудандарының тұрғындары «жаңа орталық жақындай түссе біздің де жағдайымыз жақсарар» деп қуанып жатты.  Бірақ... 

 Жуырда  жаңа әкімшілік орталықты салу мақсатында жер телімдерін мемлекетке қайтару туралы Шымкент қаласы әкімінің қаулысы  жұртшылықты дүрліктіріп жіберді. Жергілікті баспасөзде жарық көрген бұл тізімге    «Қайтпас-1», «Мирас» (бұрынғы «Пахтакор»), «Нұртас»  мөлтекаудандарындағы 1300 жер телімі енгізіліпті. Мұны естіген тұрғындар төбесінен жай түскендей күй кешті. Рас, «Метро» сауда үйінің артқы жағында бос жатқан жерлер аз емес. Әйткенмен, «қара тізімге» жүздеген тұрғын үйлер бар аумақтың еніп  кеткені көпшілікті есеңгіретіп тастады. Баспанадан айырылу оңай ма? Тып-тыныш қана өмір сүріп жатқан халық  ұлардай шулап, әп-сәтте азан-қазан болды. Кешегі қуаныш бүгінгі үрейге ұласты. Жер-жерде стихиялы түрде жиындар өте бастады. «Қара тізімнен» өз аты-жөнін тапқандар ашу-ызасын жасыра алмай, наразылықтарын білдірді. Кездесуге келген билік өкілдері тиісті өтемақының берілетінін алға тартқанымен, жұрттың қарсылығы  тек күшейе түсті.  Үйлер бұзылған жағдайда өтемақының дұрыс берілетініне көпшілік күмәнмен қарайтынын жасырмай айтты.  Құрылыс материалдарының құны шығарылғанымен, үй иесінің моральдық шығыны, олардың талай уақыт бойы қиындық көріп, еңбек еткенінің  өтеуі әдетте қараусыз қалып кететіні бар. 

- Баспана салуға соңғы тиын-тебенімізді жұмсадық, қанша еңбегіміз кетті. Біздің үйлерімізді бұзып, орнына әкімдік ғимараты, киноконцерт залы  салынбақшы екен. Ал біздің жағдайымызды кім ойлады? Айналада бос жатқан жер аз ба? Соларды игеріп алсын», - деп ашуын жасырмайды «Мирас» мөлтекауданының тұрғыны Ұлжалғас Жорабекова.   Бұл пікірді «қара тізімге» іліккен тұрғындардың барлығы дерлік қолдайды.

Қаулыда «жерді мемлекеттің меншігіне өткізу үш ай ішінде жүзеге асырылсын» деп анық көрсетілуі тұрғындарды мүлдем естен тандырды. Бүгін-ертең далада қалатынын ойлағандар не істерін білмей дал. Баспанасын үрей ұялаған олар үйінен де айрылып, өтемақыны да ала алмай сорлап қаламыз ба деп жанын шүберекке түйіп отыр. 

 

Сіз не дейсіз?

Нұрлан Архабаев, Шымкент қалалық сәулет және қалақұрылысы бөлімінің меңгерушісі:

«Қаулыға өзгеріс енгізуді көздеп отырмыз»

- Біздің мамандар  барлық тұрғындарға ескертулерді алдын-ала таратып жіберіпті.  Дәл қазір барып үйлерді бұзайын деп жатқан ешкім жоқ. Рас, қаулыда жерді мемлекет меншігіне алу  үш  ай ішінде жүргізіледі деп жазылған. Бұдан соң жұрт қалай шошымайды? Ал шын мәнінде үш  ай ішінде сол аумақтағы жер телімдерінің барлығын алу мүмкін емес. Оған қаржы да, уақыт та, біздің мүмкіндігіміз де жетпейді. Сондықтан,  бұл мәселені қайта қарауымыз қажет. Жуырда мамандар әкімшілік-іскерлік орталық түсетін аумақты аралап шығып, нәтижесінде бірінші кезекте бос жерлерді алу керек деген тоқтамға келдік. Үй салынбаған жерді кері өндіріп алу аса қиын емес.  Бұл ретте заң талаптарына сәйкес шара қолдансақ та жарасады. Себебі, Жер кодексінде екі жыл ішінде игерілмеген жер телімі  қайтарып алуға жататыны анық көрсетілген. Ол ол ма, бір адамның атында он шақты, тіпті 20-дан астам жер телімдері тіркелген жайттарға да тап болдық. Ал баспана мәселесіне келсек, Қаулыға тұрғын үйлер  түсіп кеткен аумақты шегеріп тастау туралы  өзгеріс енгізу көзделіп отыр.

 - Дегенмен, болашақта сол тұрғын үйлер бәрібір бұзылады емес пе?

- Дәл қазір оны анық ешкім айта алмайды. Алғашқы кезеңдегі құрылыс жұмыстары 2015 жылға дейін есептелген. Мұндағы нысандар пайдалануға берілген соң барып екінші кезеңге көшеміз. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталық болғандықтан, бұл аумаққа болашақта түрлі бизнес нысандары, көпқабатты зәулім үйлер, мейманханалар салынуы тиіс. Демек, берілетін өтемақы көлемі де тәп-тәуір өсуі мүмкін. Сондықтан, дүрлігіп, қорқудың қажеті жоқ.

- Құжатын рәсімдеп үлгермегендердің тағдыры не болмақ?

- Олардың қорқуына ешқандай себеп жоқ, құжаттарды толық реттеуге уақыт беріледі. Дегенмен, ескертуді алған бойда көбірек өтемақы алу мақсатында тез арада үй соғуға әрекеттеніп жатқандар да жоқ емес. Олардыкі бос әуре.

 

Ерлан Нұрмаханов, облыстық мәслихаттың депутаты:

«Ескертуімізге құлақ аспады»

- Бұл мәселеге қатысты маған сайлаушылар хабарласуда. Кезінде бірнеше депутат болып жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың «Нұрсәтте» орналасуына қарсы болғанбыз. «Ол аумақта  қаншама үйлер соғылып қойған, жер телімдері жекеменшікке беріліп кеткен. Халық ертең наразылық білдіреді. Одан да жаңа орталықтың орнын «Тұран» мөлтекауданына ауыстырған жөн, онда игерілмеген жер телімдері жетіп артылады», деп алдын-ала ескерткенбіз. Атқарушы билік бұған құлақ аспай, «Нұрсәт» экономикалық тұрғыдан алғанда тиімдірек» деп айтқанынан қайтпай тұрып алды. Қазір осы проблемаға ұрынып отыр. Бастапқыда жоспар 375 гектар жерге жасалған. Бірақ, мұндай көлемдегі жер телімдерін кері қайтарып алуға бюджеттің қаржысы жоқ. Сондықтан бастапқы ұсыныс  90 гектарға дейін азайған еді. Бірақ, қаржы тапшылығы барын біле тұра жұрттың барлығына ескертпе  таратып, жағдайды тым ушықтырып жібергенін өз басым түсіне алмай отырмын. Қаншама адам, қаншама отбасы... олардың тағдырымен осылайша  ойнауға бола ма? Бәлкім, қазір бос жатқан жерге жаңа үйлер салынып кетпесін деген ойы болар. Қалай дегенмен, асығыс тірлікке жол берген атқарушы билік енді талай проблеманы шешуге мәжбүр болады.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: