Өзбекстанның Білім министрлігі студенттерді интернетті байқап пайдалануға, арнайы бір уақытта суға шомылып, шуламай ас ішуге міндеттейтін жаңа ереже шығарды. Құжатта «Бұл ережелер жоғары оқу орындарының барлық мүшелерінің этикалық тұтастығын қалыпқа келтіріп ұстап тұру үшін және оны қорғау үшін таныстырылып жатыр» деп жазылған. Мәтінге сәйкес бұл құжат «студенттерді есірткілік заттар мен алькогольдік ішімдікке құмар болып азғындаудан, сонымен қатар бұқаралық (қарабайыр) мәдениет пен діни экстремизмнің қауіп-қатерінен сақтайды».
«Студенттер көшенің оң жағымен жүруі тиіс. Олар келесі тәртіппен сәлемдессін: ерлер әйелдермен бірінші болып сәлемдеседі; жасы кіші студент жасы үлкен студентке сәлем беруі керек» дейді Ереженің бір бабында.
Ереженің басқа да баптарынан әлемдегі ең репрессивті елдердің бірі болып отырған Өзбекстан үкіметінің студенттердің онсыз да шектелген ой еркіндігін одан ары шектей түсуді көздегені көрініп тұр.
«Жоғары оқу орнының ішкі проблемаларына қатысы жоқ немесе ұлттық құндылықтарға үйлеспейтін материалдарды интернетте жариялауға тыйым салынған», дейді ережеде. Тағы бір бапта: «жоғары оқу орнына қатысы жоқ әртүрлі материалдарды жариялауға, сақтауға және компьютер арқылы таратуға үзілді-кесілді тыйым салынады» деп жазылған.
Өзбекстан университеттерінің «ішкі асханасына» қатысты материалдардың интернетке жариялануы да қатаң түрде қадағаланады. Бақылаудың күшейтілуі былтыр өзбек студенттерінің YouTube-ке профессордың студентті сабағаны мен студенттің профессорды ұрғаны туралы бейнематериалды жариялап жібергеніне байланысты болса керек.
Өзбекстан университеттерінде тек қана еркін ақпараттардың жолдары жабылып жатқан жоқ. Жаңаша бақылау ережесі студенттердің күнделікті тіршілігіндегі көптеген ұсақ-түйек іс-қимылдың бәрін қатаң қадағалау арқылы жастарды барынша енжар қалыпта ұстауды мақсат тұтады. Үкіметтіегі оқу-ағарту саласына басшылық жасайтын шенеуніктер студенттерге арналған нұсқауларына дәретханаға сұрану мен дыбыссыз тамақ ішу тәртібіне қатысты да ескертулер енгізбекші.
Мұрағаттан, 03.05.2012 ж