Мешітіңіз кімнің атында?

Screenshot_22.jpg

Қаттанидің кім болғанын мешіттің наиб имамының өзі білмесе, өзгелерге не дейсіз? 

Елбасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында біршама қатқыл сөйледі.  Каникулдан оралып, арқа бастары біраз босап қалған халық қалаулыларына діни қызмет пен діни ұйымдар туралы заңды қарау міндеті тұрғанын ескертті. «Енді кешіктіруге болмайды» деп қадап айтты. 

Діни ахуалға келгенде қолымызды кеш сермеп қалғанымызды енді мойындамасқа амал қанша? Теріс ағымның жетегінде жүрген «тентектерді» тым тайраңдатып жібергенімізді жасырып қайтеміз?! Оған Ақтөбе облысының Шұбарши ауылындағы және Атырау облысында жуырда болған, бірнеше адам өліміне ұласып жатқан  дүркін-дүркін келеңсіз оқиғалар куә. Қарапайым халық арасында да терроризм мен экстремизм тақырыбы күйіп тұр. Базбір сарапшылар Қазақстандағы  терроризм мен экстремизмге қатысты үрейлі болжамдарын да жасап үлгерді. Жуырда АҚШ-тың бізді терроршыларға қатысты «қара тізімге» енгізіп жібергені тағы бар... 

 Батыстағы жағдайдан кейін құқық қорғау органдарының батыл қимылға көшкені байқалады.  Ана жерде, мына жерде терроршыларды тұтқындау, ұйымдасқан діни топтарды талқандау шаралары қызу жүріп жатыр. Жақында өзіміздің туып-өскен жерімізге барғанымызда ауыл молдасының арнаулы органдардың «жұма намазға қанша адам тұрады?», «ауылда сақал қойып жүрген жігіттер бар ма?» деген сауалмен жиі мазалап жатқанын айтты. Өзбекстандағыдай сақал қоюға тыйым салынып, қарапайым мешітке баруға, халық намаз оқуға да қорқатын заман туар ма екен әлі, Құдай бетін аулақ қылсын дейік әйтеуір!   

Бүгінде облыста бас-аяғы мыңнан аса мектеп болса, мешіттердің саны 800-ден асып жығылады екен. Осының өзінен-ақ соңғы 15 жылдың көлемінде мешіт салудың әжептәуір қарқын алғанын байқауға болады. Дәл қазір республикадағы барлық мешіттердің үштен бірі оңтүстікте орналасқан екен. Әрине, мешіт неге көп деп  күпірлік танытып отырған жайымыз жоқ.    Мұсылманшылықта, шариғатта мешіт салу сауапты іс. Мешіт көбейсін, имандылық көбейсін! Әңгіме сол мешіттерді кім, қандай мақсатпен салып жатқандығында ғой. 

Облыс көлеміндегі барлық мешіттер жергілікті халықтың көмегімен немесе қалталы азаматтардың жеке қаржысымен тұрғызылды. Алысқа бармай-ақ биылғы жазда есімі елге белгілі азамат, президенттің құдасы Асқар Құлыбаев Отырар ауданында «Арыстан баб» мешітін тұрғызып беріп, елдің алғысын алды. Бұрын облысымыздың әкімі болған Қалық Абдуллаевтың туған жері Төле би ауданында екі бірдей мешіт салып бергенін білеміз, тағысын тағылар.  Өздері Алматы, Астанада үлкен қызметке, үлкен бизнесте жүрсе де туған жер алдындағы парызын ұмытпай, мешіт тұрғызғандар да жетерлік. Олардың ас та төк ас өткізіп, көкпар шаптырып, теледидардан күнде көрсететін әншілерді шақырып, мешіттің ашылуын дүркіретіп өткізгеніне де куә болғанымыз бар. Атасының, болмаса бабасының әруағын бір аунатып алуға құмартқан  қалталылар арасында мешіт салуды  мәртебеге айналдырып, бір-бірімен жарысқа түсу сияқты шариғатқа жат әдеттерге де жол бергенін де мойындау керек шығар.  

 Қалталылар демекші, мешіт салған азаматтардың арасында кімдер жоқ дейсіз?! Бизнесмендер де, мемлекеттік қызметте жүрген шенеуніктер де, тіпті қылмыс әлемінде атақ-даңқы белгілі «авторитеттер»  де бар. Шенеунік отбасын асыраудан артылмайтын айлық-жалақысымен зәулім мешіт салдырды дегенге кісі илана ма? Мешітке жұмсалған қаржының түбі халал ма?  Оны айтасыз, Аллаға құлшылық үйін қылмыс әлеміне қатысы бар азаматтар салып жүргенін көргенде еріксіз  екіұдай күйде қаласың. Қанша дегенмен адамды бопсалаумен, зорлық-зомбылық көрсетумен, оған көнбесе өлтіріп те тастаудан тайынбайтындардың арам ақшасына Алланың үйін салу, адалдыққа, имандылыққа шақыратын ислам ілімінің тағлымымен тәрбиелеу арға сия ма? Әрі мешіт салған жомарт жүректі атанған, қылмыс әлеміндегі сондай «авторитеттердің» бірі  Шымкенттегі мешіттердің бірінде кісі қанын мойнына жүктеуден шімірікпей, жұртқа жаға ұстатқанын қалай ұмытарсың? Бұған не дейсіз?.. Жарайды, мешіт салынды, елдің игілігіне берілді, ол ақша адал жолмен табылды ма, әлде біреудің көз жасымен, наласымен келген немесе  зорлықпен тартып алынған қаржы ма, оған ши жүргіртудің енді жөні жоқ. Ниет қабыл болсын дейік, бәріне тек бір Алла төреші ғой. 

Айтқандай, ұмытып барады екенбіз, облыста әлдебір тірлігі күмән келтіретін түсініксіз қайырымдылық ұйымдардың демеушілігімен салынған мешіттер де бар болып шықты. Осыдан бірнеше жыл бұрын осындай қайырымдылық қорының қаржысымен салынған мешіт ниеті бұзық, пиғылы теріс дәстүрлі емес дін өкілдерінің ордасына айналып, діни басқармаға бағынғысы келмей, намаз оқуда «бүйректен сирақ» шығарғаны есімізге түсті. Гәптің қайда жатқанын енді ұққандай болдық.     

Мешіттерге атау беруде ежелден қалыптасқан үлгі жоқ. Бертінде де мұның тәртібін белгілеп, хаттап қою да ешкімнің ойына келмеген сияқты. Облыстағы мешіттердің көпшілігі кісі есімдерімен аталады. Ол сол мешітті салған кәсіпкердің әкесінің немесе атасының есімі екенін айтпай-ақ түсінуге болады. Бірақ сол ата-бабасының кім екенін ауыл тұрғындары айтып бере алса жақсы, ал «кім еді?» деп күмілжи қалса, ұят алдымен сол мешітті салдырған азаматтың өзіне келеді емес пе? Бірақ салған мешітіне елге белгісіз әкесінің, болмаса бабасының  есімін қойып, бұдан ұялып жүрген танымал азаматты көрмедік.  

Бір қызығы,  Шымкентте есімі араб па, әлде парсы ма әйтеуір тілімізді зорға келтіретін мешіт атаулары да көп кездеседі екен. Мәселен, алысқа бармай-ақ есімі облыстың бас мешіті есептелетін  Алла үйіне есімі берілген Абдул Хамит Қаттани кім? Қай елдің азаматы? Осы сауалға жауап табу үшін облыс имамы Бейбіт Мырзагелдиевтің қабылдауына барғанбыз. Бірақ бас имам өзі сөйлеспей хатшы жігіті арқылы бізді найб имамдарының біріне жолдады. Бас имаммның мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың өзі көтерген мәселе бойынша пікір сұрауға келіспегеніне, халыққа түсіндіру жұмысын жүргізуден қашқақтағанына ептеп қынжылғанымыз да жасырын емес. Ал найб имам Бегайдар Қымбатов қойған сауалымызға: 

--Бұл мешіт құрылысы 1997 жылы біткен. Мешітті Абдул Хамимт Қаттани деген араб елдерінің бір азаматы салдырған дейді. Мен өзі басым бұл мешітке 2006 жылы келдім.  Оның кім екенін білмеймін. Кезінде салған, кеткен.  Арабтармен ешқандай қарым-қатынасымыз жоқ,--деген жауап берді. Осылайша облыстың бас мешітіне есімі берілген азаматтың кім екенін, оны есімі мешітке не үшін берілгеніне жауап таба алмай қайттық. Оны басқа-басқа сол мешіттегі найб имамның өзі білмейтініне не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. 

Осыдан кейін кезінде аталған мешітте имамдық еткен, дінтанушы-ғалым, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі Абдулла қажы Жолдасовпен хабарластық. Абдулла қажының айтуынша, Абдул Хамит Қаттани өткен ғасырда осы өңірде туып-өскен азамат екен.  Жиырмасыншы-отызыншы жылдары бай-молдалар қуғын-сүргінге ұшыраған кезде ол шет елге бас сауғалауға мәжбүр болып, тағдыр талайымен Сауд Арабиясынан пана тауыпты. Сол елде жүріп Каттани деген фамилияны алған. Каттани деген сөздің түбі арабша емес, ол ағылшынша «cotton», яғни  «мақта» деген сөзден алынған екен. Өйткені Каттанидің әулеті мақташылықпен айналысқан көрінеді. Дәулетті, бай-бақуатты ғұмыр кешкен қария көзі тірісінде «еліме бір мешіт салып берсем» деп армандапты. Бірақ Қызыл империяның тұсында ол қайдан жүзеге аса қойсын? Қария арманына жете алмай, шамамен алпысыншы жылдары дүниеден өтеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін Абдул Хамид ақсақалдың өсиетін ұлдары орындап, Шымкентте осы мешітті салып беріпті. Мешіт құрылысына өзбекстандық Нұғман Ташканди деген азамат жетекшілік етіпті. Құрылыс біткеннен кейін Абдул Хамид ақсақалдың ұлдары мешітті арнайы келіп көріп ті. Қазір олар Сауд Арабиясындағы Медине қаласында тұратын көрінеді.

Облыс орталығында Имам Ағзам, Әл-Біләл, Хазреті Али, Халифа Омар сияқты сахаба, халиф болған ірі тұлғалардың есімін иеленген мешіттер де бар.  Орта Азиядан шыққан ірі ғұлама Абу Райхан Берунидің есімін еншілеген мешіт барын да білдік. Алайда «Қожимат мулла солих», «Эмен қажы», «Исамиддин баба», «Насруддин-баба», «Хожимат домла», Назармат-ата», «Муаз ибн Жабал» сияқты өзгеге қайдам өз басымыз қанша ойлансақ та тани алмаған кісі есімдерін де көрдік. Тіпті «Абдууахаб» зәбия мешіті (кейбір мәліметтерде «Абдууахап-ата») деген атауды да кездестірдік. Сонда бұл қай Уахаб? Ол кімнің есімі, қай елдің азаматы? Осы мәселенің ақ-қарасын білу үшін Дәуітұлы Шыңғысбай қажы  атындағы мешіттің  қызметкерлерінен там-тұмдап сұрап білуге талпындық.  

-- «Эмен қажы», «Исамиддин баба», «Насруддин-баба» «Хожимат домла», Назармат-ата» бәлкім сол мешітті салдырған азаматтардың ата-бабалары немесе ғұламалар болуы мүмкін,-- деді бізге кезекші имам. Ал «Абдууахабтың» кім екеніне келгенде ол ойланып қалды. Оның айтуынша, «Уаххаб» деген Алланың аты. Бұдан арысын нақты білмейді. Абдууахаб пайғамбарымыздың сахабаларының бірінің есімі ме, ғұлама ма, әлде мешітті салған демеушінің бабасы ма, ол жағы беймәлім болып қалды. Сонда дін өкілдерінің өздері де білмейтін атауларды мешітке беруден ұтқанымыз қайсы, ұтылғанымыз қайсы? 

Мешіт қасиетті орын. Сондықтан Алланың үйіне көпшілікке таныс қасиетті тұлғалардың есімін неге бермеске? Мәселен Тараздағы орталық мешіт  Хибатулла Таразидің есімімен аталады екен. Ол Тараз өңірінен шыққан атақты ғұлама. Қызылорда облыстық орталық мешіт «Ақмешіт-Сырдария», Павлодардағы орталық мешіт Мәшһүр Жүсіптің есімін еншілеген. Ал бізде ше? Күні ертең құрылысы біраз уақытқа созылған «Бекжан» базарына қарсы бетте Біріккен Араб Әмірлігінің марқұм болып кеткен президенті Нахаянның атындағы қордың демеушілігімен салынып жатқан мешіт (келешектегі облыстың бас мешіті) пайдалануға берілсе, оған да көзді жұмып, әйтеуір жергілікті халық танып-білмейтін тұлғаның есімін бере саламыз ба? Жоғарыдағылардың өздері жетекке жүре берсе, кейінгі жастарға не айтпақ?  

Сіз не дейсіз?

Абдулла қажы Жолдасов, дінтанушы-ғалым, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы ғұламалар кеңесінің мүшесі:

Мешітті Алланың ризашылығы үшін салған адам ат қоюға таласпасын

--Муаз ибн Жабалдың пайғамбарымыздың сахабасы болғаны рас. Біләл пайғамбарымыздың азаншысы болған.  Ал Абдууахаб  шамамен 18 ғасырдың екінші жартысында уахабшылардың мемлекетін құрған адамның бірі. Уахабшылардың идеялық құруы боған кісі. Егер айтып отырғаныңыз сол Уахаб болса. Басқа уахабты білмедім. 

Мешітте қалталылар бір Алланың ризашылығы үшін салған болса, онда оған ат беруге таласпасын. Талап қоймасын. Кімнің атын беруді халық шешсін. Мешітке есімі берілетін адамның елге еңбегі сіңген болуы керек. 

--Ал, сахабалардың есімін беруге қалай қарайсыз?

--Егер елге таныс сахабаның есімі болса қоюға болады. Пайғабарымыздың мыңдаған сахабалары болған. Егер есімі елге таныс болмаса керегі қанша? Мешіт атауы қазақы ұғымға сәйкес, көңілге қонымды болғаны дұрыс қой. 

Oinet.kz мұрағатынан

 


  


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: