Тендерлік саясат пен гендерлік саясат. Тендерлік саясаттың қызығы мен шыжығы жайлы мақалалар «Рейтинг» газетінде тұрақты түрде жарияланып жүр. Бұл жолы гендерлік саясат төңірегінде әңгіме қозғауға тура келіп тұр. Бұған күні кеше облыс әкімінің бұйрығымен облыстық білім басқармасының басшылығына Альбина Елшиеваның тағайындалуы тікелей септігін тигізді. Сынға жиі ілігіп кеткен бұрынғы басшы Мырзабек Туғанбаевтың қызметінен ақыры босайтыны құпия болмағанымен дәл осы орынтаққа Альбина Елшиеваның отыратынын елдің ойламағаны анық. Бәлкім, оның бойында жұрт білмейтін таланты, басқарушылық қабілеті бар да шығар. Дей тұрсақ та «білім басқармасына осы салаға ешбір қатысы жоқ адамның бастық болып тағайындалуын» қазір ел тереңінен талқылауға жаппай кірісіп кетті. (Сірә, бұл тосын тағайындауға Альбинаның өзі де іштей аң-таң ба, кім білсін?).
А.Елшиева өссе спорт басқармасында өсуі мүмкін еді. Соңғы жылдары гинеколог болмады демесеңіз, зоотехник, математик, құрылысшы сияқты өзге мамандық иелері шетінен басқарған спорт басқармасын экономист-заңгер билеп-төстей алмайды деп кім айтты? Оның үстіне, әкесі Балғабай Елшиев осы салада көптен бері басшылықтың тізгінін ұстап жүрген азамат, сөзін өткізе алатын тамыр-таныстары жоқ емес. Алғашқы жоспар солай болған да шығар. 1999 жылы халықаралық экономикалық қатынастар мамандығы бойынша оқуын бітірген соң бастапқы еңбек жолы туризм және спорт департаментінің бас мамандығынан басталды. Арада жылдар өткенде Альбина мамандығына сәйкес сыртқы экономикалық байланыстар және инвестициялар басқармасына ауысқанымен көп ұзамай мұндай мекеменің қажеттілігі жоқтықтан таратылып тынды. Дегенмен Елшиева ханым жерде қалмай карьерасы облыс әкімінің аппаратында жалғасты. Жетекші маманнан бас инспекторға дейін өскен ол екі-үш жыл бұрын аппарат басшысының орынбасары болды. Әрі экономист әрі заңгер Альбина Елшиеваның енді күтпеген жерден білім басқармасына «ұзатылуының» себебі неде? Әлде білім саласын сыбайлас жемқорлық жағынан көш бастаудан көз ашпайтын масқаралықтан экономист-заңгер Елшиева құтқарады деген үкілі үміт артылып отыр ма?
Жалпы, ерінбей саусақ санап есептеп көрсек бұрынғы облыс әкімдерінің тұсында облыстық басқармалардың бірінші басшылығына тағайындалған әйел басшылардың саны әдетте 2-3-ден аспайтын. Мырзахметовке дейінгі облыс әкімдері бір орынбасарын әйел адамнан жасақтайтын. Қазір облыстық басқармалардың басшылығындағы әйелдерді санасақ бес саусақ бірдей бүгілуі осы олқылықтың орнын толтырған тәрізді.
Айтпақшы облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұрын-соңды әйел атаулы әмірін жүргізіп көрмеген облыстық құрылыс басқармасына Альмира Орманчинаны басшылыққа бекіткенде де ел осылайша бір дүрлігіп басылған еді. Тендерлік саясаттың қазаны қашанда бұрқ-сарқ қайнауы басылмайтын құрылыс басқармасын басқарып келе жатқан Альмира Орманшина гендердің саясаттың ұпайын да түгелдеп отыр.
Альмирасы әне, енді Альбинасы міне...
Oinet.kz мұрағатынан