Әкелі-балалы Айтахановтардың әрекеті әрқилы

Screenshot_10.jpg           

   Біреуі тілді қолдайды, біреуі тілді қорлайды

 Данышпандардың даналық сөзіне сүйенсек, дұрыс бағамдай алсаң, дұрыс бағалай білсең  әрбір адамның дәурені дүркіреп, жұлдызы жанатын сәті болады екен. Кім білсін рас та шығар...Бүгінде біздің облыста әкелі-балалы Айтахановтардың айы оңынан туып тұр. Біреулердің көзіне ерсі көрінер, енді біреулер ерекше жарасымды деп те есептейтін болар, әйтеуір әкелі-балалы Айтахановтар соңғы күндері бір-бірімен жарысып бірнеше ауданды аралап жүр. Әрине, жекжат қыдырып, той тойлап емес, олар елді ойлап, мемлекеттік маңызы бар шаруалармен шұғылдануға білек сыбана кіріскендеріне еш шүбә келтірудің, астарынан саясат іздеудің қажеті жоқ. Санаулы күндерден соң өтетін Сенат сайлауында бақ сынайтын Қуаныш Айтаханов өзіне дауыс беретін мәслихат депутаттарымен кездесіп, үгіт-насихат науқанының мәселесімен жүрсе, оның ізін ала дүркін-дүркін іссапарларға шыға бастаған ұлы, облыс әкімінің орынбасары  Ерлан Айтаханов жұртқа өз жұмысымен айналысқан сияқты көрініп, шындығында әкесінің сайлауының әрекетімен аудандарды аралап жатыр деген жаңсақ ақпарат тарату ешбір қисынға келмейді. Қай кезде де мәселе көтерсе сөзі мірдің оғындай мығым келетін, шешен сөйлейтін, жүрісі паң, іс-қимылы батыл Қуаныш Айтаханов бұлайша «замаким» ұлының, дәлірегі атқарушы биліктің артықшылығын пайдалануға ұмтылады, заң бұрмалаушылықтарға барады деу тіпті ақылға қонбайды. Ол онсыз да беделді, өте-мөте әккі саясаткер. Тоқсаныншы жылдардың басында Жоғарғы Кеңес депутаттығына сайланғанын қоса есептесек, бұл жолы да «пайғамбар жасынан асқаныммен  жастарға жол беретіндей шал болып шаршайды дейсіңдер ме, Алла жазса жетпіске толғанымды Астанада «үлкен астаудан ас ішіп» қарсы алсам жараспай ма?»деп  Парламент депутаттығына сайланудан үшінші мәрте үміткер болуы, «Нұр Отан» партиясының ұстанған қағидасы, қалыптасқан талап-тәртібі бойынша өткен праймеризде қарсылас шақ келтірмей топ жарып, осы партияның атынан додаға ат қосуының өзі үлкен жетістік емей немене? Өйткені «Нұр Отанның» атынан үміткер ретінде тіркеліп барып додаға ат қосу жеңіске алдын ала қол жеткізумен, яғни бәйгені шаппай алғанмен бірдей екенін қазір ел де жақсы түсініп қалды. Әрине, кенеттен ешкім күтпеген оқыс оқиға туындап жүрмесе?...

   Күтпеген оқыс оқиға демекші, Қуаныш Айтахановқа 2005 жылғы Сенат сайлауында да «Нұр Отанның» намысын жырту сеніп тапсырылғанда  өзге өңірлердегі әріптестері 80-90 пайыз көрсеткішпен айқын басымдылық танытқанда оның бар-жоғы 55 пайызбен оңтүстікте аз ғана дауыс айырмашылығымен қарсыласын әрең ұтуы оған тілеулестерді әжептеуір әбіржітіп тастаған болатын. Бәлкім, туған жері--Отырар ауданның әкімі дейтін дардай мансапты мандатқа алмастырған азаматқа қатысты сол тұста әрқилы алыпқашпа сөз көп өрбігендіктен де ешкім күтпеген оқыс оқиға орын алды ма екен? Мұны аз десеңіз 2008 жылғы Сенат сайлауынан да елді дүрліктірген шу шығып, «Нұр Отанның» үкілеп қосқан үміткері Орынбай Рахманбердиевті 134 мәслихат депутаты жақтағанымен сайлау қорытындысын санағанда  140 бюллетеннің жарамсыз болғаны дауыс берушілердің сауатсыздығы да, жауапсыздығы да емес, әдейі ұйымдастырылған саяси ойын жүргені кім-кімді де ойландыратын қадам. Әкелі-балалы Айтахановтардың бүгінде жарысып аудан аралауынан әлдекімдердің астарлы саясат іздеуі осындай-осындай оқыс оқиғаларды еске алғандықтан да шығар. Ал мұның алдындағы Сенат сайлауында, одан кейінгі уақыттарда  Айтахановқа қатысты қандай әрқилы алыпқашпа сөз өрбігені өз алдына бөлек қозғайтын тақырып. 

  Айтпақшы, Айтахановтың сайлау төңірегіндегі тағы бір сәтсіздеу қадамы--қайсыбір жылы құдай қосқан туған құдасы--Төлеубек Қосмамбетов екеуі бір сайлау округінен  Мәжілістің мандаты үшін бақ таластыра жаздап барып, абырой болғанда Қуаныш Айтахановтың сын сағатта депутаттыққа үміткерліктен бас тартуы жұртты асыға күткен талай қызық-шыжықтан құр қалдырды. Бірқатар басылымдар бұған байланысты «Құда-- мың жылдық, депутаттық-- қанша жылдық?» деген тақырыппен көлемді мақала жариялап та жіберді. Айтары жоқ, әлдебіреулердің ақылын тыңдаса да, өзі шешім қабылдаса да Мәжіліс депутаттығына талас-тартысты үдетуден бас тартқанымен келер жылы-ақ Сенатқа сайланған  Айтахановтың  ғұмыры 4-5 жылдық депутаттықтың мандатын емес, мың жылдық құдалықты қалағаны елді риза еткен азаматтық болды. Әй, бірақ бәрібір...Жарайды, бас жаққа барыспай-ақ қоялық...

Құда демекші, Құдай қосқан құдалыққа өсірген ұл-қыздың дәнекер болатыны белгілі. Қуаныш Айтахановтың мәпелеп бағып-қаққан перзенттерінің ішінде әке салған сүрлеуге түсу ұлы Ерланның пешенесіне бұйырыпты. Бір кездері облыс әкімі Марс Үркімбаевтың үміт артуымен Қуаныш Айтаханов облыс әкімінің орынбасарлығына тағайындалса, бүгінде дәл осындай орынтақта отыру ұлы Ерланның маңдайына жазылыпты. Қайсыбір кезеңде  Абылай Мырзахметов тізгінін ұстаған «Қазақстан темір жолы» дейтін алып компанияға 1997 жылғы наурызда бөлім бастығы болып ауысып, одан әрі “Жолаушылар тасымалы” еншілес мемлекеттік кәсіпорнында директордың  орынбасары, 1999 жылғы тамыздан бастап  “Қазақстан темір жолы” РМК қаржы және бухгалтерлік есеп бас басқармасының бастығы, экономика, қаржы және бухгалтерлік есеп департаментінің бастығы қызметтерінің қызығын көрді. Алып компания басшылығының басына бұлт үйірілгенде  қаржы жағына жауапты  Ерлан Айтахановтың «тар жол, тайғақ кешуден» сүрінбей өткені  сүйсінетін іскерлік қой. Абылай Мырзахметовтің туған бауыры Асқар Исабекұлы облыс басшысы ретінде жаңа команда жасақтағанда інісі іскерлігін мақтады ма кім білсін, Ерлан Айтахановқа  тағы да «ең майлы жілік» есептелетін қаржы, экономика жөніндегі орынбасарлық сыбағасына тиді. 

Screenshot_11.jpg

 «Рейтинг» газетінде Ерлан Айтаханов енді жаңа қызметіне кіріскенде «облыста талай жауапты қызметтердің тізгінін ұстаған, бүгінде сенатор ретінде де елдің қамын күйттеп белсенділік танытып жүрген Қуаныш Айтахановтың ұлы қазіргі қарқынынан таймай, шыңдала түссе келешекте биліктің  жоғары эшалонына жолдама алмасына кім кепіл? «Әке көрген оқ жонар» деген осы ғой» деп шын көңілмен тілеулестік танытқан мақала жариялағанбыз. Әлі де тілеулеспіз. 

 «Рейтинг» газетінің  биылғы 26 мамырдағы  №19-20 санында жарық көрген «Орындайтын міндет бөлісті ме, әлде орынтақ ауыстырды ма?  Облыс әкімінің орынбасарларына жүктелген жаңа тапсырма елдің таңданысын тудырып жатыр» атты мақалада  «Ақша санап, бюджет жобалап үйреніп қалған облыс әкімінің экономика жөніндегі орынбасары Ерлан Айтахановқа тіл басқармасын сеніп тапсыру мемлекеттік тілді мазақ ету ме? Өз елінде төрге шыға алмай келе жатқан тілім-тілім тілді енді үйірінен адасқан үйректің кейпіне түспесін деп тілейік» деп көкейдегі күдігімізді жасырмай жазған едік. Өкінішке қарай босқа күдіктенбеппіз. Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша облыстық  әкімдікте басқа басқармалар жаппай есеп беріп, нендей өзекті мәселелер шешімін табуы керектігіне жан-жақты талдау, талқылау жасағанда Айтаханов жұмысын үйлестіретін Тілдерді дамыту басқармасының есеп тапсырудың тізіміне көпе-көрнеу кірмей «тоқалдан туған» күй кешуі кешіретін қателік пе? Тілдерді дамыту басқармасын бұлайша өзгелерден бөлектеп, өгейсітудің, алалаудың, қолдаудың орнына қорлаудың ар жағында Ерлан Айтахановтың шолақ шешімі, солақай саясаты тұрғаны артынан белгілі болды. Оның облыс әкіміне жолдаған мынадай қызметтік хатын оқығанда қайран қалдық: «Облыстық ішкі саясат және тілдерді дамыту басқармаларының штаттық бірліктерін оңтайландырып, облыс әкімі аппаратының бөлімдері ретінде ұстауға болады деп есептейміз.Облыстық ішкі саясат және тілдерді дамыту басқармаларын оңтайландыру және қайта құру арқылы босаған 17 штаттық бірлікті қажетіне қарай басқа облыстық басқармаларға беруге мүмкіншілік болатындығын хабарлаймын» дейді ол.  

    Мәссаған безгелдек! Әкесі Айтахановқа баласы Айтахановтың тірлігі қарсы. Біреуі тілді қолдайды, біреуі тілді қорлайды. Дәлірегіне көшсек, Қуаныш Айтаханов қаншама мәрте Қазақстандағы көпұлтты халықтың ынтымаққа, бірлікке, татулыққа бағытталған саясатын көксейтін тілдерді дамыту, әсіресе мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру жайлы батыл-батыл мәселелелер көтеріп, Үкімет басшысына дейін дүркін-дүркін сауал жолдап жүр. Осы бағыттағы Елбасының саясатына қолдау білдіріп, бұқаралық ақпарат құралдарында әрдайым салмақты ой, парасатты пікір қозғауға әуестігін елдің бәрі біледі. Ендеше әкесінің мұндай әркеттеріне әдейі қырсыққандай Ерлан Айтахановтың биыл 20 жылдығы тойланатын Тәуелсіздіктің басты тірегі-көпұлтты қазақстандықтардың ынтымағын, бірлігін, татулығын сақтауға, ішкі саяси тұрақтылықты қалыптастыруға тынбай тер төгудің ауыр жауапкершілігін арқалаған Ішкі саясат басқармасы мен  Тілдерді дамыту басқармасын оңтайландыруға, қайта құруға, турасын айтқанда екі басқарманы да таратып олардан босаған 17 штаттық бірлікті басқа басқармаларға бөліп беруді облыс әкіміне ұсынғаны қай сасқаны? Әкесінің сүйеу-демеуімен Мәскеу көрген, сол жақта оқыған-тоқыған, экономика ғылымдарынан кандидаттық қорғаған азаматтың Елбасының саясатына керағар мәселені қабырғасынан қойғанына, облыс әкімін арандатып, адамдардың оған деген ашу-ызасын, өкпе-ренішін туғызатын қадамға итермелегеніне қарай оны «ақша санаудан өзгегесіне ақылы жетпейді, мұрнына иделогияның исі де бармайды» деуге тағы қимай отырмыз.  Басқа басқармалар үшін 17 штаттық бірлік қайбір жыртықтарын жамайтындарын кім білсін? Есесіне сол  елге қажет екі басқармадан 17 штаттық бірлікті босатып берген, тілдің керегесін кеңейту, ішкі саяси тұрақтылықты сақтау жолында еңбек етіп жүрген 17 адамның жұмыссыз қалатыны, олардың отбасы күнкөрістен қиналатындары Айтахановқа айтпаса да түсінікті. Басқармалар оңталайланса, қайта құрылса жүргізілетін іс-қағаздарды, көрнекі құралдарды ауыстыруға да аз шығын жұмсалмайтыны анық. Демек ол бәрін түсініп отырып түңілдіретін қадамға барғаны ма? Әзірге, қисынсыз ұсынысқа байланысты облыс әкімі тарапынан қандай да бір байлам жасала қойған жоқ. Бұған да шүкіршілік. 

  Қазақта «Әкеден ұл туса игі, әке жолын қуса игі» деген әдемі сөз бар. Әттең, Қуаныш Айтахановтай әкеден тәлім-тәрбие алған ұл Ерландай шенеуніктің әке жолын мақтанышпен қуудың орнына оған қарама-қайшы әрекетке барғаны қарның ашады-ақ. Әйтпесе, оңтайландыруды ойластырғанша биліктің мүмкіндігін ұтымды пайдаланса ұлттың тірегі--тілдің айбынын асыруда, ішкі саяси тұрақтылықты сақтауда шешімін таппай шиеленісіп тұрған шетін мәселелер аз ба? Кемеңгер жазушы Ғабит Мүсiрепов «Сол тiлдi жасаған, жасап келе жатқан халықтық баяғысын да, бүгiнгiсiн де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгiлiгiнiң мәңгiлiк белгiсi - Ана тiлiн тек Өгей үлдары ғана менсiнбейдi, Өгей үлдары ғана аяққа басады» депті. Ерлан Айтахановты «өгей ұлға» қалай қиясың?  Ғабеңнің, Ғабит Мүсіреповтің бұл ғажап сөзін Қуаныш Айтаханов білетін болар деген сенімдеміз. Ол ұлына осынау даналық сөз туралы айтты, айтпады ма? Айтса да жүре тыңдады ма?                                                                

       Сүйеніші мықты отбасылардың ұл-қыздары ұлттық тілімізге мұрын шүйіре қарайтын болды

   Алланың жазуымен 1993-1997 жылдары және 2005-2008 жылдары облыстық тілдерді дамыту басқармасында жұмыс істедім. Басқа басқармалардың ірі-ірі иесі, биесі мен түйесі бар шығар, ал тіл басқармасы дейтұғын шаңырақтың әдетте түйесі мен биесі де, алпауыт иесі де болмайды. Бірақ, тіл басқармасының жалпы тіршілігінің киесі болады. Бұл басқармада жұмыс істейтіндер де, оған қатысы барлар да сол киені ұғынуы тиіс. Түйсінуі тиіс. Өкінішке қарай көбінесе олай бола бермейді. Қаймағы бұзылмаған деп есептелетін Оңтүстік барлық жағынан да, әсіресе, ұлттық дәстүрлер мен тіл жағынан бүкіл кең байтақ елімізге өнеге болуы парызы. Кезінде тіл басқармасы белгілі дәрежеде солай бола білді. Мақтанғанымыз емес, біздің облыстық тіл басқармасы республика бойынша алдыңғы үш орыннан төмендеген емес. Мәселен, 1994 жылы іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру кестесін жасап, бекітіп, бүкіл облыстарға озық тәжірибе ретінде таратылған. Ономастика жөніндегі өрелі істер де солай болды. 1995-1997 жылдардағы іс-шараларымыздан өзгелер үйренуге келетін еді. Өкінішке қарай 1998 жылы тіл басқармалары да, тіл комитеті де жабылып, 2005 жылы қайтадан ашылды. 2005-2007 жылдары басқарманың жұмыс жүйесін жан-жақты қалыптасып бітті деп айта аламыз. Бағдарламалар нақтыланды. Тіл комитеті 2006 жылы алғаш рет көшпелі мәжілісін өткізді осы Шымкентте. Ономастика жөніндегі жүйелі жұмыстарымыз өзге облыстар мен Астана, Алматы қалаларына әсер етті. Ана тілі және отбасы деген жобамыз өзге облыстар мен Астана, Алматы қалаларына да қозғау салды. Өкінішке қарай, қазір мемлекеттік тіл жөнінде жұмыстың әлсіреуі байқалады. Бай-бағландардың, бизнесмендердің, «жаңа қазақтардың», жас отбасылардың қазақ тілін менсінбеуі белең алды. Не бір бай шетелмен байланысы бар, сүйеніші мықты отбасылардың ұл-қыздары, немере-шөберелері ұлттық тілімізге мұрын шүйіре қарайтын болды. Біраз уақыттарда кері кетушілік байқалады. Ана тілі және отбасы деген жобамызды жан-жақты жетілдіре түсіп, жалғастыру керек еді. Олай болмады. Іс қағаздары қазақша дегенмен, сауатсыздық меңдеп барады. Бүгінгі тіл басқармалары мемлекеттік тілдегі іс қағаздардың сауаттылығын жан-жақты қолға алуы тиіс. Ол үшін өзіміз сауатты болуға тиіспіз. Міндеттіміз. 

      Мархабат Байғұт, Жазушы-журналист.

     Елбасының тіл туралы тапсырмасын шененіктер толық іске асырмай отыр 

     Президенттің мемлекеттік тілге қатысты Жарлығын орындауға байланысты қабылданған қаулысы өз дәрежесінде орындалмауда. Елбасының әр жылғы жолдаулары мен сұхбаттарында «Қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін», «15 жылда тілді аю да үйренеді», «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп қадап айтқан сөздері, оның қазақ тілінің қолдаушысы да, қамқоршысы да екенін көрсетеді. Елбасының тіл туралы нықтап айтқан тапсырмалары әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер тарапынан толық іске асырылмай отырғанын да айта кетуіміз керек. Сондықтан, алдағы кезде мемлекеттік тіл бағдарламасын мүлтіксіз орындау – әрбір қазақстандықтың бірінші кезектегі міндеті екендігін түсінетін уақыт жетті. Бұл – мемлекеттік тілге деген немқұрайлылық, менсінбеушілік көптен бері айтылып та, жазылып та келеді. Мемлекеттік тілді шын мәнінде өз деңгейінде дамысын, белгіленген мемлекеттік тіл бағдарламасының орындалуы нәтижелі болсын десек, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы мемлекеттік тілде берілетін ақпараттардың сапасын күшейтіп, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруымыз керек. 

           (Қуаныш Айтахановтың бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мемлекеттік тіл туралы пікірлерінен үзінді).

Oinet.kz мұрағатынан


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: