Өмір дегеніңіз бірде жеңістен, бірде жеңілістен тұрады. Ал, жеңіске жетудің түрлі жолдары бар ғой. Мәселен, күші бойынан тасып, алқынып-жұлқынып тұрған палуанды психологиялық жағына әлсірету үшін төрешілер оны кілемге атын атап шақырып, шыға берер сәтте қателескен болып, күресу кезегін басқа біреуге бере салатын көрінеді. Міне, сол кезде бар күш-жігерін бойына жиып тұрған палуан психологиялық жағынан өзін тастап жібереді дейді. Кейде осындай тәсілді басшылар қарамағындағы өзіне ұнамаған қызметкерлеріне де қолданады.
Аудан, қала әкімдерінің есеп беру кестесінде Шымкент қаласы әдетте соңында жүретін. Облыс әкімдігі биыл осы тәртіпті бұзып Жетпісбаевтың есебін кестенің бел ортасына қойған болатын. Бірақ ол белгіленген мерзімде өтпей қала әкімінің есебі қатарынан үш рет кейінге қалдырылды. Белгісіз себептермен. Ақыр аяғында журналистер қауымының екі көзін төрт қылған Жетпісбаевтың есеп беру жиыны сол баяғыша барлық аудан, қала әкімдерінің соңында, осы аптаның сейсенбісінде өтті. Жетпісбаевты қайта-қайта кідірте беру, іштей қайта-қайта қобалжыта беру не үшін қажет болды? Кім үшін?
Дегенмен басылым бетінде сынға жиі ілігетін Арман Жетпісбаев баяндамасын тәп-тәуір жасап шықты. Оған қарағанда Шымкентте былтырдың осы мерзімімен салыстырғанда біршама ілгерлеушілік бар. Негізгі капиталға бағытталған инвестициялар—32 пайызға, белсенді кәсіпкерлік нысандардың саны 38,2 пайызға, іске қосылған тұрғын үйлердің көлемі 2,2 есеге артқан. Облыс орталығы өңірлік индустрияландыру картасына 5,2 миллирад теңгені құрайтын 11 жобаны, ал республикалық индустрияландыру картасына «Химфарм» АҚ-ның құны 9,6 миллиард теңгені құрайтын жобасын енгізген. Ал Индустриялдық аймақта барлығы 4,2 миллиад теңгені құрайтын 18 бизнес жоба жүзеге асып жатыр. Қалған 14 жоба жыл соңына дейін іске асып, оның нәтижесінде қосымша 851 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Әрине, мұның бәрі де қала экономикасының ойдағыдай дамып келе жатқанын білдірсе керек. Дегенмен, Жетпісбаевтың әлеуметтік мәселеге, оның ішінде қарапайым халықтың тұрмысына жеткілікті дәрежеде мойын бұрмайтыны байқалады. Жиында ол былай деді:
--2009 жылы қаңтар айында қалаішілік автобустарға тариф 35 теңге, шағын автобустарға 40 теңге болып бекітілген. Содан бері жанар-жағармайдың бағасы 70 пайызға дейін көтерілген. Басқа облыс орталықтарындағы тарифтерге сараптама жасалып, біршама жоғары екені анықталды. Атап айтсақ, Қарағандыда—50 теңге, Атырауда—45 теңге, Өскеменде—50 теңге, Астанада—60 теңге. Алматыда—50 теңге. Бағыттардың тиімділігін көтеріп, автобус парктерін жаңарту үшін көлік компаниялары тарифті 35 теңгеден, 50 теңгеге көтеруді ұсынып отыр. Сонымен бірге басқа қалалардың тәжірибесіне сүйене отырып жекелеген әлеуметтік санаттағы азаматтарға дотация бөлу жөнінде арнайы ереже әзірлеп, мәслихаттың шешімін бекіту қажет.
Бұл сөзден Жетпісбаевтың тарифті көтеруге кет әрі еместігі аңғарылды. Бұдан кейін мінбеге кезектесіп шыққан облыс әкімінің орынбасаралары өз салалары бойынша Шымкент қаласында кездесіп отырған кемшіліктерге тоқталды. Оған қарағанда қалада биыл пайдалануға берілуі тиіс алты балабақшаның бірінде су жоқ, бірінде жол жоқ. Мұндай жағдайда оларды мемлекеттік қабылдаудан өткізу мүмкін емес. Сол сияқты жаңадан салынған денсаулық сақтау нысандарының құжаттары дұрыс рәсімделмеген. 2010 жылы пайдалануға беруілуі тиіс Солтүстік подстанциясының дауы сотта қаралып жатыр. Қалада тамшылатып суару мен көкөніс сақтау қоймаларын салу тапсырмалары орындалмаған. Қала аумағындағы жер телімдерін түгендеу жұмыстары сапасыз жүргізілген. Облыс орталығындағы 21 мектептің спорт залы жоқ. Қалада қылмыс биылдың алты айында 55 пайызға өскен. Әсіресе мектеп оқушылары арасында пышақтау, атып кету жәйттары жиілеген.
Жиынды қорытындылыған облыс әкімі Асқар Мырзахметов былай деді:
--Шымкентте көлік қозғалысын реттеу туралы берген тапсырма әлі күнге орындалған жоқ. Сіздер қоғамдық көліктердегі тарифті көтеруді ұсынып отырсыздар. Бірақ ол мәселе бойынша біз алдымен қоғамдық тыңдау өткізуіміз керек. Басқа қалалардағыдай сияқты әлеуметтік санаттағы азаматтарға тегін жүру үшін бюджетен дотация қарасаңыздар оған кім кедергі болыпты?! Жуырда жылу берушілер де тарифті көтеруді ұсынып отыр. Ол мәселені де дұрыс қарамағансыздар. Тарифті көтеруге келгенде қаланың өзіндік позициясы қайда?—деді. Облыс әкімінің бұл сөзі «қарапайым халықтың мүддесін біз қорғамағанда кім қорғайды?!» дегенді аңғартып тұрғандай. Өкінішке қарай, монополистер мен көлік компанияларының мәселесін шешуге келгенде елпең ете қалатын Жетпісбаевтың мұны түсінбегені ме?!
Oinet.kz мұрағатынан