Биылғы 9 айда Оңтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлыққа барған 195 факті әшкереленсе, қылмыстық істің тең жартысы атқарушы биліктегі лауазымды тұлғалардың үстінен қозғалған. Бұл жайлы өткен аптадағы сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға арналған алқалы жиында айтылды. Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылығына жол беріп тәртіптік жазаға тартылғандардың саны азаймай керісінше былтырғымен салыстырғанда артып отырғаны шен тағып, шекпен кигендерден бастап, партиялардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, депутаттарға дейін қатысқан осы форумда тілге тиек етілді. Неге бұлай? Ұрған сайын семіретін борсық сықылды болып, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуді жандандырған сайын келеңсіз фактілердің кемімеуі нені білдіреді? Бәлкім, сөз бен істің сәйкес келмеуінен болар.
«Қарамағындағы қызметкерінің заңсыз әрекетке барғаны әшкереленсе, сол мемлекеттік органның басшысы қызметтен өз еркімен кететіні жайлы» мәлімдеп, жергілікті атқарушы биліктегілер қазіргі облыс әкімі Асқар Мырзахметовке бір жыл бұрын жаппай арыз жазып бергендерімен әзірге нәтиже жоқ. Бұған кезінде кеңінен тоқталып жазғанбыз. («Рейтинг» газеті ...Бұрынғы облыс әкімі Нұрғали Әшімовтің кезінде де дәл осындай талап ауызша түрде айтылып, құрғақ сөз күйі қалудан әріге аспағаны елдің есінде.
«Жол картасы» бойынша жол салу үшін тендер ұтқан мердігерден пара алды деген айыппен жыл басында қармаққа іліккен Отырар ауданы әкімінің орынбасары жазасын 6 жыл абақтыда өтейтін болды. Орынбасарының тағдыры тәлкекке түскенін ар таразысына салып қараған, ел-жұртқа іскерлігімен танымал аудан әкімі Әлімжан Құртаев көп ұзамай өз еркімен жұмыстан босату туралы арызын жазып берді. Орынбасары, қарамағындағы бөлім бастығы, тіпті ешқандай мәселе шешпейтін қарапайым маманы сыбайлас жемқорлықпен айыпталған осындай фактілер облыста аз емес. Бірақ Құртаевтың ерлігін қайталайтын ешкім шықпай тұр. Құдды бір, өле өлгенше шенеуніктің шекпенін шешпеу шешесінен туғанда-ақ бәрінің шекесіне жазылып қойған секілді.
Нұржігіт Қалмұрзаев, Кентау қаласының әкімі:
«Жоғарғы жақ қолдамады ғой»
- Баяғыда бізге осындай мағынадағы «тілхатты» қағаз жүзінде жаздыртып еді ғой. Бірақ, ол жоғары жақтан қолдау таппады ғой. Дұрыс емес, кадр сапырылысы белең алып кетеді деген көзқарас болды. Менің Кентау қаласының әкімі болып барғаныма да үш ай болды, әзірге ешкім ештеңе деген жоқ. Жалпы алғанда әрбір іс-әрекеті үшін әркім өзіне жауап беруі тиіс қой. Қанша қылмыс болып жатыр, қарамағыңда қанша қызметкерлер бар, олардың әрқайсысының әрекетіне жауап беру мүмкін емес. Біреудің қылмысына біреу жауап беру міндетті емес. Кім біледі кімнің не істеп жүргенін?
- Сіз қызметке барғалы бір ауыл әкімі парамен ұсталды...
- Ол туралы әңгіме көп, біреуі ақталды дейді, біреуі ақталмады дейді. Олар енді бізбен ақылдаспайды ғой, не болып жатқанын айтпайды да.
Сұлтанбек Сүгірбаев, Сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бастығы:
«Мен емес, бөлім бастығы жұмыстан кетті»
- Бұл әдісті дұрыс деп ойлаймын. Ол жерде былай деп жазылған: «егер де бөлім басшысы өзінің қол астындағы қызметкерлері сыбайлас жемқорлыққа жол берсе оған жауапты болады». Демек, қарамағындағы қызметкері заң шеңберінен шығып жатса бөлім басшысы жауап беруі керек шығар. Бұған қарсы ештеңе айта алмаймын. Талап дұрыс. Қандай да бір тәртіп болуы керек қой. Жалпы алғанда заң бойынша іс-әрекеті үшін әр азамат өзі жауапты болады. Дегенмен, бұл талапты қолдаймын.
- Өзіңіздің басқармаңызда да қызметкерлеріңіз пара алғаны үшін ұсталды емес пе?
- Ол бір бөлімнің инспекторы болатын. Оның тікелей басшысы, яғни бөлім басшысы өз өтінішімен жұмыстан кетті.
- Мүлдем басқа жұмысқа кетті ме, әлде...
- Бөлім басшылығы қызметінен босап, басқа бөлімге инспектор болып кетті.
Нұрадила Жұмашев, облыстық мәслихаттың депутаты:
«ГАСК»-інің бірінші басшысын қызметтен босату қажет еді»
- Бұл әдісті қолданған өте дұрыс деп ойлаймын. Мекемедегі ахуалды қалыптастыратын бірінші басшылар. Қарамағындағы қызметкерлер ұсталғанға дейін олардың немен айналысып жүргенін басшысы неге білмейді? Бұл жердің өзінде ұйымдасқан бір нәрсе бар деп ойлаймын.
- Енді қараңыз, осы талапты енгізілгенімен қарамағындағы қызметкерлері парамен ұсталғаннан кейін өз еркімен жұмыстан босаған бір ғана Отырар ауданының бұрынғы әкімін білеміз. Басқаларының барлығы да өз орнында секілді. Осыған байланысты не айтар едіңіз?
- Менің білетінім, «ГАСК» мекемесінен бірнеше адам сыбайластықпен ұсталып жатыр, қайта оралып жатыр. Бірақ, оның бірінші басшысына ешқандай шара қолданбады. Бір адам болса бір сәрі, бірнешеуі ұсталды емес пе? Мұндай жағдайда мекеменің бірінші басшысы қандай жағдайда болмасын қызметтен босату қажет еді.
- Сонда бұл талаптың жай сөз болғаны ма?
- Мен де жай сөз болып қалды ма деп қалдым. Әрине, облыс басшысына қатысты ештеңе дей алмаймыз, өткенде «Нұр Отанның» фракциясында дәл осы мәселені көтергенбіз. «Асеке, көптеген жерлерде тәртіпке шақыратын уақыт келді» деп. Сонда ол кісі «біразын алып тастадым ғой, енді не дейсіңдер, бәрін алып тастаймын ба, қалай болады?» деген сыңайда жауап айтқан еді. Соған қарағанда бұл мәселеде облыс әкімінің өзі де ойланып отыр-ау деймін. Дәл бүгінде кадр мәселесі де қиындау болып тұр ғой. Кеңес Одағы тұсында кадрларды партияға сонау мектеп кезінен бастап даярлайтын. Өкінішке қарай бізде қазір ондай жүйе жоқ. Ана жерден, мына жерден алып, қойып жатады. Бірақ, бұл әдіс аса нәтиже бере алмай отыр.
- Ендеше осы әдісті алдағы уақытта жалғастырудың қаншалықты пайдасы болады деп ойлайсыз?
- Шынымды айтсам, мұның пайдасы да, зияны да болмай, бірсыдырғы жүре береді ме деп уайымдаймын. Біреуі ұсталса тағы біреуі шығады. Сыбайлас жемқорлықпен бұлайша күрескеннен дұрыс кадр тәрбиелеуге көбірек көңіл беру керек секілді. Қызметке қабылдайтын кадрдың сауатына, біліміне, адамгершілігіне, әсіресе имандылығына толық көз жеткізіп барып алу керек. Бұл дерттің тамырын осылай кескен тиімді.
Мұхит Әлі, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы:
«Әркім өзіне жауап беруі керек»
- Әркімнің өз көзқарасы, жеке пікірі болады. Мен әркім өз жұмысына, өз іс-әекетіне жауап беруі керек деп ойлаймын. Талай жылдар өзім әкім болып қызмет істедім. Талай ауыл әкімдері, басқа да лауазымды қызметкерлер бар, аудан, қала әкімі солардың барлығының қалтасын басып, қыр соңынан қадағалап жүруі керек пе? Әркімнің өзінің ішкі жан дүниесі, болмысы болады. Кімнің қай күні не істейтінін алдын-ала біліп отыру мүмкін емес қой. Оларды орнынан алып тастаған күннің өзінде оның орнына қандай қызметкер келетіні де белгісіз. Ол да бұл заңсыздықты қайталаса ше? Сол себепті әркім өзіне жауап беруі керек дегенді тағы айтамын. Кез-кезген қызметкердің жоғары деңгейдегі басшысы бар. Мәселен, ауыл әкімінің ауданда ауданның облыста, тағы сондай секілді басшылары бар. Демек, жауапкершілік те осылай жалғасып кете бермек пе? Егер қарамағындағы қызметкердің жұмысына қадағалау керек болса түсінер едім, ал пара алуды қалай қадағалауға болады? Егер де парамен ұсталған адамды тікелей басшысы соған мәжбүрлесе онда сол басшының да жұмыстан өз еркімен кетуін құптаймын. Тіпті, оларға қатаң шара қолдану керек.
- Сіз Сайрам ауданын басқарып отырған кезде орынбасарыңыз парамен ұсталып еді...
- - Негізі ол орынбасарым пара алмаған да, бермеген де. Тек екі ортада дәнекер болған. Ол енді парақорлыққа жатпайды ғой. Әр орынбасардың өз өкілеттігі бар. Менің принципім, қандай мекемеде басшы болмайын орынбасарларыма өздеріне жауапты қызметін атқаруға толық мүмкіндік беремін. Кейін нәтижесін, жауабын солардан сұраймын.
- Аудан әкімі қызметінен басқарма басшысы болып ауыстыңыз. Осы қызметті бастағанда да қызметкерлеріңіз сыбайлас жемқорлыққа жол берсе өз еркіңізбен жұмыстан кететініңіз жөнінде жазбаша жазып бердіңіз бе?
- Жоқ, басқармаға келгенде ондай талап болмады. Бұл енді саяси мәселе ғой, ал мен тек ойымды айтып отырмын.
- Осы әдісті жалғастырудың тиімдігі бар ма?
- Шыны керек, пәлендей тиімділігін көріп тұрғаным жоқ. Өйткені, бұл әдісті қолданудың қолға алынғанына екі жылдан астам уақыт өтіп кетсе де нақты нәтижесі көрінген жоқ. Егер бірден нәтижесі байқалса, әрине, қолдайтын едім.
Сауалнаманы жүргізген Шадияр Молдабек