Депутат Розақұл Халмұрадов Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің күмбезі құлау қаупінде екенін мәлім етті. Кесенеге 1993-2000 жылдар аралығында Түркияның «Вакиф иншаат» фирмасы реставрация, күрделі жөндеу және қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізген. Алайда, күрделі жөндеу кезінде кесене фундаментінің гидроизоляция және кесене бөлмелерінің вентиляция жүйелері бұзылған. Сол кезде құзыретті мекемелер бұл жұмыстарды бақыламаған. Кесененің фундаменті үстіне горизанталды гидролизоляция жұмыстары жүргізілмеуі салдарынан қазір қабырғалары ызаланып, тұздана бастаған. Көтерілген ыза мен тұзға сақтық шаралары жасалмауы салдарынан қаланған кірпіштердің үгітілуіне, оның сапалық құрамының нашарлап езілуіне әкеліп соққан. Р.Халмұрадов осындай кемшіліктердің салдарынан кесене үстіндегі үлкен күмбездің қазір құлап түсу қаупі туып отырғанын айтты. «Егер күмбез құлап түсер болса, ондағы ішкі ауа қысымынан кесененің қандай күйге түсетінін көзге елестетудің өзі қорқынышты. Алты ғасыр бойы күрделі жөндеусіз-ақ, бүгінгі күнге аман сау жеткен кесене басына, осы жөндеу өткеннен кейінгі аралықтағы он жыл көлемінде не күн туа қалды?» дей келе депутат Үкімет басшысынан кесенені бұл қауіп-қатерден алып шығу мақсатында қандай іс-шаралардың ұйымдастырылып жатқаны туралы жазбаша жауап беруін сұрады.
Оinet.kz мұрағатынан