Шымкенттік адвокатты өзі қорғаған клиенті өлтіріп кетті

Screenshot_22.png

24 сәуір күні кешкі сағат бестердің шамасында Шымкент қаласындағы өрт сөндіру бөліміне Байтұрсынов көшесіндегі пәтерлердің бірінен өрт шыққандығы туралы суыт хабар түседі. «Тілсіз жауды» сөндіру барысында өрт сөндірушілер пәтердегі жатын бөлмеден 1941 жылы туған Адамбаева Куляра Мақымқызының мәйітін тапқан. Кейіннен сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша марқұмның қасақана өлтірілгені анықталды. Қылмыскер өзінің «құрбандығын» буындырып, артынан үш мәрте пышақтаған екен. Шымкент қалалық ішкі істер басқармасының әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері шұғыл-іздестіру шараларына кірісіп жұрт арасында үлкен дүрбелең туғызған ауыр қылмыстың ізі суымай ашылды. Облыстық прокуратура бұл істі тікелей бақылауына алған болатын.

Марқұм Куляра Мақымқызының есімі облыстағы құқық қорғау органдары қызметкерлерінің барлығына дерлік жақсы таныс. Бұрын Шымкент қаласы Абай аудандық сотында судья болып істеген, кейінгі жылдары адвокаттық қызметпен айналысқан. Ол облыстағы қорғаушылардың арасында әрі білікті заңгер, әрі жас қорғаушылардың ақылшысы, кеңесшісі  ретінде белгілі болатын. Адамбаеваның тәжірибелі қорғаушы ғана емес,  адамгершілігі мол, ақкөңіл, қысылғандарға қол ұшын созатын қайырымды, бес уақыт намазын қаза жібермейтін, қажылық парызын өтеген иманды жан екендігімен де ерекшеленетін... Әріптестері марқұмды солай деп еске алады.   

Куляра Мақымқызы  кейінгі жылдары облыстық сотта судья болып істейтін жалғыз қызы Аида Чокморованың қолында тұрып келген  (айтқандай, марқұм Куляра Мақымқызының күйеуі Сүйерқұл Чокморов қазір Бішкекте тұрады. Ол қырғыздың атақты актері Сүйменқұл Чокморовтың інісі болып келеді). Осыдан бір ай бұрын ол сегіз жыл бұрын қайтыс болған кіші қызының пәтеріне барып тұрғанды жөн көріпті. «Мұның қажеті қанша апа, бізбен бірге тұра беріңіз» деген қызы мен күйеу баласына «Қызымның шаңырағы бос тұрмасын» депті. 

 24 сәуір күні Куляра Адамбаева қызының үйіне барған. Сағат үштердің шамасында ол әлдебір клиентпен кездесуі керектігін айтып асығыс кетіп қалыпты…Бұдан кейін марқұмды ешкім көрмеген. 

-- Адамбаеваның өліміне байланысты түрлі жорамалдар жасалды. Ақырында кісі өлімі марқұмның адвокаттық қызметімен байланысты деген жорамалға тоқталып, осы бойынша шұғыл-іздестіру амалдары жүргізілді,--дейді Шымкент қалалық ішкі істер басқармасы әл-Фараби аудандық ПО  кісі өлімімен байланысты қылмыстарды ашу бөлімінің жетекшісі, полиция аға лейтенанты Бақтияр Дулатбаев.

 Жалпы, жасы жетпіске жақындаса да Адамбаеваның адвокаттық қызметтен қол үзбегені қалай деген сауалдың туындауы заңды шығар?  Тұрмыстық жағдай онсыз да жақсы оның  қорғаушылық қызметі  ақша табу үшін емес, заңгерлік көмекке мұқтаж жандарға жақсылық жасау үшін, өзінің ортасынан сырт қалмау үшін атқарылғанға ұқсайды. Ондай адамның клиентпен келіспеушілікке баруы нейғабыл ғой. Дегенмен ізкесушілер адвокаттың бұрынғы клиенттерін тексеру жұмыстарын жалғастыра береді.  Осы тексеру барысында күдікті ретінде Ербол деген 1982 жылы туған азамат ұсталды. Марқұм Адамбаеваның соңғы  шарапатын көрген клиенттердің бірі осы Ербол болатын. Полиция бөліміне жеткізілген ол:

--Мен істеген қылмысымды мойындаймын. Адамбаеваның өлтіргенім рас. Енді бұдан артық шыдай алмаймын. Ұйықтай алмаймын, көз алдымнан марқұмның бейнесі кетпейді,--депті.

 …Ербол Өзбекстаннан көшіп келген оралман жігіт екен. Шымкентте жөндеу жұмыстарымен айналысып жүрген ол бірде өзі жұмыс істеп жүрген офистен ұялы телефонды жымқырып кетеді. Бірақ ұзамай ұялы телефон иесі полиция арызданады. Ақырында Еңбекші аудандық полиция бөлімі Ерболдың үстінен ұрлық істегені үшін қылмыстық іс қозғайды. Адвокат Адамбаеваға  Ерболды бір туысқаны жолықтырғанға ұқсайды. Сәждеге жығылып, өзін имандылық жолда жүрмін деген жас жігітке Адамбаева қол ұшын созып, тіпті ол үшін адокаттық қызметке төленетін ақшаны да өз қалтасынан шығарған екен. Осындай жақсылық жасап жүрген жанның арғы жағында бөтен ой бар екенін марқұм қайдан сезсін?!

Адамбаеваның пәтерінде бір-екі рет болып, оның жағдайының жақсы екеніне көз жеткізген Ербол қарақшылық шабуыл жасауға алдын ала дайындалған. Базардан барып пышақ сатып алған. 24 сәуірде қорғаушысына телефон шалып, қарыз ақшасын қайтарып беретінін айтқан. Қызының үйінен асығыс шығып кеткен Адамбаева дәл осы Ерболмен кездесу тиіс болатын. 

Пәтердің есігін ашқан Куляра Мақымқызына Ербол 12 мың теңге қарызының 8 мыңын алып келгенін айтады. Ойында ешқандай күдік-күмән жоқтығынан оны үйге кіріп шәй ішуге шақырады. Пәтерге кірген соң үйде бөтен адамның жоқ екеніне көз жеткізген Ербол өзінің қылмыстық әрекетін жүзеге асыруға кіріскен. Ол алдымен кейуананың бүйірінен пышақ ұрады. Бұдан кейін оны жіппен буындырып өлтіріп, қанға малынған пышағын марқүмның кеуде тұсына тағы екі рет сұққылаған. Қаныпезердің пәтерден сондағы тапқан дүниесі азын-аулық ақша мен алтын алқа және ұялы телефон ғана. Өзінің қылмыстық әрекетін жасыру үшін ол пәтерге от қойып кеткен. 

Айтқандай, қылмыстық ізге адвокаттың қолды болған телефоны арқылы түсеміз деген полицияның үміті ақталмапты. Айғақтық зат қолдан-қолға өтіп, оқиға орнынан тым ұзап кеткен екен. Ол күдіктіден емес, қаладағы шаштараздардың бірінде істейтін келіншектен табылған. Кейіннен белгілі болғандай қылмыскер пәтерден шығып бара жатып, ұялы телефонды қолынан түсіріп алады. Оны көшеден бір қаңғыбас тауып алып, бір жітігтке сатқан. Ал, ол арзан бағаға сатып алынған телефонды әйеліне берген.

Қазір аса ауыр қылмыс бойынша айыпталған  Ерболдың ісін облыстық ішкі істер департаментінің тергеушілері жүргізіп жатыр. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің қасақана кісі өлтіру және қарақшылық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалған. Жазықсыз жанды қасақана өлтірген айыпталушының ендігі тағдырын сот шешеді.

Б.ЕРНАЗАР.  

Дереккөз: "Рейтинг" газеті 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: