«Рейтинг» газетінде Біріккен Араб Әмірлігі президентінің Қазақстан Республикасындағы істерін басқару бойынша департамент өкілеттігінің өкілі Вячеслав Бакиевтің Шымкенттегі бизнесі туралы көкейтесті мақала жарияланып, оқырман ортасында бұл тақырып қызу талқыланған болатын. Тақырыпқа тағы айналып соғуға тура келіп тұр. Өйткені еліміздің заңдылықтарына емес қолдаушы-қорғаушыларына сүйеніп, талап пен тәртіпке бағынбастан Шымкент қаласындағы әуежайдың дәл қасынан құрылыс жүргізуге құлшынып кірісіп кеткен Бакиевтің кесірінен өздеріне жүктелген міндетті орындаймыз деп ойламаған жерден тағдырлары тәлкекке түскен бірнеше полиция қызметкерлері «Рейтинг» газетіне арнайы сұхбат берген болатын.
Шымкент қалалық ішкі істер басқармасына қарасты патрульдік полиция полкінің бұрынғы қызметкері, аға лейтенант Төлеби Момбек:
-- Былтыр 27 қазанда өзімізге бекітілген аумақта кезекшілікті атқару кезінде «Кең баба» саябағының жанынан бес шетелдіктің жүргенін көзіміз шалды. Бес азаматтың да сақалдары өскен, киім киістері өзгеше. Шетелдіктер екенін бірден байқадық. Қасымдағы тағылымдамадан өтуші Бақыт Мажитов екеуіміз оларға құжаттарын көрсетуді талап еттік. Ешқайсысы не қазақ тілін, не орыс тілін білмейді. Әйтеуір амалдап түсініскен болдық. Төртеуі бізге төлқұжаттарының көшірмесін ұсынса, біреуінің жеке басын куәландыратын құжаттары мүлдем жоқ болып шықты. Көшірмелерден ештеңені ұғып болмайсың. Суреттері анық емес, оның үстіне нотариустың куәландыруынан өтпеген. Сондықтан біз оларды полиция бөліміне жеке бастарын анықтау үшін алып кететінімізді айттық. Олардың біреуі әлдекімге ұялы телефон арқылы қоңырау шалып, менімен тілдестірді. Көшедегі көліктің у—шуынан арғы жақтағы адамның даусы жақсы естілмеді. Мен тек өзіміздің қай жерде тұрғанымызды түсіндірдім. Осыдан кейін рация арқылы 795-ші жылжымалы партульдік автоэкипажды шақырдым. Арада 10-15 минут өткенде «Мерседес» көлігімен бір жігіт келді. Өзін Бакиевпін деп таныстырды. Әлгі бес шетелдіктің тілмашы екен. Мені қағып өтіп, айқайға басты. «Сен кімсің? Тізерлеп тұрып кешірім сұрайсыңдар әлі. Генерал Досымовтың алдында менің аяғыма жығыласыңдар» деді. Осы сәтте әріптесім, аға лейтенант Кенже Маширов дауға араласып: «Сіздің бұлайша дөрекі мінез көрсеткеніңіз дұрыс емес, біз заң қызметкерлеріміз, неге бағынбайсыз?» дегенін В.Бакиев құлағына да ілмей біздің намысымызға тиетін сөздерді айтты. Тіпті ол полиция сержанты Мұқан Дүйсеновты қолымен итеріп те жіберді».
Қысқасы, бұлар бес шетелдікті күш қолданусыз «Газель» көлігіне отырғызып, әл-Фараби аудандық полиция бөліміне жөнелтеді. Ал, Бакиев тіл табысудың орнына қоқан-лоққы жасауіын жалғастырған. Арада біраз уақыт өткенде облыстық ішкі істер департаменті бомба түскендей у-шу болады да қалады. Рация арқылы «Қызметкерлердің арасында кім шетелдіктерді ұстады? Тез әл-Фараби аудандық ішкі істер бөліміне жетсін» деген хабар келеді. Содан бес тәртіп сақшысының барлығы аталған бөлімге барса, бұларды облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Қайрат Дәлбеков, департаменттегі көші-қон полиция басқармасының бастығы Балтабек Аблаев қарсы алып, бес шетелдікті дереу босатып жібереді.
Бес шетелдікті «Газель» көлігімен полиция бөліміне алып барғандардың бірі, полиция лейтенанты Ерлан Әбсеметов былай дейді:
--Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінің бастығы Б.Қыдырбаевтың бөлмесіне келген соң Қайрат Дәлбеков: «Шетелдіктерді неге ұстадыңдар? Біріккен Араб Әмірлігінің азаматтарын ұстамау туралы білмейсіңдер ме? Командирлерің бұл туралы айтқан жоқ па?», деді. Біз бұл туралы ешқандай нұқсау берілмегенін айттық. «Сендерден ақша талап етті ме немесе ұрып-соғып, балағаттап болмаса баса-көктеп, көлікке қинап отырғызды ма? Осы жерге қанша уақытта жеттіңдер?» деген сұрағына Бакиев «Бізден ешқандай ақша талап еткен жоқ, ұрып-соққан жоқ, көлікке өз келісімізбен отырғызды, осы жерге 15 минутта жеттік. Бұл бес азамат Біріккен Араб Әмірлігі Президентінің қосымша ұшқыштары» деп жауап қайырды. Бұдан кейін Қ. Дәлбеков генерал Досымов бәрімізді жұмыстан босату туралы бұйырық бергенін ескертіп сол жердегі майор Б.Алдабергенов пен А.Диханбаевқа (департаменттегі кадр жөніндегі қызметкерлер) бізден түсініктеме алу туралы тапсырма берді.
Ертеңіне облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал Серімжан Досымов В.Бакиевтің жазған арызы негізінде жедел кеңес өткізіп, бес тәртіп сақшысының мәселесін қарайды. Облыстың бас полицейі жоқ жерден бәлеге ұрынған полицейлерге былай деп дүрсе қоя береді:
--Мен араб елі азаматтарының паспорттарының көшірмелерін көрдім, онда барлығы нақты ашық көрініп тұр. Патрульдік полиция полкінің қызметкері Т.Момбекке арабтардың өкілі Бакиев келіп, олардың біздің облысқа не мақсатпен келгенін түсіндірген. Алайда сіз осыған қарамастан шетел азаматтарын әл-Фараби полиция бөліміне қылмыскерлерді тасымалдайтын автокөлікке отырғызып жөнелткенсіз, оған қандай нәрсе негіз болды?...Оның үстіне аталған өкіл ол жерге өзінің автокөлігімен келген, неге соның көлігімен полиция бөліміне апармадыңыздар? (17 қазан 2009 жылы өткен облыстық ішкі істер департаменті жедел кеңесінің 76 хаттамасынан алынды).
Кешірерсіз генерал мырза, егер арабтардың ұсынған төлқұжаттың көшірмесі мына суреттегідей болса, одан шетел азаматының кім екендігі сізге қайдам, бізге өзіңіз айтқандай, нақты әрі ашық көрініп тұрған жоқ қой. Екіншіден, департаментте тек шетелдіктерді алып жүруге арналған, ішіндегі барлық жағдайы жасалған көлікті бөліп қоймаған өзіңіз емес пе? Ал, полиция қызметкерлері өздерінің қызметіне неге бөтен азаматтың көлігін пайдалануы тиіс. Оған заң рұқсат етеді ме? Тәртіп сақшыларының осындай мағынадағы уәжіне генерал құлақ аспайды.
С.Досымов көші- қон полициясының бастығы Балтабек Аблаевты сілкілеп алады:
--Шымкентке Араб әмірлігі президентінің дипломатиялық ресми сапармен келгенін білесіз және Президентпен бірталай шетел азаматтары келген. Осы мәселе бойынша сізге телефон арқылы хабарласып, барлық басқарма, бөлім басшыларына хабарла дедім. Соны орындадыңыз ба?
Б.Аблаев:--Барлығына хабарладым. Полктің бастығы орнында болмаған соң Б.Қыпшақбаевқа түсіндіріп айтқанмын.
Нәтижесінде генерал Б.Қыпшақбаевқа қарата былай дейді:
--Полк командирінің орынбасары Қыпшақбаев араб делегациясы келгені жөнінде неге қызметкерлеріңізге айтып әрі қарай осыны бақылауға алмадыңыз, Сіз орныңыздан босатыласыз, түсінікті ме?
Б.Қыпшақбаев:--Түсінікті генерал мырза.
Обалы не керек, бес тәртіп сақшысына ара түсіп, әділдігін айтқандар болыпты. Департаменттегі заң бөлімінің бастығы Т.Мұсабеков былай дейді:
--Генерал мырза, ҚР ІІМ 05.07.2002 жылғы №475 санды бұйрығының талаптары бойынша шет ел азаматтарының құжаттарын тексеру барысында патрулдеуші(шолғыншылар) шетелдік құжаттардың тіркелу орны мен уақыты, тұру түрі, визаларын, құжаттарда олардың осы тұрғылықты пунктте болуының заңдылығын куәландыратын тиісті белгілеріне назар аударуы қажет делінген...Бұл жағдайда талқылап отырған шетел азаматтары ешқандай заңбұзушылық жасмағаны анықталып отыр, бірақ аталған бұйрық талаптарына сай оларда төлқұжаттың түпнұсқасы болмаған, ал ксерокстың көшірмесі төлқұжат қатарына жатпайды, оларда төлқұжаттың өзі болуы керек еді.
Бірақ генерал қаһарынан қайтпайды. Бес тәртіп сақшысына қарата ол:
--Барлықтарыңыз қызметтік куәліктеріңізі тапсырыңыздар, боссыздар,-- дегенді айтады.
Т.Мұсабеков:
--Генерал мырза, мен бұл жайт бойынша жинақталған тексеру құжаттарымен таныстырылған жоқпын...Олардың әрқайсысының іс-әрекетіне баға беріп, теріс қылықтарының елеулі немесе ауырлығын, бұрынғы тәртіптік шаралары бар-жоқтығын ескеріп барып шешім қабылдауыңызды сұранамын.
Генерал мырза бұған жауап ретінде былай дейді:
--Бұл жерде әшейін шетел азаматы емес қой. Біріккен Араб Әмірлігі президенті жанындағы қызметшілерімен бірге келген. Дипломатиялық сапармен жүрген шетел азаматтарын заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін қатаң тәртіптік шара қолдануға жатады. Бұл жағдайда шетел азамататрына жақындап, құжаттарын тексеріп, оларға дөрекелік көрсетпей, кешірім сұрап, шетке қарай өтіп кету керек еді.
Жедел кеңестің соңын облыстың бас полицейі Қ.Дәлбековпен, Б.Аблаевқа барлық басқарма, бөлімдерге облыста Біріккен Араб Әмірлігінің делегациясының жүргені туралы телеграмма салу туралы тапсырма берумен аяқтайды (бәлкім, полицейлерге көшеден араб азаматтарын көріп қалса оларға жаймен ғана жақындап, артынан қайта-қайта иіліп кешірім сұрап, төмен қараған күйі шетке өтіп кету туралы нұсқау да қоса берілді ме екен кім білсін?!).
Осылайша облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, генерал С.Досымов өз міндеттерін орындаудан әріге аспаған қарамағындағы қызметкерлерінің тағдырына араша түспей керісінше ай-шайға қарамастан қызметінен босатып жібереді. Бір қызығы, қызметтен босатуға негіз болған В.Бакиевтің арызы департаментте 26 қазанда тіркеліпті. Ал, генерал жедел кеңесті 17 қазанда өткізген. Сонда жедел кеңесті мерзімінен бұрын жедел түрде өткізу генералдың өз шешімі ме әлде жоғарыдағы біреулердің талабы-тілегі ме, ол жағы бізге күңгірт. «Мен сендерге генералдың алдында тізерлетіп тұрып кешірім сұратамын» деген Бакиевтің расында да тегеуріні мықты болғаны шығар. Апырай-ә бір облыстың ішкі істер департаментін тапа-тал түсте тәпсісінен жаңылдырып, тізерлетіп қойған күштердің мықтылығын-ай десеңізші. Оңтүстікке кейінгі кездері жиі-жиі келгіштеп жүрген арабтар дегенде креслода отырған шенуніктер мен генерал пагонын таққан азаматтардың өздерінің алабөтен пейіл, әсіре қонақжайлық танытуының астарында не жатқаны жұмбақ болып тұр.
Өткен ақпан айында бес полицей қызметке қайта орналасу туралы әл-Фараби аудандық сотына шағымданғанымен, сот оны қанағаттандырмаған. Облыстық сот шешімді өзгеріссіз қалдырған. Бәлкім, құрығы ұзындардың билігі ол жаққа да жүріп тұр ма екен?
Айтқандай, «Ішкі істер органдары қызметкері атағына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін» деген негізбен босатылған бес тәртіп сақшысының барлығы да полицияда бұрыннан істеп келе жатқан тәжірибелі тәртіп сақшылары. Мұндай азаматтар мынадай айыптаумен жұмыстан қуылғандықтан енді ішкі істер органдарына қайта қызметке орналаса алмайтыны анық. Барлығының отбасы, шиеттей бала-шағасы бар. Оларды асырау қалай боларын генерал Досымов үшін бәрібір болғаны ма? Жуырда ойда-жоқта тағдыры тәлкекке түскен экс полицейлердің жазған арызын қараған облыс прокуоры Б.Құлтасов мәселенің мән-жайын анықтауды облыстық қаржы полициясының бастығы М.Хайруллинге, ҰҚК Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бастығы Б.Байғазиевке жүктепті. Қаржы полицейлері мен қауіпсіздік қызметкерлері әділдігін айта алады ма, жоқ па? Оны уақыттың еншісіне қалдырдық.
Ғ. Қуандық ,
"Рейтинг" газеті № 17, 13 мамыр 2010 жыл