ОҚО-да дәрі-дәрмек тапшы

Screenshot_7.png

Ал денсулық сақтау басқармасының соттасудан қолы босамай жатыр

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының соттасудан қолы босамай жатыр. Оңтүстік Қазақстан мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының берген мәліметі бойынша дәл бүгінгі күні басқарма мен дәрі--дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтарды жеткізіп беретін мердігер компаниялар арасында 10 азаматтық іс қаралып жатыр. Сотқа дейін жеткен дау-дамайдың түп-төркіні тендерден шығып отыр. Арызданушылар денсаулық сақтау басқармасының 20 қаңтар күні өткізген тендер хаттамаларын жарамсыз деп тануды сұранған. Істі қарау барысында талапкер «Қазмедприбор» компаниясы  өзінің талап арызын қамтамасыз ету туралы өтініш беріп, ол қанағаттандырылған. Осыған байланыты сот іс қаралып бітіп, шешім шыққанша облыстық денсаулық сақтау басқармасына көптеген лоттар бойынша мердігерлермен келісім-шартқа отыруға, ал қазынашылық басқармасына осы мақсатта ақша аударуға тыйым салынды.

«Тендерден негізсіз шеттетіп тастады, мемлекеттік сатып алудың талаптары бұзылды» деген негізбен сотқа талап арыз берген талапкерлердің арасында «Казмедприбор» компаниясынан басқа «Эко-барс», «Фитофарм» ЖШС бар. Бұлардан бөлек «Аптека-5» ЖШС-і басқарманың 30 қаңтар күні өткізген тендер хаттамаларын жарамсыз деп тануды сұранған.  Денсаулық сақтау басқармасы да қарап жатқан жоқ. Басқарма тендерден шеттетіліп қалған мердігер компанияларды мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тануды өтінуде. Қысқасы, қып-қызыл соттасу. Ит-ыржың тірліктің қашан бітері белгісіз. 2012 жылғы дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға бөлінген қайран қазынаның қаржысы қаңтарылып тұр. Ал ауруханалардағы жағдайды біз айтпасақ та белгілі.

Жалпы, тендерден шеттетіліп қалған мердігерлердің сотқа жүгінуі, төрелік сұрауы жаңалық емес. Алайда осындай дау-дамайдың бірінші байлық денсаулық саласының басын шырмап алғанын, тендерге қатысқан мердігерлер мен басқарманың бірін-бірі жаппай сотқа сүйрелегенін  бұрын-соңды бұлайша ушықпаған еді. Егер тендер ашық әрі жариялы түрде, күдік күмәнсіз өтіп, қатысушыларды ең ақырғы сәтте лақтырып тастамаса, компаниялардың жоқ жерден дау іздеп, сотқа шабылар ма еді?

Қаралып жатқан істердің мән-жайын біз экономикалық сотқа барып білдік. Сот жұртшылық арасында «сот тендерді тоқтатып тастады, істерді қарауды созбалаңға салуда» деген алып-қашты әңгімелерге түсінік бере кетті. Арызданушылар сотқа талап қоюды қамтамасыз ету туралы өтініш беруге құқылы және судья арызды жауапкерге және іске қатысатын басқа адамдарға хабарламастан арыз түскен күні шешеді екен. Талапкер сотқа мұндай арызды бергенін және соттың денсаулық сақтау басқармасы мен қазынашылық басқармасына көптеген лоттар бойынша мердігерлермен келісім-шарт жасауға, қаржы бөлуге тыйым салғанын жоғарыда айттық.  «Істерді қарауды сот созбалаңға салды деуге де негіз жоқ. Барлық азаматтық іс заң бойынша екі ай мерзімде қаралып шешіледі. Денсаулық сақтау басқармасына қатысты қаралып жатқан азаматтардың істерінде бұл мерзім сақталып отыр» деді бізгезконикалық соттың өкілдері.

  «Эко-Барс» ЖШС-і мен денсаулық сақтау басқармасы арасында болып жатқан сот отырысына біз де қатыстық. Онда айтылған мән-жайлардан түсінгеніміз, тендерге аз уақыт қалған кезде комиссия «Эко-Барс» ЖШС-інің медициналық құрал-жабдық шығаратын фирмалардың өкілі екендігін растайтын құжатына сенімсіздік білдірген. Басқарманың заңгерлері осы күдікті сейілту үшін құжаттың түпнұсқасын алып келу туралы серіктестікке алдын ала хабарлама бергенбіз дейді. Алайда серіктестік өкілі оны алмағандарын айтып отыр. Тағы бір қарама-қайшылық, тендерге қатысып жатқан «Эко-барс» ЖШС-інің сенімді өкілі екенін растау үшін басқарма шетелдік компанияларға сұрау салған. Олар мұны растамаған. Ал серіктестіктің адвокаттары шетелдік компанияның өкілі екендігін растайтын сенімхаттың алынғанын және оған күдік келтіруге ешқандай негіз жоқ екендігін алға тартып отыр. Мұндай қарама-қайшылықты жою үшін судья Л.Тұрғараева медициналық құрал-жабдық шығаратын бір жапондық, үш ресейлік компанияға сұрау салатын болды. Шетелдік фирмаларға сұрау салуға біраз уақыт кететіндіктен сот отырысы 26 наурызға белгіленді.

    Сот шешімдерінің қашан шығатыны беймәлім. Экономикалық соттың шешімінен кейін жеңілген тараптың жоғары инстанцияларға шағымдануға құқылы. Яғни,  дау-дамайға жуық арада нүкте қойылмайды. Күте тұруға тура келеді. Ал ауруханада дәрі іздеген науқастар қаншалықты күте алады? Қайбір күні ауруханада істейтін медбикелер дәрі-дәрмектің жетіспеушілігінен науқастардың жиі наразылық білдіретінін, тендердің әлі өтпегені туралы әңгімелерді тыңдағысы келмейтінін алға тартып еді. Денсаулық сақтау басқармасының бастығы, тендерлік комиссиясының төрағасы Жұмағали Исмаилов ауруханада шыр-шыр еткен науқастардың мұң-зарына құлақ асып отыр ма?

Б.ЕРНАЗАР


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: