Фото: Азаттық радиосы
Ескерту: Мақала 20.05.18 жылы жарияланды
Қазақстанның екінші президентіне қазіргі ел басшысы Нұрсұлтан Назарбаевта бар өкілеттіктер берілмейді. Билік транзиті жайлы мұндай пікірді "Альтернатива" өзекті зерттеулер орталығының директоры, саясаттанушы Андрей Чеботарев білдірді деп хабарлайды Sputniknews.kz.
Президенттікке кімдер таласа алмайды?
Чеботаревтің пікірінше, бүгінде елде билік транзитінің институционалдық сұлбасы көрініс тауып жатыр. Ол "Қауіпсіздік кеңесі туралы" заң жобасы мен "Сайлау туралы" заңға түзетулерді аргумент ретінде келтіріпті. Сонымен бірге, сарапшының пайымынша, соңғысы президент лауазымына кандидаттар тізіміне "қарапайым адамдардың" ғана емес, билік элитасының да енуіне тосқауыл болуы мүмкін.
"Егер бұрын кез келген адам ел президентіне өзін кандидат ретінде ұсына аламын деп есептесе, енді бұл құқық тек қана республикалық қоғамдық бірлестіктерге ғана беріледі. Біз өткен сайлауларда президенттікке лайықсыз адамдардың сайлауға түсуге әрекеттеніп, тіркеу кезеңінде шығып қалып жатқанын көрдік. Алайда, екінші жағынан, мемлекеттік қызметте ешқашан істемеген, ірі бизнес өкілдері болған адамдар бұдан былай сайлауға қатыса алмайды. Бұл ретте Forbes тізіміне кіретін олигархтарды айтуға болады", — деді Чеботарев Евразия ұлттық университетіндегі көктемгі Еуразиялық жастар мектебінің ашылуында.
Президенттікке кандидаттар ауру-сырқауы жоқтығын дәлелдеуі тиіс деген талапты Чеботарев "айлалы әрекет" деп бағалады.
"Әлдекімді президенттікке кандидат ретінде жібергің келмей ме? Мархабат. Ол кез келген ауруханаға барады, ал оған Астанадан шалынған қоңырауға сүйеніп психикалық ауытқушылығы бар деп жазып береді. Адамды әкімшілік жауапкершілікке тартудың керегі жоқ, оның сырқат екенін айтса жеткілікті. Менің көзқарасым бойынша, мұның бәрі керексіз кандидаттарды жібермеу үшін жасалып жатыр. Алайда бұл қоғамнан емес, билік элитасынан шыққан тұлғаларға қатысты. Қарбалас шақ туған кезде президенттің айналасындағы адамдар өз адамын ұсынады, қарсы топтан біреу шығып, "Мен де ел басқара аламын" деуі мүмкін. Сол кезде осы технология қолданылады", — деп пікір білдірді Чеботарев.