Барыс әкімдер кімдер?

big_4caffdb0fcb9d79e599ff9ecf13d4dc1.jpg

Алла қаласа, енді санаулы күндерден соң Сиыр жылын шығарып салып, Барыс жылын қарсы аламыз. Әрине, жылдың жаманы жоқ, әр жылдың өзіндік ерекшелігі, өзіндік қасиеті бар. Әйтсе де біздің ел жыл иелерінің ішінде Барысқа ерекше мән береді. Теңбіл түсті тау тағысы Барыспен Қазақстанның болашағы, мақсат-мүддесі тығыз байланысып жатқан сияқты. Оның бір дәлелі ретінде елді, ұлтты дамытудың негізігі ұстыны саналатын – «Қазақстан – 2030» бағдарламасының символына осы Барыс таңдалып алынғанын айтуға болады. Мұның Қазақстан 2030 жылы Азияның Барысына айналады деген ниеттін туындағаны анық. Елбасының «Қазақстан-2030» Стратегиялық бағдарламасында еліміздің символы ретінде барыстың не үшін таңдалғанын былай түсіндіріледі: 

«Президент Барыстың бейнесін кездейсоқ алып отырған жоқ. Жұлындай жұтынған ортаазиялық Барыс... Барыс – сыры жұмбақ жануар. Ол өзіне өзгелердің назарын еріксіз аудартады. Барынша жіті көз тігуге мәжбүр етеді. Өзінше дербес, тәкаппар, топтанып жүруді ұнатпайтын, мейлінше сақ, бірақ, қорқақ емес, барынша батыл, бірақ өзгелерге қиянат жасап, біреудің мекені мен жеміне көзін алартпайтын, басқаларға жоқтан өзгеге бола азу көрсетіп, тырнақ батыруды білмейтін, бірақ өзінің есесін ешкімге де жібермейтін, айнала төңірегіндегілерді ақырып-бақырмай-ақ, айрықша шалымдылығымен өзін сыйлата алатын текті жануар. Ешқашан қапия қалмайтын аса сезімтал, айбынды қасиетке ие...

 Бұл метафора біздің мемлекет ретінде қандай қасиеттерді қалайтынымызды көрсетеді. Біздің қазіргі дүниеде өзімізбен-өзіміз томаға-тұйық болуға да, сондай-ақ өзгелерге ұқсаймыз деп өзіндік қадір-қасиетінен жұрдай айрылып қалуға да тырыспайтынымызды, жан-жағымызбен жарастықты қарым-қатынаста өмір сүргіміз келетіндігін айқын көрсетеді. Күшімізге кәміл сене отырып, өзгелерге ұстамды бола алу саяси мінез-құлқымыздың мақсаты мен мәні болмақшы. Ондай байсалдылық бізді өзгелердің алдында құдай жорғалаудан да, кеудемсоқтық даңғазалықтан да сақтай алады. Сондай-ақ өзімізге-өзіміз тамсанатын немесе жоқтан өзгеге бола өзімізді-өзіміз жерден алып, жерге салатын ерсі қылықтарға да ұрындырмайды».

Барыс бір бағдарламаның ғана емес, елдің, қазақ халқының, ұлттың символына айналып кеткеніне жақында тағы куә болдық. 2011 жылы Алматы мен Астанада өтетін қысқы Азия ойындарының негізгі символы да осы тау барысы болмақ. Бұл туралы жақында еліміздің Туризм және спорт министрінің орынбасары Талғат Ермегияев мәлімдеді. Бұдан басқа ел Үкіметі барыстай батылдық танытып, ерлік көрсеткен ұл-қыздарының өңіріне «Барыс» медалін тағады. 

Әр жылдың өзіндік бір ерекшелігі болады деп әлгінде айттық. Барыс жылы Сиыр жылынан кейін кіреді. Оның ауыртпалығы да, жақсылығы да аралас. Бұрындары барыс жылында есте қалатын елеулі оқиғалар болмағандықтан оны жайсыз жыл санамайды, жамандамайды. Біздің ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) барыс жылы туып (570), ұлу жылы қайтыс болған (632). 1937-38 жылғы саяси қуғын-сүргін де осы барыс жылында болып, 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасы барыс жылына тұстас келді, Мұстафа Шоқай барыс жылы туып, жылан жылы қайтыс болды (1890-1941).

    Барыс – сыры жұмбақ жануар деп әлгінде айттық, сол сияқты Барыс жылының да осындай жұмбақ жәйттері жетерлік. Іштен тынып, үндемей жүріп, бір күнде бұрқ ете қалған әйгілі Желтоқсан көтерілісінің де осы Барыс жылында орын алғаны бір жағы осы тау тағысының нағыз бейнесін, мінез-құлқын танытып тұрғандай ма, қалай өзі... Қазақ халқы ежелден-ақ жыл атауларына ерекше мән беріп, соған қарай адамдардың мінез-құлқын, ерекшелігін сипаттап отырған ғой. Ендеше Барыс жылы дүниеге келгендердің ерекшелігі неде? Барыс жылы дүниеге келген жандардың бойынан Барысқа тән тектілік, қасиет көре аламыз ба? 

Үш әкімнің қандай ұқсастықтары бар?

Ғаламторды шарлап отырып, көзіміз мына мәліметтерге түсті. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов, Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов және Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов осы Барыс жылында дүниеге келіпті. Бұл үш азаматты да ел жақсы таниды. Ендеше осы үш азаматтың мінез-құлқында, жүріс-тұрысында, ел басқару тәсілінде қандай ұқсастықтар бар деп ойлайсыз? Бірден көзге ұратыны бұл үш азаматтың да ақырын жүріп, анық басатыны, асығыс қимылға бармайтыны, сосын тау барысы сияқты елдің көзіне көп түсе бермейтін, сыры жұмбақ жан екендіктері. Әсіресе Серік Үмбетов туралы елдің ықылас-пейілі ерекше. Әдемі күлкісімен, мағыналы да мәнді әңгімесімен елдің жүрегін бірден жаулап алатын Серік Әбікенұлы екі облысты басқарды, ауылшаруашылығы министрі болды. Ел ол кісінің президент Н. Назарбаевқа жақын туысқан екенін көп айтады. Бірақ С. Үмбетов президенттің туысқаны болғандықтан ғана мұндай беделге ие болған жоқ. Үмбетов кешегі Кеңес Одағы кезінен биліктің тізгінін тастамай ұстап келе жатқан өте тәжірибелі, үлкен ортада беделі орасан басшылардың бірі. Ол өте ұстамды, мейлінше сақ, бірақ, қорқақ емес, барынша батыл. Бір адамға елдің көзінше дауыс көтеріп, ұрсып, не болмаса бұлқан-талқан болып ашуланып, қатты ренжіп жатқанын көрмейсіз. Қашанда сабырлы, салмақты. Жамбылдықтар әлі күнге С. Үмбетовті аузынан тастамай, мақтап жүреді. Алматы – негізінен ауылшаруашылығымен көктеп отырған облыс. Бұған дейін Ауылшаруашылығы министрі қызметін атқарған Үмбетов бұл үлкен облыстың шаруасын, жәйін бес саусағындай білетіні анық. Өзі де алғаш рет еңбек жолын осы облыстағы шаруашылықта бастаған. Сондықтан Үмбетов Алматы облысын ши шығармай басқарып отыр. Еліміздің элитасы, Үкімет мүшелері Үмбетовпен санасады, сыйлайды, бәрі мейлінше ол кісімен жақын араласуға тырысады. Бетегеден биік, жусаннан аласа болып жүргеннен кейін болар, Үмбетов саясатта өзіне жау тауып, ақпарат құралдары арқылы салғыласып жатқанын байқамаппыз. 

Ахметжан Есімов... Әрине, саясатта белгілі тұлға болғанымен, бір жағы жұмбақ адам. Жұмбақ адам болғандықтан болар Ауылшаруашылығы министрі болып жүрген оны Алматы қаласына әкім болып келеді деп ешкім ойлаған да жоқ. Алматы – елдің кешегі астанасы, шығармашыл жандардың ордасы, үлкен мегаполис қой. Алматы қаласын басқарғалы бері Есімов елдің көзіне жиі көрініп, даусы жарқын-жарқын шыға бастады. Бұл да беталды эмоцияға берілмейтін, саясатта жіті әрі сақ қимылдайтын басшы. Сөзді баппен, салмақтап сөйлейтін кісі. Есімовтің әкімдік қызметінен шу шыққан жері жоқ. Алматы – үлкен саяси орталық қой, күнара ұрандап, плакаттар көтеріп, топ-топ болып алаңға шығып, әкімшіліктің есігін ұратын үлескерлер, басқа да саяси топтардың мұндай тірлігіне Алматы мэрінің көзі де, құлағы да үйренген. Есімов Алматыдағы қалыптастыратын абырой-беделіне ойлағандықтан та болар 2011 жылы өтетін қысқы Азия ойындары жоғары деңгейде өтуі үшін бүгінннен бастап жанталаса қимылдап жүр. 

Ахметжан Есімовтің биыл жыл қорытындысы бойынша халықаралық мәртебеге ие марапатты иеленіп, әлеуметтік сауалнама жүргізу арқылы анықталатын «Жыл әкімі» номинациясын иеленуі, сыны қатал сарапшылардың сүзгісінен сүрінбей өту арқылы Қазақстанның өзге өңірлеріндегі әкімдердің арасынан аты озып шығуы талй жайтты аңғартпай ма?

Асқар Мырзахметов... Жасыратыны жоқ, бұған дейін талай-талай қызметтер атқарған Асқар Мырзахметов саясатта енді ғана танылып келе жатқан тұлға. Азғантай ғана уақыт Ауылшаруашылығы министрі болған кезде болмаса, Мырзахметов бұған дейін елдің алдына көп шыға қойған жоқ. Әйтсе де Мырзахметов облыс тізгінін қолға алған күннен бастап, ел басқару ісінде өзіндік тәсілі, өзіндік тәжірибесі бар екенін дәлелдеді. Бұған дейінгі облыс басшылары аудан аралағанда алдын ала сызылған жоспар, сценарий бойынша  шектелетін болса, Мырзахметов бұл дәстүрге реформа жасады. Облыс басшысының ауыл-аймаққа бүкіл командасымен барып, топ-топқа бөлініп, кешке дейін ауданның түкпір-түкпірін аралайтыны шыны керек, елдің көңілінен шықты. Мінез жағынан келгенде Мырзахметов тұйықтау сияқты көрінгенмен сөзге сараң емес, шешендігі де бар. Батыл, кез-келген мәселеге жіті қарайды. Барысқа тән батылдығымен қол астындағы басшыларды қуырып алатын кезі де бар. Мырзахметовтің облыс әкімі орынтағына отырғанына әлі жылға да жетпегендіктен оған баға беруге асықпай тақсыр уақыттың еншісіне қалдырдық.

Екі құрдас, екі мінез...

Екі құрдас, еліміздің энергетика және минералды ресурстар министрі Сауат Мыңбаев пен «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматуллин де Барыс жылының тумалары екен. Екеуі де ғылыммен шұғылданған, Нығматуллин ғылым докторы, ал, Мыңбаев ғылым кандидаты. Екеуі де еңбекке ерте араласты. Сауат бірнеше министрлікті басқарды және премьер-министрдің орынбасарлығына дейін жоғарылады. Нығматуллин министрдің орынбасары, Астана қаласы әкімінің орынбасары, Қарағанды облысының әкімі қызметтерін атқарды. Екеуі де президент аппараты жетекшісінің орынбасары болды. Сауат Мұхамбетұлы ірі қызметтерге ерте қол жеткізді де, елге ертерек танылды. Нығматуллинді ел Қарағанды облысының әкімі болған кезден бастап жақсы тани бастады. Екеуі де орыс тілді. Қазақшалары да әжептеуір, бірақ көбінесе ресми тілде сөйлегенді жақсы көреді.

Сауаттың бойында бір тұйықтық бар. Қанша қызмет атқарып жүрсе де Сауат Мыңбаевтың мың құбылғанын байқамадық. Жүзінен сабырлылық есіп, көп оқып, көңілге көп тоқитын жан екені көзге бірден ұрып тұрады. Керісінше Нұрлан Нығматуллиннің бойында елдің алдына шығып көсіліп сөйлеуге, ақпарат құралдарында жиі көрінуге деген құмарлық басым. Қарағанды облысын басқарған үш жыл ішінде Нығматуллин суырылып алдыға шығып та кеткен жоқ, салпаңдап соңында қалған да жоқ, әйтеуір тізімнің жуан ортасында жүрді. 

«Барыстықтардың» барлығы бірдей байсалды емес

Әрине, Барыс жылы туғандардың барлығының мінез-құлқы бірдей болуы мүмкін емес. Адам өскен ортасына, тәрбиеленген ошағына қарай бой түзейді.  Барыстықтардың барлығы бірдей байсалды, тыныштық сүйгіш, сен тимесең өзі келіп соқтықпайтын, бейбіт құмар жандар емес екен. Барыс жылының құшағында Рахат Әлиев, Ғани Қасымов, Амангелді Шабдарбаев секілді белгілі тұлғалар да іңгәлап дүниеге келген екен. Рас, еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарып, жақында ғана президенттің кеңесшілігіне ауысқан Амангелді Шабдарбаев өте жұмбақ адам. Соңғы кездердегі елдегі саяси жағдайлар, ірі лауазымды тұлғалардың түрмеге қамалуы, кейбірінің шетелге қашып кетуі, мұның бәрінде ұлттық қауіпсіздік қызметі жүрді және бәрінде Амангелді Шабдарбаевтың есімі дүркін-дүркін аталып жатты. Бірақ бәрібір Шабдарбаев елдің алдына мүлдем шыққан жоқ десе де болады. Ол жөнінде қандай да бір даулы әңгімелер айтылып жатса да, комитет төрағасы елдің алдына шығып, ағынан жарылып, ақталған жоқ. Шынын айту керек, қарапайым халық Амангелді Смағұлұлының жүзін жақсы да танымайды. Соңғы кездері саясатта Шабдарбаевтың есімі көп аталды, бірақ ел сол күйі Шабдарбаевтың үнін естуге зар болып кетті. Яғни, Шабдарбаевта да елден саяқ жүргенді қалайтын, көптің алдына шыға беруді қаламайтын қасиет бар. 

Ал, Ғани Қасымов пен Рахат Әлиевті осындай жандар деп айта алмайсың. Бір кездері еліміздің кеденін басқарып, әскери адамдарға тән (шынында Қасымов генерал ғой) шарт та шұрт мінезімен елге танылған Ғани Қасымов қайбір жылы президентке үміткер болып, сайлауға да түсті. Міне, Ғани Қасымовтың шын бет-бейнесі сол кезде ашылды. Саяси ұпай жинау үшін теледидарда сұхбат алып отырған тілшіні стаканмен жіберіп ұрып, өзінің Дон Кихоттығын танытты. Жалпы Қасымов сырт көзге табиғатынан өршіл, қайсар, алған бетінен қайтпайтын бірбеткей болып көрінеді. Бірақ, бұл кісі үшін елдің, биліктің назарынан тыс қалу өліммен тең сияқты. Қашанда елдің алдында, биліктің назарында жүргісі келеді. Содан болар кей кездері сахнада ән айтып, теларнадағы көптеген бағдарламалардың жиі-жиі қонағы болып кететіні бар. Әйтсе де Парламент Сенатындағы өңкей нұротандықтардың арасындағы жалғыз патриотшыл Қасымов соңғы жылдары өзінің саяси салмағын жоғалтып, биліктің ыңғайына жығылып бара жатқаны жасырын емес. Баяғы стакан сындырып, сыпыра боқтайтын шарт та шұрт мінезі қазір қалған. 

Шетелде жүріп, президент туралы кітап жазып тастаған Рахат Әлиевтің дауын елдің бәрі біледі. Рахат Әлиевтің мінезі туралы газеттерде, белгілі саясаткерлердің кітабында көп жазылды. Рас болса, Рахат Әлиев өте кекшіл, билік құмар және ол пиғылын ешкімнен жасырмайтын, билікті қолға алу  үшін неге де болса даяр тұратын тік мінезді адам. Қазір ғой, Венадағы Р. Әлиев қойдан жуас, момын, дүниедегі ең шыншыл, әділетсіздікке жаны шыдамайтын адам болып жатқаны... Жалпы алғанда Рахат Әлиев тәуелсіз еліміздің өркендеуі үшін не істеді дегенге келер болсақ, бұл сұрақтың жауабын табу қиын. Негізгі мамандығы тіс дәрігері, бірақ ақ халат киіп, адам емдегенін естімеппіз. Жап-жас генерал атанып, елдің қауіпсіздік және сыртық істер саласында еңбек етті. Қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқара жүріп, елдегі ірі кәсіпкерлердің бизнестерін тартып алумен шұғылданғаны бұқаралдық ақпарат құралдырын шулатқаны белгілі.. Жалпы алғанда Рахат Әлиевтің елден жырақ, жалғыз өзі Венада жатқаны ғана биік тауда жалғыз жортатын Барысты еске түсіреді, ал, мінез жағынан келгенде Барысқа ұқсайтын бірде-бірде ұқсастық таба алмайтын  сияқтымыз.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: