Әкімқаралар мәслихат хатшысын сайлау барысында жұрттың көзінше үлкен дау туындап, ұятқа қалудан қауіптенген сияқты. Депутаттық корпустың басшылығына алдын ала таңдалған адамның кандидатурасын сәтті өткізу үшін сессияның алдында немесе сессиядан бір күн бұрын «Нұр Отан» партиясы фракциясының жиынында дауыс беруге асыққандары таңдандырады. Сонда өзін өзі ұсыну арқылы «Нұр Отанды» ұтып сайлауда жеңіске жеткендердің дауыс беру құқығы қайда қалды? Өзге партиялар да ұтса да, ұтылса да кандидатура ұсынуға құқылы ғой. Жарайды, бұл жайлы бөлек әңгіме қозғайтын боламыз. Тақырыптан ауытқымай мәслихат хатшылығы туралы тарқатып айтсақ...
«Рейтинг» газетінің өткен аптадағы санында облыстық мәслихат хатшылығынан үміткерлер жайлы жорамал жасап сөйлегендер бір емес бірнеше рет атын атаған Құдайберген Ержан расында да «Нұр Отан» фракциясының жиынында депкорпустың басшысы болды. Ертеңіне өткен сессияда ақсақалдығы ескерілген болар, бесінші шақырылымның алғашқы сессиясының төрағалығына Ережеп Қанаевқа таңдау түсіпті. Сессияда тұрақты комиссиялардың төрағалары мен мүшелері сайланды. Мәселен, депутат Әбілқасым Досболов төрағасы болған бюджет және экономикалық даму жөніндегі комиссиясында 13, Серікжан Сейітжанов төрағасы боған ауыл-аймақтардың дамуы жөніндегі тұрақты комиссиясында 9, Дәурен Ахметов тізгінін ұстаған кәсіпкерлікті, құрылыс және коммуналдық саланы дамыту жөніндегі комиссияда 11, Өмірзақ Мелдеханов басқаратын азаматтардың құқын қамтамасыз ету және жергілікті өзін өзі басқару жөніндегі комиссияда 7 және Саттар Қуашбаев төраға болған әлеуметтік даму жөніндегі тұрақты комиссиясында 9 адам болуы тиіс екен. Дегенмен депутаттарға еркіндік берілді. Кім қай комиссияны қалайды, соның тізіміне жазылу үшін 10 минут үзіліс жарияланды. Үзілістен кейін қай комиссияға қанша үміткердің тіркелгені белгілі болды. Енді мына қызыққа қараңыз: тікелей қаржыға қатысты бюджет және экономикалық даму комиссиясына мүше болуға 23 үміткер талаптанса, кәсіпкерлік пен құрылысқа, коммуналдық саланы қамтитын, яғни майлы саналатын атауы жақсы комиссияда 19 депутаттың тер төккісі келетіні айқындалды. Ауыл-аймақ, табиғат пен әлеуметтік дамуға 8-9 адамнан жазылса, азаматтардың құқын қорғау, жергілікті өзін-өзі басқару комиссиясында жұмыс істеуге бір-ақ депутат ниет білдіріпті. Кешегі үгіт-насихат науқаны кезінде халықтың жағдайын, азаматтық құқықтарын бірінші орынға шығарып сөйлеген кандидаттар депутат болып сайланып алғаннан кейін балға үймелеген арадай қаржы жағына не себепті қисая кетті екен? Білеміз, бал ұстаған бармағын жалар. Алайда күндіз-түні халықтың қамы үшін деп ұрандатқан депутаттар шын мәнісінде халықтың азаматтық құқын қорғауға құлықсыз болғаны ма? Сайлауалды бағдарламадағы бас айналдырар әдемі әңгіменің ауаны басқа сияқты еді... Алайда, қалаулылар комиссияға өз қалауымен мүше бола алмады, кімге қай комиссия бұйырса сонда жұмыс істейтін болып келісілді.
Ал аудандық, қалалық мәслихат хатшылары жайлы аз-кем айтайық. Шымкент қаласы мәслихатының бұрынғы хатшысы Нұрлан Бекназаровтың қайта сайланатынына шүбәміз болмаған еді. Айтқанымыз айнымай келді. Сессия сценарийден бір елі де ауытқыған жоқ. Тіпті онымен таласқа түспек болған депутат Оразбек Ешімбетовтің ештеңені сездірмей тойған қозыдай томпиып отырды, әлде уәдеге тойды ма екен? Сценарийден тыс айтылған қалалық сайлау комиссиясының төрағасы С.Пакеевтің бір ғана сөзі есімізде қалыпты. «Өтініш, халық сенімін ақтаңыздар», - деп өтінді ол. Төрағаның сөзіне алып-қосарымыз жоқ.
«Рейтинг» жазғандай Қазығұрт пен Мақтарал аудандарында кімдердің жаңа хатшылыққа сайланатыны жайлы болжам да дәл келді. Көп жыл қызығын көрген аудан әкімінің орынбасары қызметін көзі қиып тастаған Мұхтар Момынов та, көрші елдегі елшілікте кеңесшісі болған Омарбек Нұржанов та хатшы қызметіне кірісті. Жалпы алғанда, облыс аумағындағы 15 аудан-қаланың 8-інің хатшысы жаңаланса, қалғанының бұрынғы хатшылары өз қызметтерін сақтап қалды. Әсіресе, асығы алшысынан түсіп келе жатқан Ордабасы аудандық мәслихатының хатшысы Перналы Жұрманның арманы жоқ шығар, сірә. Өйткені, ол осыменен қатарынан төртінші рет мәслихат хатшылығына сайланып отыр.
Шадияр Молдабек