Өткен аптада Отырар ауданының әкімі Әлімжан Құртаев қызметінен кетті. Өз өтініші бойынша... Әрине, әкімдік қызметте әріптестерімен тай-құлындай жарысып, шапқылап жүрген Әлімжан Құртаевтың ойда-жоқта жолдан шығып қалуына жұрттың жорамалы бойынша жақында ғана бір орынбасарының ірі көлемде парамен ұсталуының салқыны тиген сияқты. Әйтсе де, құқық қорғау органдары күнара бір қызметкердің қолына кісен салып, адам көлеңкесінен қорқып қалған осынау алмағайып заманда «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп мансабын ортаға атып ұрған азаматтардың некен-саяқ екенін мойындауымыз керек. Бұл жағынан келгенде әрине, Әлімжан Құртаевтыкі азаматтық.
«Қарамағындағы қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысымен ұсталып жатса, оның бастығы да қызметінен кетуі керек» Басқаны қайдам, бастық адамның зәресін зәр түбіне жіберетін бұл жалынды сөзді алғаш рет Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Нұрғали Әшімов айтқан болатын. Алайда бұдан кейін қызметкері «қолға» түскен бастықтың «біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін жауап береміз» деп, қосақтың арасында қылғынып, қызметінен босап жатқан шенеунікті көргеніміз жоқ. Бірден айтайық, біз бұл мақаламызда Отырар ауданының әкімін ақтап, Құртаев қызметінен кетпеуі керек еді, әділетсіздік болды деп жаһанға жар салғымыз келіп отырған жоқ. Әкім де Алланың пендесі. Қызметке тағайындалады, бұйрық болған күні орнынан босайды. Әкімнің еңбегіне бағаны алдымен ел береді емес пе?! Әйтсе де, Әлімжан Сейітжанұлының Отырар топырағында атқарған бірқатар оң тірліктерін ел аңыз қып айтып жүргені жасырын емес. Вальс королі – ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқов атындағы ән фестивалы алғаш рет Шымкентте шыр етіп дүниеге келгенімен, кейінірек қолдан-қолға өтіп, тіпті бір жылдары Жамбыл облысына әкім болған белгілі азамат Амалбек Тшанның соңынан Таразға жетім баладай жылай-жылай кеткенін ел әлі ұмытқан жоқ. Құртаев Отырардың тізгінін ұстап тұрған тұста ұлы сазгердің рухын туған жерімен қауыштырды. Сөйтіп Шәмші Қалдаяқов атындағы ән фестивалі тұңғыш рет сазгердің туған жері – Шәуілдір топырағында дүрілдеп өтті. «Сонау Сирия жерінен мәңгілік мекен бұйырған Бейбарыс және әл-Фараби бабаларымыздың моласынан туған жеріне бір уыс топырақ әкелініп, керісінше туған жердің топырағы бабалар жатқан мекенге апарылады екен» деген әңгіме шынын айту керек, Құртаевқа дейінгі әкімдердің кезінде айтылатын. Бірақ осынау ұлы міндетті орындау Құртаевтың маңдайына жазылыпты. Бұл күн -- Ұлттық Рухтың оянған күні болды. Отырар елі, Отырар жері бабалар рухымен қауышып, өлінің риза, тірінің байыған күні болды. Бұдан басқа қазақ өнері мен мәдениетінің жанашыры Өзбекәлі Жәнібековтің туған жерінде мерейтойының аталып өтуін, аудан әкімінің жақсы оқитын жастарға әл-Фараби бабамыздың атындағы стипендия тағайындауын да жұртшылық жылы қабылдады. Талай-талай тарихты қойнауына жасырып, құпиясын бүгіп жатқан Отырар жерінде туризмнің де тұсауы енді-енді кеңейе бастаған-ды.
Әрине, әкімнің еңбегіне бағаны ел береді деп жоғарыда айттық. Қалай дегнемен де Отырар ауданының әкімі Әлімжан Құртаев қызметінен кетті. Қайталап айтайық, өз өтініші бойынша... Алайда «қарамағындағы қызметкері сыбайлас жемқорлық қылмысымен ұсталып жатса, оның бастығы да қызметінен кетуі керек» деген қағиданы Құртаевтан басқа қайсысы қаперіне алды?! Қайсысы қызметті өз өтінішімен тапсырды? Әйтпесе қарамағындағы орынбасары парамен ұсталған шенеунік жалғыз Әлімжавн құртаев пе екен? Осыдан бір-екі жыл бұрын облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті бастығының бір орынбасары ірі көлемде пара алу үстінде қолға түсті. Өзінің командаласы, облыстың сол кездегі әкімі Нұрғали Әшімовке адал және оның сөзіне тақ тұратын болса аталмыш департаменттің сол кездегі бастығы Айгүл Бекетова осыдан кейін қызметінен кетуі керек еді. Бірақ қызметінің қызығын көруді жалғастырған Бекетова дәл қазір Астанада Әшімов басқаратын экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігінде түк болмағандай бір департамент бастығының қызметін атқарып жүр. Өз қолымен тағайындаған облыстық құрылыс департаментінің бастығы да ірі көлемде парамен ұсталып қалғанда тікелей бастығы Нұрғали Әшімов мүлдем қыңған жоқ. Өз сөзіме өзім жауап беріп өзгелерге өнеге көрсетейін демеді. Ердің екі сөйлегені өлгені екенін есіне де алған жоқ. Тізбелей берсек орынбасары парамен ұсталған, болмаса сыбайлас жемқорлықпен айыпталған аудан әкімдері, мемлекеттік мекеме басшылары аз ба? Бірқатарының айыбы әшкере болды, енді бірқатары темір тордың арғы жағына тоғытылды. Бірақ осы орынбасарлардың қайсысының бастығы бетті басып, қатты сасып, қызметіне қолын бір сілтеп кетіп қалды? Ешқайсысы да... Ендеше «қызметкері ұсталып қалса, бастығы қызметінен кетуі керек» деп елді алдап, алаулатып-жалаулатудың қажеті қанша еді?! Жалпы бұл талаптың біреуге оң, біреуге тоң болып келетін несі?! Тегінде кемшілікті мойындай білу де адамның ішкі парасатына, дүние-танымы, адалдығына байланысты екен ғой.
Әрине, өмір мұнымен тоқтап қалмайды. Қанша жерден «Құдай сақтасын» десекте құқық қорғау органдары әлі талай жемқорды қармаққа түсіретіні анық. Бірақ, бұдан кейінгілер қайтеді? Қарамағындағы қызметкер «қолға» түсіп қалса оның бастығы Құртаевтың азаматтығын қайталай ала ма? Қайсысы қызметін қиып, өзін кінәлі сезінер екен?! Әй, қайдам...
"Рейтинг" газеті, 2009 ж