Мақтау, марапаттау, медаль тағу, сыйлық беру, грамота тапсыру…Әйтеуір Оңтүстікте осындай ырду-дырдулар толастамай тұр. Әрине, еңбектің дер кезінде бағалағанғанына не жетсін! Бірақ мәселе қалай бағаланғандықта емес, кімнің бағалағандығында емес пе?
«Ғылым әлемінде Ломоносов мелдалінің иегері аса жоғары бағаланады. Жылына осы марапатқа ие болу бақыты екі-ақ адамға бұйырады… Олай болса, Исмаиловтың еншісіне бұйырғаны қай Ломоносов медалі?»
Кезінде «Рейтинг газетіне облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаиловқа дүйім жұрттың көзінше тапсырылып, ақпарат құралдары ел-жұрттан күндіз-түні сүйінші сұраған медалінің екінші жағына үңіліп, жүргізген журналистік зерттеуімізде осылай деп жазып едік. Осы зерттеуде облыстың бас дәрігерінің омырауына тағылған медалдің шын мәніндегі Ломносов медаліне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын «самопал», дәлірегі ақша ұсынған адамдарға тәтті күлше сияқты таратып келе жатқан әлдебір комитетке тиесілі екеніне тоқталғанбыз. Алдымен қайырымдылық шотттарына қаржы аудартып, медалді мәдени түрде саудалаған комитеттің қоржынында Ломоносов сияқты 73 түрлі марапаттың барын, тіпті оның жұмысына Ресей Бас прокуратурасының өзі де алаңдап, айып таққанынын осы мақаламызда жазғанбыз. Ж.Исмаилов мұны мойындаған да жоқ, жоққа да шығармады. Енді мына сәйкестікті қараңыз:
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Жұмағали Исмаилов соңғы кездері тағы да марапат алып, елді таңқалдыруын қояр емес. Қайсыбір күні теледидардан «Исмаилов «Алтын қыранмен» марапатталды» деген ақпарат тарағанда не сенерімізді, не сенбесімізді білмей дал болдық. Бұл қай «Алтын қыран»? Біздің білетінініміз, «Алтын қыран» ордені елдегі ең жоғары марапаттың бірі. Оған үміткерлерді тек Елбасы ғана анықтайды. Кезінде осы орденмен Елбасы Ұлыбританияның королевасы Елизавета ІІ-ні, Жапонияның императоры Акихитоны, Біріккен Араб Әмірлігінің президенті, шейх Халифа бен Зайд аль-Нахайянді, сонымен бірге Ресей, Өзбекстан, Корея, Франция, Финляндия, Египет елдерінің президенттерін, Германияның канцлерін, Түркияның премьер-министрін марапаттаған екен. Тек президенттер мен патшаларға тиесілі атақ-даңқ Жұмағали Исмаиловтың еншісіне қалай бұйырып кетті екен-ә? Бұдан кейін аң-таң болмағанда қайтесіз?!
Жоқ, Ж.Исмаиловқа берілген «Алтын қыран» ордені емес, белгісі болып шықты. Берген Елбасы емес, «Қыран» деп аталатын тұтынушылар лигасы екен. БАҚ құралдарында осы жөнінде жарияланған ақпараттар ала-құла. Бірі төсбелгі мен сертификат және диплом денсаулық сақтау басқармасына берілді десе, бір телеарналар марапат Исмаиловтің өзіне тиесілі деді. Бірақ қалай болғанда да жоғарыда аталған лиганың жетекшісі марапатты Исмаиловтың өзіне, қызметтік кабинетінде табыс еткенін теледидардан көзіміз көрді.
Бір айта кетері, «Қыран» тұтынушылар лигасы жыл сайын «Алтын қыран» сапа белгісіне лайық үздікті сауалнама нәтижесінде анықтайды екен. Былтыр бұл марапат Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігі сайтының әкімшісіне тапсырылыпты. Ал, биыл «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан Жұмағали Исмаиловтың бағы жанды. «Қыран» аймақтық тұтынушылар лигасы басшылығының айтуынша, денсаулық сақтау басқармасының жұмысы қашанда алдыңғы қатарда екен. Ауруханаларда науқастарға бар жағдай жасалыпты. Шет елдік дәрігерлермен тәжірбие алмасу дұрыс жолға қойылыпты. Медициналық құрал жабдықтар алынып, заманауи техникамен жабдықтау ісі шешіліпті. Теледидардан берген сұхбатында Исмаиловтың өзі де талдау жұмыстарының нәтижесі бойынша халықтың 74 пайызының медициналық қызметке көңілі толатынын, былтыр бұл көрсеткіш 63 пайызды құрағанын мәлім етті. Солай-ақ болсын дейін. Бірақ…
Жыл басынан бері облыс әкімінен қатарынан екі мәрте сөгіс алған Ж.Исмаиловтың жұмысы керемет, қызметі мінсіз дегенге сіз қалай қарайсыз? Бірі қарамағындағы бағыншты қызметкерлердің жұмысын бақылауды әлсіретіп алғаны үшін, екіншісі бас дәрігерлер бас көтеріп, бастығының кемшілігін бетіне басқаннын кейін берілген сөгіс. Жұмағали Исмаиловқа қатысты дау-дамай Шымкенттен асып, Алматы мен Астананың төрін шулатып жатқанда оның марапат алып, жылы жымиып жүре бергені қаншалықты жарасымды еді?
Облыста жыл басынан бері ана өлімі, апта, ай сайын қайталанады. Ай күні жақындап отырған аналардың ойламаған жерден ажал құшуы тұмаудай өршіп тұр. Ақпарат құралдары таратқан мәліметтерге қарағанда, жыл басына бері облыста 18 ана өлімі тіркеліп, ол былтырғы көрсеткіштен әлдеқайда асып кеткен. Соңғы қайғылы жағдай өткен апта ғана Шымкенттегі жедел жәрдем ауруханасында тіркелген. Қазір 28 жастағы ананың неден қайтыс болғанын және дәрігерлердің өз міндеттерін қаншалықты талапқа сай орындағынын арнайы комиссия тексеріп жатқан көрінеді. Бірақ тексеру мың жерден жүргізілсе де, денсаулық сақтау басқармасы басшыларының мұрты да қисаймайтыны бесенеден белгілі емес пе?! Сенімді ақпарат көздеріне сүйенсек енді жұртты әбден шулатып бітірген Жұмағали Исмаилов облыстың 80 жылдық мерекесінің құрметіне де медалмен марапатталмақ. Мәсаған безгелдек! Облыс медицинасында жылт еткен жағымды жаңалық болса, оны Жұмағали Исмаиловпен байланыстырып, марапат береді, медаль тағады. Ал, керісінше, жағымсыз жағдай орын алса, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы судан ақ, сүттен таза болып шығатыны неліктен екен? Әділдік қайда? Әділдік...Сонда қалай? Жұртты дүрліктірген, аз ғана уақыт ішінде облыс әкімінен 2 рет сөгіс алған Жұмағали Исмаилов енді мадақ-марапаттарға лайық болғаны ма?
Мұрағаттан, 01.11.2012 ж