Тәуелсіздіктің тізгіні енді қолға тиген «тар жол тайғақ кешу» кезеңде қазақ бала тумайтындай балабақшаның барлығын болмашы қаржыға пұлдап жібердік. Еңсеміз тіктеліп есімізді жиғаннан кейін бала да, балабақша да керек екенін сезіне бастадық. 2005 жылы облысымызда бүлдіршіндер баратын балабақша саны 117 болса, қазір оның қатары 181 –ге көбейіпті. Соңғы үш жыл көлемінде жергілікті бюджет есебінен 52 мемлекеттік, 12 жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер ел игілігіне берілді. Ал келесі жылдың еншісінде республикалық қазынадан 2360 орындық 8, жергілікті бюджеттен 2 балабақша құрылысына қаржы бөлінбекші. Жалпы алғанда облыстағы балабақшаларда 24609 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның 28 пайызы қаланың, 6 пайызы ғана ауылдағылардың еншісіне тиеді. Іскерлігінің арқасында Созақ ауданының экономикасын алға сүйреп келе жатқан білікті басшы Созақбай Әбдіқұловтың тікелей бастамасымен ауданның білім саласы жақсы жаңалықтармен ерекшелене бастады. Ендігі жерде жартытөбелік бүлдіршіндер облыстағы ең көрікті балабақшаға баратын болды. Екі жыл бұрын «Қазатомпром-Демеу» компаниясы балаларға осындай керемет сыйлық жасады. Балалар бақшасын шымкенттік «Легодом» құрылыс компаниясы жаңа жобамен тұрғызды. Мұнда сәбилердің бақытты сәттерін өткізуге қолайлы жағдай жасалған. Тіпті, жиһазына дейін соңғы үлгідегі дизаин өрнегімен өрнектелген. Ойыншықтары да таза экологиялық заттардан жасалуына мән беріпті.
Дәл осындай екінші балабақша Созақ ауданындағы Қыземшек ауылында орналасқан. Мұнда да балалар қыс бойы жылы бассейнде шомыла алады. Бүгінде Созақ ауданындағы 12 ауылдық округтің сегізінде жаңадан балабақша ашылған. Биыл тағы үшеуі бой көтермек. Француздар Тасты ауылының балаларына көркі көз қызықтыратын балабақша сыйламақшы. Игілікті іске атсалысудан осы ауданнан облыстық мәслихат депутаттығына сайланған Қайрат Беркімбаев та қалыспай ауылына өз қаржысына балабақша салып беріп балаларды қуанышқа бөледі.
Еркін Досымбай,
«Дала мен қала» газетінің меншікті тілшісі