Қазіргі Қазақстан билігінде «Тұңғыш президент» деген лауазымның жоқ екендігі белгілі. Ол Н.Назарбаевқа берілген атақ. Елбасы бүгінгі күні Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы.
Былтыр заңға енгізілген өзгерістерден кейін Қауіпсіздік Кеңесінің құзыреті күшейтілген. Заң бойынша Қауіпсіздік Кеңесі Қазақстандағы ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, конституциялық құрылысты, мемлекеттік тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты және халықаралық аренада Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті құратын және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізуді үйлестіретін конституциялық орган болып табылады.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты Қауіпсіздік Кеңесін Төраға ретінде басқару құқығы өмір бойы тиесілі. Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасымен келісе отырып қалыптастырады. Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі міндеттеріне елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жоспарлау, қарау және олардың іске асырылуын бағалау кіреді.
Мемлекеттік бағдарламаларды, заң жобаларын, маңызды сыртқы саяси және мемлекеттік мәні бар өзге де бастамалар жөніндегі ұсыныстарды әзірлейді. Кеңес Үкіметтің ұлттық қауіпсіздікті, қорғаныс қабілетін, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы қызметінің нәтижелері мен негізгі бағыттары туралы жыл сайынғы баяндамасын тыңдайді. Тағы бір маңызды мәселе-Кеңестің орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың бірінші басшы лауазымдарына тағайындауға ұсынылатын кандидатураларды талқылауға құқығы бар. Яғни, алдағы уақытта Тоқаев облыс әкімдерін, құзырлы орган басшылығына үміткерлерді Н.Назарбаев басқаратын Кеңеспен талқылайды деген сөз. Ал Назарбаев өзі салған сара жолының тоқтаусыз жалғаса беруін осы Кеңес арқылы бақылап, қадағалап отырады.