Президенттің назарындағы рейтингтің пайдасы осы ма?

DSC_11516.jpg



Президенттің  назарындағы рейтингтің пайдасы осы ма?

Бірінші орын алған қызметінен кетіп, ең соңғы орындағы орынтағында ойнап-күліп отыр

 

Өткен аптада Сайрам ауданының әкімі Мұхит Әлі қызметінен босатылып оның орнына бұған дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Уәлихан Қайназаров тағайындалды. Сарғайған парақтардан сыр іздесек кезінде облысты Қалық Абдуллаев басқарған тұста Уәлихан Анарбайұлы Түркістан қаласы әкімдігінің тізгінін ұстады. Облыс әкімі Болат Жылқышиевтің өкімімен бұл киелі қалаға Мұхит Оралбайұлы да әкім болғанын ел біледі. Түмен бап елін басқарған қос азаматтың жолдары сансыз баптар елінде тағы түйісуі тағдырдың жазуы шығар.  Әлеуметтік сала  бойынша облыс әкімі орынбасарының орынтағында отырған У. Қайназаров туралы елдің пікірі жақсы. Өз ісін жетік білетін, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын, әлдебір атқамінерлер сияқты анау-мынау саяси ойындарға қатыспайтын Қайназаровтың Сайрам ауданын сайда қалдырмай, өрге сүйреуге күш салатыны сөзсіз. 

    Ал Мұхит Әлі қарапайым отбасында кіндігі кесілген, жастайынан тағдырдың тауқыметін тартып өскен азамат. Әлдекімдердей атқамінер әкесінің жетелеуімен жетілген адам емес. Еті тірілігінің арқасында тірліктің көзін тауып, кәсіпкерліктің тасын өрге домалатты. Іскерлік қабілеті елеусіз қалмай мемлекеттік қызметке шақырылды. Департамент басқарды. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, Түркістан қаласының әкімі, Төлеби ауданының әкімі ретінде жемісті еңбек етті. Өткен жылы Мұхит Әлі  басшылық жасаған Сайрам ауданы әр алуан салалардың дамуын саралап, әбден сараптап барып әзірлейтін рейтинг бойынша облыста бірінші орын алуы біраз жайтты айтпай-ақ аңғартпай ма? Енді міне 15 аудан, қаланың ішінде рейтингте  бірінші орынға озып шыққан әкім қызметінен кеткенін қарасаңызшы. Есесіне рейтингте ең соңғы орында салпақтап жүрген  Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев түк болмағандай алаңсыз қызметтің қызығын көріп жүр. Облыс әкімі тарапынан да, халықтың тарапынан да, сол халықтың көзі, тілі һәм құлағы саналатын баспасөздің бетінде де тірлігінің жетіспеушілігі тым жиі сыналатын, ол аздай қоғамдық ұйымдармен де соттасып, қарамағындағы қызметкерлерімен дауласып, төңірегі у-шудан арылмай келе жатса да Арман Шәріпбайұлының жылы орыннан жылжитын сыңайы сезілмейді.  Бүгінде аудан әкімдері арасындағы тәжірибесі мол тісқаққан кадрлардан қалған санаулы ғана азаматтың біреуі Мұхит Әлі тізгіннен айырылғанына жұрт әр қилы жорамал жасап жатыр.

   Рейтинг демекші, облысты Болат Жылқышиев басқарған жылдары әкімдердің тірлігіне рең беретін рейтинг мәселесіне қатты мән берілген еді.  Рейтингтік көрсеткіште көш соңында қалған үш аудан, қаланың әкімі қызметінен кеткені елдің есінде болар. Білетініміз қазір рейтинг мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жасалады. Бұл осы арқылы өңірдегі өзгерістерді байқап отыру үшін қажет екені белгілі.  Алайда бірінші орын алған қызметінен кетіп, ең соңғы орындағы ештеңе болмағандай ойнап-күліп орынтағында отырса  рейтинг әзірлеп әбігерге түсудің, елді алдарқатудың не қажеті  бар еді десеңізші. Президенттің назарындағы рейтингтің пайдасы осы ма? Әлде облыс әкімі Асқар Мырзахметовті мұндай шешім қабылдауға мәжбүрлеген, біз білмейтін бір мәселе бар ма?


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Президент «Жусан» операциясы бойынша мәлімдеме жасады
  • Назарбаев Қызыл алаңдағы әскери парадқа қатысты
  • Бүгін Сенат төрағасы 56 жасқа толды
  • Түркістанның сауда орындары қала сыртына көшіріледі
  • Шөкеевтің өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: