ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Отырар ауданында

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің  мүшелері Түркістан облысына жасаған сапарын Отырар ауданынан бастады. Мәртебелі меймандарды аудан әкімі Ерлан Айтаханов Отырардың кіре беріс бас қақпасының алдынан күтіп алды. 

Халық қалаулылары алдымен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінде болып, ондағы былтыр ғана жаңа технологиялармен  жасақталған экспозиция залын тамашалады. Экспозиция залында тарихы шежіреге толы киелі Отырар өңірінің ежелгі тұрғындарының рухани-материалдық, саяси-әлеуметтік өмірі туралы мейлінше толық мәлімет беретін жәдігерлер жинақталған. Экспозиция жұмысы Мемлекет Басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған мәселелерді жүзеге асыруға, атап айтқанда, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтуге, ұлттық рухты мәңгі етуге септігін тигізуге бағытталған.

Әрбір тасы мен топырағын түртсең ғасырлардан сыр шерте жөнелетін Отырар өлкесі ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін көптеген игі шаралар атқарып жатыр. Күллі мұсылман қауымы тәу етіп, қастер тұтатын Арыстан баб кесенесінің маңайын абаттандыру жұмыстары басталып та кетті. Сондай-ақ, ғасырлар сырын қойнына жасырған Отырартөбе қалажұртына алыс-жақын елдерден келетін туристерге жағдай жасау үшін құрылыс жұмыстары қызу жүруде. Мұнан бөлек, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Арыстанбаб пен Отырартөбе қалажұрты арасындағы аумаққа "Сапар орталығын"  салуды қолға алған болатын. Аталған үш нысан да тамыз айында пайдалануға беріліп, туристерге қызмет көрсету сапасы арта түсетін болады деп күтілуде.

Аралау барысында қонақтар «Отырар төбе» қалашығы мен Арыстанбаб кесенесінде болып, жаңадан салынып жатқан "Сапар орталығының" құрылыс жұмыстарымен және Арыстанбаб кесенесі мен Отырартөбе қалашығының аралығын жалғайтын 1,7 шақырым аумақты құрайтын туристік қызмет көрсету орталықтарының жобасымен танысты.  

IMG-20190118-WA0267.jpg

Мұнан соң меймандар бабтардың бабы – Арыстанбаб және қазақ музейінің жанашыры болған отырарлық Өзбекәлі Жәнібеков кесенесіне зиярат етті. Қазақ халқының ұлттық мәдениетінің, ана тілінің, дәстүрі мен әдет-ғұрпының жаңарып, дамуына елеулі үлес қосқан мемлекет қайраткерінің еңбектері мен өнегелі істерін еске алып, Құран бағыштады. 

Одан әрі аудан басшысы «Фараб» қонақ үйінде ауданымызда жүзеге асатын тың жобалармен таныстырып, жалпы туризмді дамыту бағытында қолға алынған жобалардың мән-маңызын жеткізді.

Арнайы іссапар Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік – мәдени даму комитетінің «Тарихи-мәдени мұраны қорғау мен кеңінен танытуды  заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету»  тақырыбындағы көшпелі отырысқа ұласты.

Отырыс шеңберінде тарихи-мәдени мұраны қорғау мен кеңінен танытуды  заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету мәселелері қаралды, «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобалары талқыланды. 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Президент «Жусан» операциясы бойынша мәлімдеме жасады
  • Назарбаев Қызыл алаңдағы әскери парадқа қатысты
  • Бүгін Сенат төрағасы 56 жасқа толды
  • Түркістанның сауда орындары қала сыртына көшіріледі
  • Шөкеевтің өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: