Мүфтиятқа мойынұсынбайтын мешіттер бар

Screenshot_3.jpg

Жыл өткен сайын елімізде намазға жығылып, мешітке баруын жиілеткен қандастарымыздың көбейіп келе жатқанын дін өкілдері мақтанышпен  (әрине, шүкіршілікпен де) айтады. Көбінесе мұның айғағы ретінде мешіттердің көбейгені келтіріледі. Мешіт ашу меценаттардың арасында модаға айналып кеткені рас. Мейлі, мода ма, әлде басқа бір себеппен бе, елімізде имандылыққа бет бұрғандардың арта түскенінен зиян жоқ. Бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысындағы мешіттердің саны 700-ге жуықтады. Алайда, сырттай қарағанда барлығы тамаша болып көрінгенімен  күрмеуі қиын мәселелердің жеткілікті екені жасырын емес. Уахабизм, бахауия, сопылық, «таблиғи жамағат», «аққулар» секілді діни ағымдар ел-жұрттың санасын улаудан тайынбауда. Бұл секталардың соңғы кезде қарқыны басылғанымен, мәселені жылы ғана жауып қоюға болмас. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының біраз шаруа атқарып,  адасқан бауырларымыздың бір бөлігін  кері қайтара алғанын жоққа шығармаймыз.  

Screenshot_4.jpg

 -Былтыр уахабшылық ағымды қабылдап экстремистердің жетегінде жүріп келген 200-дей қандасымыз қателіктерін мойындаудың нәтижесінде дәстүрлі исламға қайта өтті, - дейді облыстық әділет басқармасы діни істер бөлімінің меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов. – Жалпы, еліміздегі қазіргі діни ахуалды «қалыпты» деп айтуға болады. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда діни басқарманың жұмысы біршама дұрысталып, ел арасындағы үгіт-насихат шараларының  сапасы өсті. 

Уахабизмнің сананы улайтын ілімдерінен құтылу әсте, оңай емес. Оларды тек үгіт-насихат пен бірлік арқылы жеңуге болатыны сөзсіз. Өкінішке қарай  мешіттердің арасында бірлік пен ынтымақ мәселесі көңілге күдік келтіреді. Мешіттердің бірқатары әлі күнге дейін діни басқармаға бағынғысы келмей отыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен шалғайдағы ауылда орналасқан кішігірім мешіттің құқықтары бірдей. Содан да кейбір мешіттер өз алдына жеке саясат жүргізуге әрекеттене бастады. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын  Шұбарсу ауылындағы шағын мешітке зікіршілер жайғасып алған. Көп ұзамай жеке діни бірлестік ретінде тіркелгісі келіп, әділет департаментіне арыз жазады. ҚДМБ-ға кіруден үзілді-кесілді бас тартқан сопылар   астыртын әрекетке көшіп, заң жүзінде тіркеуден өтпесе де мешітте зікір салу өткізуді әдетке айналдырды. Тек кейін мемлекеттік органдардың араласуымен зікіршілер қуылып, қазір мешіт бос тұр. 

Заңның солқылдақтығын сәтті пайдалана білетін  зікіршілер мен  уахабшылардың емін-еркін жүруіне  тек діни басқарманың пәтуасы мен үгіт-насихат жұмысын тосқауыл ретінде қоюға болады. Заңда жазылмаса да, ауызекі берілген тапсырмаға сәйкес, біраздан бері ислами діни бірлестіктерді бір орталыққа бағындыру саясаты жүзеге асып келе жатыр. Мәселен, осыдан төрт жыл бұрын діни басқармаға кірмейтің мешіттердің саны 110-ды құраған. Солардың 80-ге жуығы мүфтиятқа өз еркімен кірді. Қалған 30-ы әлі де дербес бірлестік болып табылады. 

- 25 мешіт қазірдің өзінде-ақ мүфтияттың құрамына кіруге дайын отыр, - деп ой бөлісті облыстық ішкі саясат департаментінің бөлім бастығы Ербол Байқонақов. – Тіпті құжат жүзінде бағынбағанымен, тапсырмаларды орындап, жоспармен жұмыс жасайды. Олардың қолын байлап отырған бір-ақ нәрсе – қаржы. Діни басқармаға қайта тіркелу үшін шамамен 60-70 мың теңгедей шығын кетеді. Шағын мешіттер ондай қаражатты табуға қиналады.  Қаржы жағынан қиындық көрмесе де, басқармаға бағынудан бас тартып отырған мешіттер бар. Табан тіресіп, діни басқармаға өтпей отырған солар. 

Screenshot_6.jpg

Мүфтиятқа «оппозициялық» мешіттердің саны бесеу. Олар: Шымкенттегі Ыбырай қажы, Ысмайыл қажы және Д. Қонаев атындағы мешіттер. Сондай-ақ,  Түркістандағы Асанбай қажы және Арыстағы Рәтай қажы мешіттері. 

- Бұл  діни бірлестіктердің діни басқарманың филиалы болып тіркелуі өте маңызды нәрсе,  - дейді облыстың бас имамы Ахметжан Керімбек. -  Бірақ, заң жүзінде ондай талап болмаған соң, біз күштей алмаймыз. Діни басқарманың құрамына кіруге құлық танытпай отырудың басты себебі-мешітті салған демеушілер шаруашылық мәселелердің барлығын өз бетінше шешкісі келетіндіктен.   

-Түркістандағы «Үш арыс» мешітін зікіршілер жайлап алған еді. Бұл мешіт те мүфтиятқа тіркелді ме?

- Ол мешіт мүфтиятқа филиал болып тіркелді. Дегенмен, мүфтиятқа құжат жүзінде тіркелгенімен құзыры, билігі Мәжіліс депутаты Нұрбах Рүстемовте. Соның тапсырмасымен жұмыс жасайды.  Сопылар  басылып отыр деп айта алмаймын, себебі олар өздерінше әрекет жасауда. Олардың қамқоршылары беделді адамдар. Меніңше олар елдің қолдауына  ие болып та кетпейді, жойылып та кетпейді. 

- «Хизб-ут-Тахрир» мәселесі қалай шешіліп жатыр?

- Бұл Қазақстанның ғана емес, халықаралық дәрежедегі көкейтесті мәселе. 

- Имамдардың сауаттылығы жайлы мәселе үнемі көтеріліп келеді. ---Бізде біраздан бері медресе жұмыс жасап жатыр. Құдай қаласа, медресенің  шәкірттерін ауыл-ауылға жібереміз деген ойымыз бар.  Жалпы, қазір имамдардың сауаты біршама көтерілді. Бұрындары 90 пайызға дейін сауатсыз болса, қазір көбісі курстардың арқасында білім алып шықты. Меніңше, енді білімін жетілдірмеген 30 пайыздайы қалды. 

      Жеке діни бірлестік болып жұмыс істеп келе жатқан мешіт өкілдерімен хабарласқанымызда, әр қилы жауап алдық. Белгілі дінтанушы, Ыбырай қажы мешітінің имамы Абдулла қажы Жолдастың көкейінде көп мәселе жүр екен. Кезінде облыстық Қаттани мешітінің бас имамы болып жұмыс істеген Абдулла қажы кейін Алматыдағы ислам унивесритетінің ректоры болып та қызмет атқарды.  Білімі жағынан еліміздегі танымал дінтанушылардың бірі болып есептелетін Абдулла Жолдас діни басқармаға бағынғысы келмейтінін былайша түсіндірді: 

-Мешіттердің барлығы діни басқармаға кіруге міндетті деген заң болғанда біз кірер едік. Бірақ, заң жүзінде ондай жоқ. Басқармаға кірмеуіміздің себебі  - мүфтияттың істеп жатқан тірліктерімен келіспейміз. Себебі, әділеттілік жоқ. Бірер мысал келтіре кетейін. Қайбір жылы басқарма өкілдері имамдардың арасында аттестация жүргізіп, нәтижесінде солардың сауаты нашар деген баға берді. Сол имамдарды тағайындап отырған кімдер? Мүфтият емес пе? Арабшасы ағып тұрған, білімі жөнінен қазіргі имамдарыңды он орап алатын жігіттердің талайын атап берер едім. Оларды басқармадағылар жолатпайды. Діни басқарманың тағы бір кемшілігі қажылыққа қатысты. Біздің күнтізбе араб елдерінен үнемі кешігіп жүреді. Ол жақта қажылық басталып кеткенде, біз кешігіп жүреміз.  Күнтізбе жасайтын кезде телефонмен бір ауыз араб елдерімен хабарласып, ақылдасуға болады ғой. Осы секілді кемшіліктер жойылмайынша, біз діни басқармаға кірмейміз. 

Ысмайыл қажы мешітінің имамы Хуснитдин қажы бұл жөнінде былай дейді: «Абдулла қажы  тек өз пікірін білдіреді. Барлығымыздың атымыздан сөйлей алмайды. Біздің мүфтиятпен арамызда ешқандай түйткіл жоқ. Мешіттің діни басқарманың құрамына кіру-кірмеу мәселесін мешіттің иелері шешсін». 

 «Біздің мешіт 1996 жылы ашылған. Құдай қаласа, діни басқармаға өтеміз. Қазір өтініш жазып жатырмыз. Бірақ, қаржы жағынан қысылып жатырмыз. Діни басқармаға ешқандай қарсылығымыз жоқ. Әне өтеміз, міне өтеміз деп жүріп уақыт өткізіп алыппыз»,  - дейді Рәтай қажы мешітінің имамы Пернебек Ізбасқанов.   

Қалай дегенмен, мешіттердің діни басқармаға өтуі біраз уақытқа созылғалы тұр. Мұсылмандар бірімен-бірі осылайша айтысып-тартысып әлек болып жатқанда қандастарымыз күн өткен сайын «Иегова куәгерлері», «Сун Бок Ым»  секілді секталардың қатарын толықтыру үстінде. Әсіресе, соңғы үш  жылда белсенділігін күшейткен  «Иеговалықтар» діннен бейхабар азаматтарды  адастыру ісін еш кедергісіз жүзеге асыруда. Бұған «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңның әлсіздігі қолайлы жағдай туғызып отыр. Қазақстандық «Иегова куәгерлерінің» нақты саны қанша екені беймәлім, алайда, сарапшылардың пайымдауынша, секта мүшелерінің  70- пайызынан астамы қазақтар екен. 

Жандар Наурызбайұлы


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ораза кестесі - 2019: Қызылорда қаласы
  • Ораза кестесі - 2019: Павлодар қаласы
  • Ораза кестесі - 2019: Жаңақорған кенті
  • Ораза кестесі - 2019: Жаңатас қаласы
  • Ораза кестесі - 2019: Жетісай қаласы
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: