Боямасыз болмыс

Oinet.kz 01-12-2023 249

Драматургия – өте ауыр жанр. Адами құндылықтар тараз безбеніне түскен қазіргідей уақытта сол ауыр жанрға қалам тербеп, небір атан түйе көтере алмас тарихи тақырыптарды да, жастардың бойындағы кемшілікті көрсетіп, жирендірер оқиғаларды да оқырманға ұсынып жүрген бір жан бар. Ол – Сая ҚАСЫМБЕК. Оның қай спектакліне барсаңыз да көрерменін «ә» дегеннен баурап алатыны соншалық, өзіңіз де сол оқиғаның ішінде жүргендей күй кешесіз. Бас кейіпкер күлген жерде күліп, жылайтын жерінде көз жасыңызды сығып аласыз.

Screenshot_31.jpg

Қазақстанның Құрметті журналисі Асхан Қожакелдіқызы ол туралы былай дейді:

Саяның бойындағы жасырынып жатқан құпияны танып, оның жанартаудай атқылап, жалынға айналып кетуіне жол ашқан айналайын Райымбек Сейтметов ағамыз қандай көреген еді, шіркін! Жатқан жері жайлы болсын!

Мейлі, дарынға – демеу, талантқа тіреу болатын жан табылғанымен, сол талант иесінің бойындағы игілікті төкпей-шашпай, аспай-таспай кәдеге асыра білуінің өзі бір құдірет емес пе?! Міне, Сая Қасымбектің табиғатына тұнған қасиет осы болып тұр. Оның драматург ретінде жазған пьесаларының республикадағы айтулы театрлардың сахналарында сұраныспен қойылып келе жатқаны, режиссер ретінде көрерменге ұсынған қойылымдарының сәтті шешіммен қуантып жүргені – соның айғағы. Республикамызда ғана емес, Түркия елінің сахнасында сол елдің басшыларының тамашалауымен түрік тілінде қойылған «Көктүріктер» тарихи драмасы екі мемлекеттің арасындағы рухани байланыспен қатар тарихи сабақтастықтың да салмағын арттырған өте құнды дүние болған еді. Сая Қасымбектің шығармашылығы көрші өзбек еліне де таныс. Астанамыз Нұр-Сұлтанның Жастар театры сахналаған «Лифт» психологиялық драмасы еліміздің басқа театрларымен қатар Өзбекстанның Бұхар академиялық театрында да табысты өткенін кезінде бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Жалпы, Сая Қасымбек психологиялық шиеленіспен өрілетін осындай шығармалары арқылы тәрбие тақырыбын ұлттық тәрбие деңгейіне көтеріп, санаға сілкініс туғызатын туынды тудыра білетінімен ерекше.

Ал Қасымбектің қара қызының тарихи тақырыптарға жүрексінбей, тартынбай қалам сілтейтіні тіпті тәнті етеді. Бұл бағытқа батыл қадам басуына да өмірлік ұстазы Райымбек аға қамшы болғанымен, екінің бірінің жүрегі дауламайтын, екінің бірінің білімі мен түйсігі түйісе бермейтін қиын тақырып – тарихи тақырыпты тарқатып алып кетіп, шым-шытырық шырғалаң оқиғалардың ортақ шешімін тауып, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» сыналап шығатын шеберлігі оның шын талантын танытады. «Жанталас» деп аталатын пьесалар жинағындағы қазақ хандығының соңғы ханы Кенесары туралы тарихи драмасы қазақ халқын Ресейдің боданынан босатуды көксеп күрескен, сол жолда қилы-қилы аласапыран жанталасты жорықтар мен жойқын соғыстарды басынан өткеріп, қырғыз жерінде басы кеткен батыр бабамыздың образын сомдау мен тарихи шындықтың шырғалаңын қамырдан қыл суырғандай жеткізу қаншалықты күрделі екені, әрине, драматург жазушының өзіне ғана айқын. Міне, сол шығарманың, «Жанталас» пьесалар жинағының биылғы республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясында таңдауға түсіп отырғаны бекер емес. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай түрлі әдеби жанрлар бойынша 30 кітап таңдалса, драматургия жанрында Рақымжан Отарбаев, Дулат Исабеков, Иран Ғайып, Думан Рамазан секілді мүйізі қарағайдай драматург жазушылардың қатарында Сая Қасымбектің де шығармасының қатаң таңдауда қара үзіп шыққаны бекер болмаса керек.

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жәнібек Әлиман да Сая Қасымбек туралы төмендегідей ой, пікірін жазған:

Баспадан биыл ғана шыққан драматург, режиссер Сая Қасымбектің «Көк бөрілері» кітабы түркілер дәуірінен кеңірек сыр шертіп, бергі Шыңғыс хан заманына бір-ақ тіреледі. Шыңғыс хан жер бетінде шашырап жатқан түркі тайпаларының басын қосқаны тарихтан белгілі. Мынау сол тарихтың бір жүлгесінің көркем суреті секілді елестеді. Кітап кино көріп отырғандай оқылады. Баяндауы ықшам, оқиғалары шапшаң, табан астында қиюласып, шаппа-шап оқиғалар үстінде шиеленісіп, ширатып алып кете барады. Мән-мазмұн, қимыл-қозғалыс кинодан шыққандай әсер қалдырғаны, әрине, жақсы деген пікірге ат байлауға негіз болса керек. Әңгіме шығарманың әсерінде, еш әсер етпесе, онда нашар, сәтсіз орындалғаны емес пе?

Әңгіме ақ қылыштың жырынан басталады. Қылыш культі туралы аңыз-әпсана, тарихи деректер сонау атты Еділ (Атилла) дәуірінен барын білеміз. Бұл туралы неғұрлым тереңірек қаузап, қисынды дәйектер ұсынған Әмірхан Балқыбектің жазбалары есімізге түседі. Сондықтан мұндағы астында от маздап, ауада қалқып тұрған, ақ семсерді ұстап тұрған құдіретті күшке біз де иланамыз. Меккедегі қасиетті қара тас ауада қалай қалқып тұрса, Тәңірінің қалауымен түскен ақ қылыш та солай тұрғанына шәк келтірмейміз. Қай заманда соғылғаны белгісіз, түркіге Тәңірінің қиған серті ме екен, қасиетті қаруға түркі тайпалары хандарының қайсысы қол жеткізсе, сол басымдыққа ие. Сіз емес, сізді қылыш таңдайды. Дүниеге келгенше сіз емес, сізді таңдамай ма тағдыр? Сонан соң әңгіме басқа. Бұл да сондай хикмет делік.

Сол ақ қылыштан үмітті түркінің төрт құбыласындай төрт ел: Алтай бауырындағы орман жұрты – теле тайпасының, Сібір жұртының, Тұран даласы елінің, Құба шөл халқының хандары бақтарын сынайды. Мұның бәрі біртұтас түркі елдері – төрт хандық. Жайшылықта бәсеке, бас араздығы болғанымен, ұраны бір: «Төрткүл дүниені түркі баласы табындырады!» деген. Бұл сол кезден, тіпті сақ, ғұн заманынан түркілер болып қалыптасқалы көтерілген ұран деп ұғарсыз. Әлі күнге тәмам түркінің ұраны бір. Жер жаралып, су аққалы дүние түркілер және түркі еместер болып бөлінгенін де әйгілеп келеді біздің көне әдеби мұралар. Ол ұран қазір де ұмытылған жоқ. Шыңғыс хан көтерген ұран да осы: «Төрткүл дүниені түркі баласы табындырады»!

Ауаға ілінген қылыш теле тайпасының ханы Пазырақта қалады. Арқар батырды кие тұтып, аруақ шақырған теле жұрты алтын-күміс, темір қорытудың ең озық үлгісін білетін ел. Жауынгерлерімен ғана емес, өнертапқыш, ұсталарымен аты шыққан халық. Солай болған соң, әрине, жауы да көп, басында дауы да көп. Басты қарсыласы қоңсылас қытай халқы болған соң не сұрайсыз?! Қаптаған қалың құрттай қытаймен соғыса беруден гөрі қыз алысып, қыз берісіп, екі араны бейбіт жағдайда ұстаған абзал. Алайда оған өздерін «аспан асты елі» санайтын қытай көне ме? «Табғаштарды бейбіт көрші ретінде ұстап, елу жылда бір рет шауып отыру керек» деген сыңайдағы сөзді түркі бектері тасқа қашап жазып кеткенін кезінде Таласбек Әсемқұловтан оқығанбыз. Демек сол заманның белгілері түбегейлі жойылып кетпеген. Бұл елмен бас қатырмаған жұрт аз. Пазырақ билеген теле жұртына да солай, қызыңды бермедің деп қытай соғыс ашады. Түркі жұртының төрт бірдей хандығы тізе қосып қарсы алғанда, әрине, қара қытай ойсырай жеңіледі. Түркінің батыры Ұлаған қытайлық Айдаһармен жекпе-жекке шыққанда, Арқар батыр аруағы көмекке келіп, жеңеді. Шығармада аруақ шақыру, тылсымнан тіл тартқан бақсылық сынды жоғарғы әлеммен байланысты ғажайыптар кеңінен суреттеледі. Және сенімді суреттеліп, тірілермен қатар жүреді. Мұндай кереметті біз былтырлары жарық көрген Асқар Алтайдың «Былғары табыт» романынан да молынан кезіктіргенбіз. Тіпті Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесінің» де өзегінде түркі жұртының бір бұтағы қырғыз еліне кеңінен тараған бұғы туралы аңыздың негізі жатыр. Ең ежелгі жазуларға саналатын тастағы таңбалардағы бұғы-марал, маңғаз арқарлар, соның айналасын арбамен қоршаған адамдар тегін салынбаған шығар. Сол сияқты, «Көк бөрілері» кітабындағы теле тайпасының киесі ай мүйізді арқар!

Басынан небір ауыртпалықтарды өткеріп, жеңе білген теле тайпасы Шыңғыс қаған заманына телеңгіт атауымен жетеді. Темір өндірісінің ұстасы телеңгіт тайпасының Шыңғыс хан дәуіріндегі жалпы атауы – орман елі. Жошы орман елдерін соғыссыз бейбіт жолмен бағындырғаны тарихтан мәлім. Тұтас түркіге жаттығы жоғын мойындап соғыссыз берілгені – бір, сол екі арада қытаймен соғыстағы ерен ерлігі мен жан-қиярлық жауынгерлігі – екі, қару-жарақ өндіретін темір ісіне жетіктігі – үш, осындай артықшылықтары үшін ұлы қаған телеңгіт тайпаларын қасына алып, жақын тұтады. Бәлкім, төлеңгіт аты өшпеген қазіргі қазақтардың бір қауым елі шығар, кім біліпті. Көркем шығарма әсірелі шындыққа құрылады. Сөз басында түркі дәуіріне тән тарихтың бір жүлгесінің көркем суреті секілді елестеді дегенбіз. Мағжан ақын «Тұранға жер жүзінде жер жеткен бе? Түрікке адамзатта ел жеткен бе?» дегендей, тұтас түркі дәуірін көркем туындыға айналдыра алсақ, қане?!

Иә, Сая Қасымбектің боямасыз болмысын қаламдастары осылай жеткізді. Саяның халқына берер саялы да санаға сілкініс тудырар шығармалары мол болғай. Әрқашан абырой биігінен көрінсін деп тілейміз.

Тасқа біткен жауқазын
Балалар әдебиетінің классигі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу