Рысгүл Досжанова: «Құшақтасам бола ма?» дейтін оқырмандар өте көп»

Oinet.kz 17-04-2024 432

Рысгүл Досжанова - ақын, «Тармақтар» жобасының авторы. 

Screenshot_12.jpg

– Рысгүл, алдымен жолдасыңызбен қалай танысқандарыңыз жайлы бірауыз айтып берсеңіз. Себебі, ойы, пікірі, талғамы, интеллектісі деңгейлес, бір-бірінің қалауын түсіне алатын, қолдай алатын азаматтардың бас қосуының өзі бір алып мақсаттардың іргетасы болса керек...

– Мен оқушы кезден-ақ Еламанды сырттай танып, ақын екенін біліп, өлеңдерін оқып жүретінмін. Оқушы болса да, менің қатты құрметтеп, жақсы көретін ақындарымның бірі болатын. Бір қызығы екеуміз замандас екенімізді білмей, біріміз бірімізден біршама үлкен екенбіз деп ойлаппыз.

11 сынып – әр оқушының оқу бітіретін, тағдыры шешілетін, болашаққа қадам басатын, қатты ойланатын шағы ғой. Біз сол 11 сыныпта шынайы тағдырымыздың да шешімдерін қабылдаған екенбіз. Сол жылы мен Семейден, Еламан Павлодардан Тараз қаласына республикалық конкурсқа қатысып, 120 оқушының арасынан 5 бала грант ұтып алдық. Оның ішіндегі жалғыз қыз бала мен едім. Солай Еламан екеуміз бұрын мүлде ойламаған, келіп көрмеген Түркістан қаласына оқуға түстік. 

Ол кезде сіз айтқандай алып ой, идея, мақсат болды деп айта алмаймын. Алып-ұшып тұрған сезім мен көңіл ғана болған шығар. Десе де, бізді осы күнгі жеткізген, сол шақтардағы біздің бала қиялымыз екені де рас. Нақты бір мақсат қоймасақ та, сол кездегі сезімге сеніп, бір-бірімізге сеніп, сол сенім мен сезімді бірге аялай алдық. 

– «Тармақтар» жобасы ең алдымен инстаграм желісінде парақша болып ашылғаны есімізде. Жалпы, идея қашан, қайдан пайда болды?

– СММ, парақша жүргізу деген сынды түсініктердің бізге келгені, оны кәсіпке, табысқа айналдыра бастағаны беріде ғой. Бірнеше жылдың жүзі болған шығар. Бүгінде мамандыққа айналып кетті, тіпті.

Ал «Тармақтар» – 2-3 жыл бұрын жүзеге асыра бастаған менің жан қалауым болатын. Инстаграмда кәсіби тұрғыда, әдемі эстетикасымен, белгілі бір бағытпен, үздіксіз жүргізіп келе жатқан әдеби парақша жоқтың қасы болатын. Қазір аз да болса, мұндай парақшалар бар. Өзімнің жұмысым да әлеуметтік желілерге байланысты болды. Бір күні жай ғана «Неге біз біреудің тапсырған дүниесін, ақшаға ғана істейміз? Ал өзіміздің жан қалауымызды, көргіміз келетін дүниеиі неге тегін істемеске?» деп ойландым. Осылай бастап кеттік. Өзім әдебиетке жақын адам болған соң, миымда, санамда әдебиеттен бөлек ештеңе болмады. Парақшаға жай ғана өлеңдер салып, минимализм бағытында дамытқым келді. Ол кезде сол парақшаны жүргізіп, дамытуды ғана ойлаған едім. Және бұл парақшаның авторы кім екенін ешкім білмесе екен дедім. Өйткені, менің ақын екенімді білген соң өзгелер тыжырая қарайтындай бір сезім болатын.

Screenshot_16.jpg 

– Кейін келе «Тармақтар» жобасының ауқымы ұлғайып бір емес екі кітап шығардыңыздар. Кітап таралымы жағынан жекелеген қаламгерлерден әлдеқайда жақсы таралым жинай алдыңыздар. Жоба әлқиссасында кітап шығару идеясы болған ба еді?

– «Тармақтарды» кітап қылып басудың да – астарында үлкен қорқыныш жатыр. Бір күні мен сол «Тармақтар» парақшасының кіретін құпиясөзін ұмытып қалдым. Сол кезде күндердің күнінде тағы осылай құпиясөзін ұмытып қалсам немесе парақшамыз бұғатталып қалса, менің бір жыл бойы істеген жұмысым далаға кете ме деп ойладым. Парақшаның дамып кеткені сонша, мен сол жобаға байланып қалған едім. Мен сол жобасыз өмір сүре алмайтын деңгейге жеттім. Өйткені, ол жақтағы адамдардың кері байланысы, маған жазылып жатқан хаттар, күн сайын қосылып, таң қалып жатқан оқырмандар өте-өте көп болды. Сол оқырмандар да «Неге бір кітап шығармасқа?» деп хат жаза бастады. Менің де осындай бір арманым бар еді, ойымда жүрген кітаптың жоба-жүйесі болатын. Өйткені, көршілес орыстардың әдебиетін, мәдениетін, әлеуметтік желідегі контенттерін қарасаң, ақындарының тармақтарын керемет қылып, түсіріп, дамытып, халыққа таратып жатады. Ал біздің қазақ әдебиетінде бұл нәрсе жоқ болатын.

Сондықтан, әлеуеметтік желідегі парақшаға ғана емес, ертеңгі күні маған бірдеңе болып қалса да, жоба тоқтап қалса да, кітап қалсыншы деген ойға тоқтадым. Өйткені, «Тармақтар» тек желіде емес, өмірде бар болуы керек сияқты болды. Мысалы, махаббат сынды абстрактілі ұғымдарды біз қолмен ұстай алмаймыз ғой. «Тармақтар» да сондай еді. Сол үшін де, «Тармақтарды» қолмен ұстап, құшақтап, өзіммен бірге алып жүргім келді.

– Жалпы қазіргі күні қаламгерлерге өз маркетингін қалыптастырудың маңызы зор екені жиі айтылып жүр. Сіз бұған не дейсіз?

– Қазіргі күні қаламгерлерге маркетинг жолын қалыптастыру керек деп ең бірінші үн шығарғанның бірі мен шығармын. Біздің парақша негізі ақындарға жарнама парақша ғой. Себебі, біз кез келген тармақты бөліскен кезде, міндетті түрде автордың аккаунтын белгілейміз. Ал, тармақ көңіліне қонған, авторды тағы да тани түскісі келіп парақшасына кірген оқырман оның белсенді емес екенін, оқырманға берері жоқ екенін көреді. Біздің ақындар тек жазады, ал оны оқытуға, таратуға ешқандай жұмыс істемейді. Енді бір ақындар болуы мүмкін өзі үшін жазатын. Алай да мен өлең жазылған соң, ол оқылуы тиіс деп ойлаймын. Мен өзім солай өлеңі оқылғанды, таралғанды жақсы көретін ақындардың қатарынанмын. Иә, «Тармақтар» жобасы о баста парақша болып ашылды, одан соң біз әр қалада поэзия кештерін бере бастадық, содан соң кітап шығардық. Сол поэзия кештерін беріп жүргенде мен айтып жеткізе алмайтын сезімге тап болдым. Ол сен сахнада өлеңіңді оқып тұрған кезде, залдағы көрерменнің, сенің оқырмандарыңның өлеңіңді өзіңмен қосылып бірге оқуы. Мен мұның қандай бақыт екенін айтып жеткізе алмаймын. Мысалы, әншілер бұл бақыттың дәмін әлдеқашан татып қойған. Ал өлеңді қосылып оқу – бұл шын мәнінде ғажап. Міне, біздің ақындар осындай деңгейге жетсе, тамаша болар еді. «Тармақатардың» да мақсаты сол. Абайдың, Мұқағалидің, Фаризаның өлеңдерін жатқа оқу түгілі, тармақтары мақалға айналып кетті ғой. Сол секілді соңғы 15-20 жылдықтағы ақындардың да тармақтары кеңінен таралып кеткенін қалаймын. Егер бір ақынның, бір тармағының таралып кетуіне біз титтей де әсер ете алсақ, ол біздің еңбектің ақталғандығы.

– Осы үлкен қауымның «жастар кітап оқымайды», «әдебиет оқымайды» деп беталды жазғыра беретіні болушы еді. Сіздер тек кітап қана шығарып қоймай елдің біраз қалаларын аралап поэзиялық кештер де бердіңіздер. Сол кештерде поэзия оқитын, тыңдайтын қауымның қарасы қалың екеніне куә болдық. Сол поэзия кештерін беріп жүрген кездегі қызықты оқиғаларыңызбен бөлісіңізші. Алда мұндай кештер әлі де болатынына сенеміз. Бірақ, қашанға жоспарлап жатырсыздар?

– Біреудің жеткен жетістігінің шыңы, біреуге баспалдақ болуы мүмкін. Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, біз ол пікірлердің ешқайсымен келіспейміз. Әйтпесе, поэзия кештерін береміз дегенде де, «әншінің не атақты адамның кеші болмаса ол кешке кім келеді?» деп бізді де талай адам сынаған. Алайда, біздің кешімізге орын саны жетпей, адамдар билет таппай, тіпті, келіп кеш соңына дейін тікесінен тік тұрып, тыңдап кеткен оқырмандар көп болды. Осыған өзім де таң қалдым, шынымды айтсам.

Поэзия кештерін берерде дайындалу үшін немесе техникалық жабдықтарын реттеу үшін бір күн бұрын барамыз ғой. Бір күні солай дайындалып жүрсек, бір оқырманымыз келіп алыпты. Бізді көріп мәз өзі. Қашан басталады дегендей қарап отыр. Сөйтсек, ол кісі күнінен жаңылып, бір күн бұрын келіп алған екен. Сосын сол кештердің соңында келіп, «сізді құшақтасам бола ма?» деп құшақтап кететін оқырмандар өте көп болды. Сондай бір эмпатиялық сезімдердің оянуына поэзияның қатты әсер ететініне көзім жетті. Таң қалдым. Және біз осы кештерімізде тармақтарды қағаздарға шығарып, іліп қоятынбыз. Кейін өзімізбен алып қайтатынбыз. Таразда өткен кешімізден соң қарасақ, сахнада бір де бір қағаз жоқ. Сөйтсек, оқырмандар өздеріне ұнаған тармақтарды алып алып, қол қойдырып, үйлеріне алып кеткен. Сондай да қызықты сәттер болды. Бұл оқиғалар күлдіретін емес, таңданатын, тамсанатын қызықты оқиғалар ғой деп ойлаймын. 

Біз енді поэзия кештерін беруді тоқтатып, басқа бір іс бастамақпыз. Осы уақыттарда үлкен бір шешімдер қабылдап жатырмыз. Оны уақыты келгенде айта жатамыз. Сондықтан поэзия кешінен де биік деңгей күтіңіздер!

– Айтпақшы, жақында «Tarmaqtar» баспасын ашқандарыңызды айтып, сүйіншіледіңіздер. Құтты болсын! Сіздерге ғана емес, әдебиетке ортақ қуаныш деп ойлаймыз. Баспа жұмысына қашан кіріседі? Әлде кірісіп кетті ме? Өзге баспаханалардан қандай да ерекшелігі бар ма?

– Иә, «Тармақтар» баспасын аштық. Негізі «Тармақтар» баспасы, өз жұмысын екінші кітабымыз «Махаббатымды жеткізетін тармақтармен» бастаған болатын. Ол кезде ресми жарияламадық. Алдағы уақытта «Тармақтардың» форматында, тағы да бір поэзияға жаңалық әкелетіндей жаңаша форматта жекелеген қаламгерлермен жұмыс істеу ойымызда бар. Біздің өзге баспалардан ерекшелігіміз біз енді баспамызды ашпай тұрып-ақ өз аудиториямызды жинаған жобамыз ғой. Баспамыздан шыққан кітаптар сол аудиторияға кеңінен таралады. Авторды таныстыру, оның пиарын жасау үшін көптеген жұмыстар жүргізіледі. Бізбен жұмыс істеген авторлардың бақыты да батпандай болатын шығар деп ойлаймын. 

– Үздіксіз, тынбай еңбектеніп келе жатқандарыңызды көріп көңіл қуанады. Еңбектеріңіз ақтала берсін! Сөз соңында алда тағы қандай жоспарларыңыз бар екенін айта өтсеңіз.

– Сіздерге де үлкен алғысымды білдіремін. Жоғарыда айтып өткенімдей, алдағы уақытта поэзия кешінен де бөлек үлкен бір белесті бағындыратын жоспарымыз бар. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Жекелеген авторлармен жұмыс істеп, оларға қаламақы беру бойынша да жобалар жасалып жатыр. Сондықтан күтіңіздер. Ендігі әрекет бізден. Нәтижесі алдағы уақыттың еншісінде. 

Әңгімелескен Сезім Мергенбай

Посмотреть эту публикацию в Instagram


Публикация от • Тармақтар - Қазақ әдебиетінің эстетикасы (@tarmaqtar)

Рахманәлі Оразбаев: «Әкімнің бәрі ақылды емес»
Ханбибі Есенқарақызы: «Партиялар өз жүрісін 180 градусқа бұрып жіберді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу