Ханбибі Есенқарақызы: «Партиялар өз жүрісін 180 градусқа бұрып жіберді»

Oinet.kz 25-04-2024 351

Айтулы ақыны, қоғам қайраткері Темірхан Медетбек: «Сөз жоқ, Ханбибі - сой ақындарымыздың бірі, үлкен ақындарымыздың бірі. Ханбибі - арбасудың ақыны. Ханбибі - бал мен удың, қайғы мен қуаныштың, жамандық пен жақсылықтың, биік пен төменнің, жасық пен батырдың бір-бірімен ұстасатын, қилы кезеңдердің қатерлі сәтіндегі құбылыстарды ұстап алатын, мұз бен шуақтың ортасында жүретін, бір жағы мұп-мұздай, бір жағы жып-жылы болып тұратын қуатты ақын» деп жазған еді. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Парасат» орденінің иегері, ақын Ханбибі Есенқарақызы туралы. Тұтас елге «Хан апа» болып танылған ақынымызды өзгелерден ерекшелеп тұратын қасиеті – қайсарлығы. Ер-азаматтарға тән батылдығы. Нық сөйлейтіндігі. Алайда, көптеген өлеңдерінен нәзік гүлге, әйелге тән нәзіктікті анық аңғарасың. Нәзіктік пен қайсарлықты қатар алып жүрген ақынмен әңгімелесудің сәті түскен еді. Қаз-қалпында оқырман назарына ұсынамыз. 

Screenshot_4.jpg

- Хан апа, сіз танымал, ел аузында жүрген әндердің сөзін жазған ақынсыз. Әсіресе, атақты "Нурикамал" әнінің сөзін сіз, әнін жолдасыңыз жазғанын білеміз. Алайда, бір кездері осы әнді "мен жазғанмын" деп басқа біреу иемденіп жүрді. Одан бөлек, әнін сазгер Құралай Сәтмұхамбетова, сөзін сіз жазған "Алтынай" әнін де иемденген адам болды. Бұл туралы не дейсіз?

- Оған басымды қатырмаймын. Халық біледі. Бұл әндердің шыққанына және орындалып жүргеніне отыз жылдан астам уақыт болды. Көзі қарақты оқырман мен тыңдарман біледі. Тіпті, тарихын да жақсы біледі. 

-  Сіз Алаш көсемдеріне қатысты көп зерттеулер жүргіздіңіз. Тіпті, Сұлтанбек Қожанов негізін қалаған "Ақжол" газетін тауып, жинақтап, кітап шығардыңыз. Бүгінде Алаш қайраткерлерін алалайтындар, қаралайтындар көбейді. Ел үшін қуғынға ұшыраған ерлерді қаралау қаншалықты дұрыс? Қалай ойлайсыз?

-  Қазір ел «демократия», «плюраризм» деген сылтаумен айтпайтынды айтатын болып барады. Қайсы бірінің аузына қақпақ қоярсың. Алаш қайраткерлерінің біздің тарихымызда ойып тұрып алған орны бар. Оны қозғалту да, жылжыту да мүмкін емес. Тәуелсіз мемлекетіміздің алғашқы іргетасын қалағандағы, көзі ашық, көкірегі ояу баршаға аян. Ал, пікірталастар бола береді. 

- Орталық саябақта Алаш қайраткерлеріне ескерткіш тұрғызылды. Ескерткіштің ашылуында өзіңіз де болдыңыз. Қазір осы ескерткішке көптің көңілі толмайды? Сіздің ше?   

-  Қазір, көптің көңілі ешнәрсеге толмайтыны жиі көрініс табады. Бәрі сыншыл. Біткен іске «бәрекелді» айту лексиконымызда қалыптаспаған. Сол ескерткішті орнатпағанда не болар еді? Ештеңе де. Сөз де...

-   Бір кездері "Ақ жол" партиясының құрамында ұлт зиялылары көп болды. Оның ішінде өзіңіз де болдыңыз. Партияның басшылары сол ұлт зиялыларының үмітін ақтады ма?

- Кешегі идеология, жүйе, кешегі партиялар өз жүрісін 180 градусқа бұрып жіберді. Таза, халқына қызмет қылатын партия мүшелерінің орнын бизнесмендер басқанын көріп отырсыздар. Реті келсе, сол бизнестің өзін халыққа пайдалы істерге бұрып жіберу керек.  Сұлтанбек Қожановтың басшылығымен ашылған «Ақ жол» газетінің жүз жылдан кейін халқына оралуына, сол «Ақ жол» партиясының көмегіне жүгінгенім рас. 

- Бүгінде  өлеңдеріңізді көптеген жастар жатқа оқып жүр. Шығармашылығыңызға байланысты қандай жаңалықтарыңыз бар?

-  Биыл, Алла қаласа, 75 жылдығым тойланғалы жатыр. Республикалық деңгейде. Шығармашылығым жақсы насихатталып жатыр. Алматыдағы жастар театры мен және Нурикамал туралы жап-жақсы спектакль әзірлепті. Режиссері Сәбит Әбдіхалықов. 

Ерсайын Төлебаев деген халық әртісі, танымал режиссер «Нурикамал»  пьесасын жақында Талдықорған театрында қоймақшы. Жалпы, жыл жақсы басталды. Жақында, «мемлекеттік стипендияның» иегері атандым. 

Әңгімелескен Аида ӨТЕП

Рысгүл Досжанова: «Құшақтасам бола ма?» дейтін оқырмандар өте көп»
Жаннета Жазықбаева: «Балалардың өмірін таразыға салуға болмайды»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу