Шымкент қаласындағы ұлттық білім берудегі оңды бетбұрыс
Шымкент қаласы әкімдігінің сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес шаһардағы қосымша білім беру саласына енгізіліп жатқан бірыңғай ваучер жүйесіне қатысты қоғамдық талқылау өтті.
Оған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер және қосымша білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты. Бұл жиынның басты мақсат – қосымша білім беру саласында ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ету.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда берген тапсырмалары негізінде тәрбие бағытында жаңа серпін пайда болды. Өскелең ұрпақтың тәрбиесін күшейтуге қоғам болып атсалысуға бетбұрыс жасалынды. Мемлекет мүддесі мен қоғам мүддесі астасып, оңтайлы өзгерістер енгізілуде. Білім беру шеңберінде білім алушылардың жалпыадамзаттық құндылықтары мен эмоционалдық интеллектін дамыту, қазақ халқының салт-дәстүрлерін қастерлеу және өз еліне қызмет ету жөніндегі идеяларына негізделіп жүргізілуде. Біз өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік, салт-дәстүрлерді қастерлеу, өзін-өзі дамытуға және өз еліне қызмет етуге ұмтылу сияқты қасиеттерді қалыптастырудың маңыздылығын көріп отырмыз. Осының барлығы да бүгін біз сөз етіп отырған қосымша білім беру саласынан да көрініс табуда. Дегенмен, бұл қосымша білім беру саласында жетіспей тұрған бір ғана кемшілік бар, ол – ашықтықтың жоқтығы, – дей келіп, Сәрсен Құранбек жаңа жүйенің жұмыс істеу тәртібін түсіндіріп, бұрынғы тәжірибеде қосымша біліммен қамту көрсеткіштері нақты жағдаймен сәйкес келмегенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, тіркеуде 5500 бала болғанымен, үйірмелерге нақты барып жүргені 4 000-нан аспаған. Бұл жағдай жалған есептіліктің бар екенін көрсеткен.
Талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелері қосымша білім беру ұйымдарын бір басқармаға шоғырландыру мәселесіне де тоқталды. Бұған дейін бұл ұйымдар салалық бағыттарға қарай – спорт, мәдениет және білім басқармалары арасында бөлінген болса, қазіргі өзгеріс бойынша олардың барлығы Білім басқармасының қарауына біріктірілуде. Қоғам өкілдері бұл өзгерістің заңды негізін пысықтау қажеттігін айтты.
Жаңа ваучерлік жүйе бұл олқылықтардың алдын алуға бағытталған. Қазір білім беру процесі толық цифрландырылып, әр баланың нақты қандай үйірмеге барып жүргені автоматты түрде бақылануда. Жалпы кездесу барысында пилоттық жобаны іске асыру кезінде туындаған мәселелер ашық талқыланып, қатысушылар тарапынан нақты ұсыныстар мен сын-ескертпелер айтылды. Сонымен қатар, жиын барысында жалған тіркеу деректерінің алдын алу жолдары қарастырылып, жаңа жүйедегі бақылау механизмдерінің енгізілгені атап өтілді.