Шымкент қаласында имамдар жылдам шахмат ойынында бақтарын сынады

Oinet.kz 23-07-2025 65

Шымкент қалалық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңының баспасөзі хабарлағандай, Қажымұқан атындағы орталық стадионда имамдар арасында алғаш рет шахматтан турнир өтті.

1000394781.jpg

Шымкент қаласы орталық мешітінің наиб имамы Ахметжан Пірәліұлының айтуынша, Қазақстан шахмат федерациясы ұйымдастырған бұл турнир Халықаралық шахмат күніне және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 35 жылдығына арналған. «Muftiyat Chess Open Cup – 2025» атты жылдам шахмат турниріне шаһардағы 30 мешіт имамы қатысып, бақ сынаған.

– Шымкент қаласында имамдар арасында бірінші рет ұйымдастырылып отырған турнирдің негізгі мақсаты – дін мен дәстүр сабақтастығын негізге ала отырып, имамдар арасында зияткерлік ойын мәдениетін дамыту, логикалық ойлауды жетілдіру, ынтымақтастықты және бірлікті нығайту. Өздеріңіз жақсы білетіндей, бүгінгі күні Бас мүфтият дін мен дәстүр үндестігіне үнемі айрықша назар аударып келеді. Осы бағытта спорттық, мәдени және қоғамдық бастамалар қолға алынып отыр. Сондай-ақ Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда білімді көтеру, бұқаралық спортты дамыту туралы тапсырма беріп, алдымызға үлкен міндет қойған болатын. Жалпы Мемлекет басшысы осы шахматты дамыту жөнінде бастама көтеріп, бұл зияткерлік ойынды білім беру жүйесіне енгізуді қолдағаны белгілі. Біз де осы игі бастаманы қолдап, имамдар арасында шахмат турнирін өткізуді ұйғардық, – деді наиб имам.

Жылдам шахмат ойыны бір жағынан уақытты үнемдесе, екінші жағынан қатысушылардың тапқырлығы мен шешім қабылдаудағы шеберліктерін, тапқырлықтарын арттырды. Жалпы турнир барысында әр қатысушыға 10 минуттан уақыт беріліп, бес турдың қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталды.

Имамдар арасындағы ойынның төрешісі болған Бекзат Дәулетов жылдам шахмат ойынынңы тартысты өткенін айтты.

– Ойын біз жоспарлағаннан да қызықты, әрі тартысты өтті. Мешіт имамдарынан мұндай шеберлікті күтпеген болатынбыз. Олар өздерінің діни қызметімен қатар, интелектуалды тұрғыда сауатты, білімді, жан-жақты қабілетті екендіктерін ойын барысында көрсете алды. Жалпы біз бұл турнирде қолданған рапид форматы турнирді бір күнде өткізуге мүмкіндік беретін тиімді тәсіл болып табылады. Аталған турнир дін мен спорттың үйлесімді дамуының жарқын үлгісіне айналып, болашақта дәстүрлі форматта жалғасуы мүмкін, – дейді Бекзат Дәулетов.

Жалпы жүлде қоры 200 мың теңгені құраған ойын қорытындысында турнир жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сыйлықтар және арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

«Заң мен Тәртіп – мемлекеттің кепілі»
Шымкент қаласындағы ұлттық білім берудегі оңды бетбұрыс
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу