Шымкент қаласының транзитін арттыратын жоба
Жол – күре тамыр. Өңірдің транзиттік көлік әлеуетін арттыру Шымкент қаласы әкімдігінің алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында еліміздің транзиттік қуатын арттыру туралы мәселе назардан тыс қалмаған.
Шымкент қаласы да сол көлік транзиті бойында орналасқан маңызды қаланың бірі. Сондықтан да қаланы айналып өтетін жолдың құрылысы бірнеше бағытта жалғасуда.
Соның бірі Шымкент қаласының оңтүстік бағытындағы жалғыз кірме-шығыс жолындағы жүктемені азайту мақсатында 15,5 шақырымды құрайтын Д.Қонаев даңғылының жалғасы салынуда. Қала әкімі Мұрат Әйтенов мегаполистің транзиттік әлеуетін арттыратын нысанның құрылыс жұмысын өз бақылауына алған. Нысанның құрылыс жұмыстары алты кезеңнен тұрады.
Қонаев даңғылы жалғасының бесінші кезеңі Бадам өзенінен Әскери бөлімінің тұсына дейінгі аумақты қамтиды. Бұл аралықтың ұзындығы – 4,7 шақырым, ені – 42 метр, көлік жолы алты жолақты. Ал нысанының алтыншы кезеңі Әскери бөлімнің тұсынан ПК-132 дейінгі аралық, бұл кезеңнің ұзындығы – 8,5 шақырым, ені – 15 метр, көлік жолы 4 жолақты. Қазіргі таңда онда құрылыс бригадалар жер төсемелерін салып, жер асты темірбетонды құбырын орнатуда.
Құрылыс басында болған қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы жауапты мердігерге Бадам өзенінен өтетін көпірді Саттарханов көшесімен қосу жұмыстарын аяқтауға үш айда аяқтауды тапсырды.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласында ұзындығы 16 шақырымды құрайтын «Оңтүстік» айналма жолының құрылысы жүргізілуде. «Бұл нысан қаладағы көлік кептелісін азайтып қана қоймай, жол бойындағы елдімекендерде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына да өз ықпалын тиигізетін болады» дейді шаһар басшысы Мұрат Әйтенов.
Айналма жолдың құрылысы жұмысы Ленгір тас жолынан бастап КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейінгі аралықты қамтиды. Жоба бойынша жолдың ені 9 метрді құрайды. Осыған дейін жол құрылыс жұмысының 50 пайызы орындалған. Шымкент-Ташкент жолында қиылысатын бөлігінде көпір салынып, жолдың негізі дайындалған.
- Президентіміз Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде Үкіметке тапсырма бергені белгілі. Жоғарыда айтқанымдай, бұл жұмыстар қаламызда жоспарлы жүргізілуде. Жолдың кейбір бөліктері пайдалануға беріліп, қозғалыс қалыпқа келтіруде. Тиісті құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес кезең-кезеңмен іске асырылып, пайдалануға берілуде, - дейді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.