Шымкент қаласында кәсіпкерлерге арналған фронт офис әкімшілік кедергілерді жоюда

Oinet.kz 27-05-2023 282

Шымкент қаласындағы «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent invest» фронт-офисі «бір терезе» қағидаты әдісімен кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетуде. Бұл орталық мамандары жас кәсіпкерлерге үш бағытта кеңес беріп, жобаларын сүйемелдеуге көмектеседі. Сонымен қатар орталық бизнес өкілдері арасында маркетингтік зерттеулер мен талдаулар жүргізеді. 

Screenshot_16.jpg

Шымкент қалалық мәслихат депутаты, «AMANAT» партиясының фракция мүшесі, сала маманы Қайрат Имашевтің айтуынша, 2020 жылы іске қосылған фронт-офисте 12282 консультация өткізіліп, 1217 жоба сүйемелденсе, 539 маркетингтік қызмет пен 14 аналитикалық зерттеу қызметтері көрсетілген. 

- Мемлекет басшысы Жолдауында шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық беріп отырғаны белгілі. Бұл бағыттағы жұмыстар Шымкент қаласында «Бизнеске арналған үкімет – Shymkent invest» фронт-офисі «бір терезе» қағидаты аясында жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында жастар мен әйелдерге бір пайыздық жеңілдетілген несие беретін «Іскер қала» жобасы іске асырылу үстінде. Қазірдің өзінде бұл жобаға 52 кәсіпкер қатысып, бизнесін дөңгелетіп отыр, - дейді ол.

Осы жоба аясында Шымкенттік жас кәсіпкер Дана Мейірбекова балабақша ашты. Сөйтіп жерлестерін тұрақты жұмыс орнымен қамтып, 75 балаға тәлім-тәрбие беруде. Осылайша балабақшадағы орын жетіспеушілігін жоюға да өз үлесін қосып отыр. 

- Бизнеске арналған үкімет» орталығының қолдауы аясында «Іскер қала» жобасы шеңберінде бір пайыздық жеңілдікпен несие алдым. Орталық кәсібін жаңа бастаған жастар мен әйелдерге «бір терезе» қағидасы аясында жан-жақты қолдау көрсетіп, кеңес беруде. Сондай-ақ мамандар жобалар бойынша да бар көмек көрсетіп келеді. Жас кәсіпкерге қажетті бар ақпаратты осы орталықтан алуға мүмкіндік бар. Өткен жылы осы орталыққа 2325 кәсіпкер қайырылса, оның 25-і жоба аясында бір пайыздық жеңілдікпен несие алып, кәсібін ашқандар, - дейді Дана Мейірбекова.

 Сала маманы Қайрат Имашевтің айтуынша, орталықта несие ғана емес, субсидиялар, 5 миллионға дейінгі гранттар, жас кәсіпкерлердің өз бизнесін бастауға арналған қайтарымсыз гранттар беріледі.

- Мемлекеттен аймақтағы шағын және орта бизнесті қолдауға жыл сайын қомақты қаражат бөлініп, өз ісін бастаймын деген азаматтарға қайтарымсыз гранттар мен 2,5 пайыз шағын несие берілуде. Биыл жастар мен әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында екі мың кәсіпкерге несие беру жоспарлануда, - дейді  Қайрат Имашев.   

Шымкент қаласында әлеуметтік азық-түлік бағасы бақылауда
Шымкент қаласында денсаулық нысандары көптеп салынуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу