Шымкент қаласының әкімі Тұран ауданының тұрғындарымен кездесті
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесуі жалғасуда. Жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Тұран ауданы тұрғындарымен кездесіп, есеп берді. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы жоспардың орындалу барысы баяндалды.
Қазіргі таңда аудан аумағындағы 20 елдімекеннің тұрғындары тұрақты түрде таза ауыз су тұтынуда. Биыл Құрсай шағынауданындағы таза ауыз су құрылысының жұмысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Осыған дейін су жүйелерінің 92 пайызы, яғни 151 шақырымы тартылған. Жоспар бойынша ауданның тазаауыз сумен қамту көрсеткіші жыл соңына дейін 100 пайызға жеткізілмек.
- Президентіміз халыққа арнаған Жолдауларында «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін елімізде таза ауызсу мәселесін шешуді тапсырғаны белгілі. Яғни, алдағы үш жылда қалалар 100 пайыз, елдімекендер 80 пайызға дейін таза ауызсумен қамтылуы тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар Тұран ауданында бүгінде 92 пайызға жеткізілді. Алдағы екі жылда тиісті межеге жеткізу жоспарлануда. Ал, бүгінде елдімекендердің электр қуатымен қамтылғаны 99,5 пайызды құрап отыр. Бүгінде Құрсай шағынауданының жаңақұрылыс аумағын сапалы жарықпен қамту мақсатында жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс келесі жылға өтпелі, - деді қала әкімі.
Бұдан бөлек, шағынауданда газдандыру бағытындағы жұмыстар да жоспарға сәйкес жүргізілуде. Былтыр Ақтас, Ақтас-2 және Ақжар, Арғымақ елдімекендерінде газдандыру құрылысы аяқталған. Қазіргі таңда «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамында тарапынан құбырларға сынама жұмыстары жүргізілуде. Табиғи газ аталған шағынаудандарға жылу маусымына дейін берілетін болады. Ал, Айкөл, Құрсай, Жаңаталап шағынаудандарының жаңақұрылыс аумағын газдандыру үшін бүгінде жобалау сметалық құжаттамасы әзірленуде. Аудан 2025 жылы көгілдір газбен толық қамтылмақ.
Мұрат Дүйсенбекұлы кездесуде халық тарапынан түскен барлық сұрақтарға жауап беріп, жаңа ауданның инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жоспарларды түсіндірді. Сондай-ақ аудан әкіміне басқарма басшыларымен тығыз жұмыс жүргізіп, азаматтардың талап-тілектеріне қатысты шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.