Шымкент қаласының әкімі аудан тұрғындарымен кездесті

Oinet.kz 18-05-2023 219

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Әл-Фараби ауданының тұрғындары алдында есеп беріп, бұл ауданға қатысты мәселелерді бірлесе отырып талқылады. Әдеттегідей қала әкімі тұрғындарға өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікке қолдау көрсету, инженерлік-инфрақұрылым және өзге де бағыттарда атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндап, алдағы жоспарлардан хабардар етті. 

Screenshot_27.jpg

- Өздеріңіз жақсы білесіздер, Мемлекет басшысының Жолдауында халықтың тұрмысы мен әлеуметтік жағдайын арттыру мақсатында ауқымды шаралар қолға алынып отыр. Соның бірі «Жайлы мектеп» жобасы. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында «Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек», дей отырып, әрбір өңірдің ерекшелігіне қарай мектеп салуды тапсырды. Мінекей, биыл сол жобаға өздеріңіздің ауданнан, яғни Әл-Фараби ауданынан 3 білім нысаны еніп отыр. Биыл үш мектептің құрылысы басталып, аудан тұрғындары құрылыс жұмысына тартылатын болады. Бұдан бөлек, биыл аудандағы Қошқар ата аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Ал «Халық қатысатын бюджет» аясында 39 балалар ойын алаңшасын салу жоспарланып отыр, - деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы. 

Кездесуде Әл-Фараби ауданының  әкімі Рашид Мыңбаев аудандағы барлық салада жүзеге асырылып жатқан жұмыс барысын баяндап, бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.  Сондай-ақ, аудан тұрғындары жылумен қамту, жол белгілерін орнату, тұрғын үйлерді жаңғырту, балалар ойын алаңшасы, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мәселелері бойынша сауалдарын қойды.  

– Әл-Фараби орталық аудан болғандықтан инженерлік-инфрақұрылым жүйелерімен қамтылған. Шымкент қаласы тұрғындарға барлық жағынан қолайлы болуы тиіс. «Қауіпсіз қала» дегенді айтып жүрміз. Ендігі ретте ауданда учаскелік инспекторлардың жұмысын жандандыру қажет. Атқарылған жұмыс та бар, кемшіліктер де аз емес. Мәселелер басымдығына қарай, кезең-кезеңімен шешіледі. Жалпы, қаламызды дамыту, өркендету жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырамын, – деді қала әкімі.

Кездесу соңында Мұрат Дүйсенбекұлы әр тұрғынның мәселесін тыңдап, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, жеке қабылдау өткізді. 

Шымкент қаласында биыл 12 мектептің құрылысы басталады
Шымкент қаласында 67 үйді пайдалануға беру көзделген
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу