Шымкент қаласында агроөнеркәсіп саласына басымдық берілуде

Oinet.kz 18-05-2023 183

Қала халқының негізгі табысы өндіріс ошақтарымен қатар ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланысты. Қала аумағына кіретін тұрғын алқаптардың әлі де басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысуда. Осы орайда мал және мал өнімдерінен тұратын өндіріс көлемі де соңғы жылдары біршама артқан.

Screenshot_25.jpg

Бүгінде мал өндірісінен алынатын сүт және ірімшік өнімдері шақардағы негізгі азық-түлік қорына еніп үлгерген. Ал көкөніс пен бақша өнімдері қашанда жоғары сұранысқа ие.  

Өңір экономикасы аграрлық салаға құрылған, яғни мал және егін шаруашылығы. Шымкент қаласы Абай ауданы, Нұршуақ елді мекенінде «Бақыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы инвестиция құны 100 миллион теңгені құрайтын 51 гектар алқапты «Valley» жаңбырлату құралымен ылғалдандырып, мал азығын дайындауда. 

Серіктестік директоры Ғабит Ермектайұлы алдағы уақытта жаңбырлатып ылғалдандырылатын алқап көлемін 100 гектар алқапқа жеткізуді көздеп отыр. Ал осы жаңа технологияның арқасында серіктестік жоңышқа алқабының өнімділігін екі есеге ұлғайтып, 1100 тонна мал азығын жинаған болатын. Биыл да сол көлемде мал азығын дайындауды жоспарлап отыр. 

«Бақыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінде Нұршуақ елді мекенінің тұрғындарын тұрақты жұмыс орнымен қамтып отырған ірі агроқұрылым. Осы шаруашылықтың жұмысымен танысып, сол аудан тұрғындарымен кездескен қала әкімі Мұрат Әйтенов бүгінгі таңда нұршуақтықтардың тұрақты жұмысқа орналасуы арқасында бір жылда атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны едәуір қысқарғанын айтып қалды. Жалпы осы Абай ауданында соңғы бір жылда атаулы әлеуметтік көмек алатындар 51 мыңнан 16 мың адамға қысқарыпты.  Бұл Мемлекет басшысының Жолдауларынан туындаған тапсырмалар мен түрлі жобалар және бағдарламалардың аясында атқарылып жатқан халықты жұмыспен қамту шараларының нәтижесі. 

– Мемлекет басшысы Жолдауында халықты жұмыспен қамту мәселесіне ерекше назар аудару жөнінде тапсырма берді. Осы орайда, Шымкент қаласында өткен жылы 65799 адам жұмыспен қамту шараларына қатысты. Соның ішінде 7 мыңға жуығы уақытша жұмыс орындарына жолданса, 18 азамат кәсіптік қайта даярлау курстарында оқып шықты. Сондай-ақ, 40 мыңнан астам азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Осының нәтижесінде 2021 жылы атаулы әлеуметтік көмек алатындардың саны 51 мыңнан асса, 1 жылдың ішінде 16 мың адамға дейін қысқарған, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы. 

Шаһар басшысының айтуынша, халықты жұмыспен қамтуға әсер ететін сектордың бірі – өнеркәсіп. Бүгінде Шымкент қаласының өнеркәсіп кәсіпорындары негізінен 5 өндірістік аймақта орналасқан. Бірақ, бұл аймақтардың 90 пайызы зауыт-фабрикаларға толып тұр. 

– Қалаға инвесторлардың көптеп келуін, сол арқылы өнеркәсіп саласын одан әрі дамытып, халықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету үшін жаңадан 3 индустриалды аймақ ашып, 2 аймақты кеңейтуді көздеп отырмыз. Атап айтқанда, биыл «Жұлдыз» және «Бозарық» индустриалды аймақтарының инфрақұрылым желілерінің құрылысы аяқталады. Бұл аймақтарда 2024 жылы алғашқы кәсіпорындар ашылады. Оған қоса биыл «Іскер қала» бағдарламасы арқылы жұмыс істейтін «Стандарт» индустриалды аймағы өз жұмысын бастайды. Алдағы уақытта «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен көлік-логистикалық орталығының аумағын кеңейтуді көздеп отырмыз. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын да дамыту жоспарымызда бар. Билік тарапынан «Бақыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты агроөнеркәсіп кешендерімен қатар шаруа қожалықтардың дамуына да басымдық берілетін болады. Бұл шаруашылықтарды көтеру арқылы да тұрақты жұмыс орындарын құрып, атаулы әлеуметтік көмек алушыларды жұмыспен қамту жоспарымыздың бір бағыты, – дейді Мұрат Әйтенов 

Шымкентте жылыжай кешенінің өнімі артып келеді
Шымкент қаласында агроөнеркәсіп саласына басымдық берілуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу