«Шымкент конькиі - 2023» республикалық турнирі басталды
Мұз сарайында өтіп жатқан респубикалық турнирге еліміздің Астана, Алматы қалалары, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау өңірлерінен және көрші Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінен 270 спортшы қатысуда. Турнирде Шымкент қаласынан 60 мәнерлеп сырғанаушы шеберлігін шыңдайды.
Төрт күнге жалғасатын республикалық сайыста мәнерлеп сырғанаушылар өз разрядтарын қорғамақ. Шымкент қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Аманжолұлының айтуынша, мұндай турнир бұқаралық спортты қолдау мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
– Спортшыларымызды кәсіби аренадағы үлкен додаларға дайындауда осындай спорттық сайыстың маңызы зор. Бүгінгі шараға көршілес елдерден де мәнерлеп сырғанаушылар келіп отыр. Спорттағы разрядттық санаттары мен жас ерекшеліктеріне сай мәнерлеп сырғанаушылар төрт күн бойы қазылар алқасына өз өнерлерін ұсынады,- деді Е.Дәрменов.
Ашылу салтанатының шымылдығын Қазақстан Республикасының спорт шебері, Шымкент қалалық №8 қысқы спорт түрлерінің олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің спортшысы Олег Мельников мерекелік қойылыммен ашты. Түскі үзілістен кейін жасөспірім мәнерлеп сырғанаушылар турнирді жалғастырды.