Шымкентте теннистен азия және океания елдерінің әлем чемпионатына іріктеу турнирі өтуде
Шымкентте 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Ұлттық теннис орталығында «Билли Джин Кинг» және «Дэвис» кубоктары үшін жасөспірімдер арасында Азия және Океания елдерінің Әлем Чемпионатына іріктеу турнирі өтіп жатыр.
Бүгін халықаралық жарысқа әлемнің 16 мемлекетінен 48 спортшы бақ сынауға келді. Олардың ішінде Қазақстан Республикасы құрама командасының мүшелері, Әлем кубогының, Азия чемпионатының және Халықаралық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар.
Ашылу салтанатында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ойынға қатысушыларға сәттілік тілеп, бұл чемпионат жастарымыздың спорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, теннисте жаңа белестерді бағындыруда да маңызы зор екенін атап өтті.
- Жарыстың жастарымыздың теннис спортына қызығушылығын арттыратынына сенім мол, - деді қала басшысы.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп, бұл бағытта бірқатар тапсырмалар жүктеген болатын. Тапсырмалар аясында атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаламызда бұқаралық спортпен айналысатын тұрғындар саны артып, бүгінде 500 мыңға жуықтады. Бұл жалпы халық санының 42 % құрайды. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа ден қойғандардың басым бөлігі жастар екені қуантады. Қазір қаламызда 34 спорт мекемесінде 18 мыңнан аса спортшы мыңнан аса жаттықтырушымен кәсіби оқу-жаттығу сабақтарын жүргізуде.
20 кортпен жабдықталған бұл орталықта қазір 500-ден астам кәсіби спортшы жаттығуда.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі