Өндірістік инвестицияға басымдық берілуде
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің жетекшілігімен инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Онлайн форматта өткен жиынға салалық басқарма басшылары мен аудан әкімдері, іскерлік орта өкілдері қатысты. Жиын барысында агроиндустриялық аймақты құру жөніндегі жұмыстың барысы, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, инвестициялық жобалардың таныстырылымы мен оларды іске асыру барысындағы ұйымдастырушылық мәселелер, штаб отырыстарында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалуы талқыланды.Қала әкімі Мұрат Әйтенов агроиндустриялық аймақ орналасатын аумақтың инфрақұрылымдық әлеуетін толық зерделеуді тапсырды. Берілетін электр энергиясының қуатын, су көздерінің қорын есептеу бойынша нақты жұмыстар атқарылуы керектігіне көңіл бөлді.
Штаб отырысында қалалық ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасы ұсынған инвестициялық жобалардың өзекті мәселелері қаралды. Оның ішінде жылына 50 млн дана жұмыртқа шығаруды көздеп отырған «Аймар құс» ЖШС-ның құс фабрикасын ашуға қажетті инфрақұрылым тарту мәселесі сөз болды. Жобамен мұқият танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов салалық басқарма басшыларына тиісті ұсыныстар енгізу жөнінде тапсырма берді.Құс фабрикасын салуға «Шағыр Агро» компаниясы да мүдделі екендігін білдіруде. Мұнда жылына 20 мың тонна бройлерлік құс еті өндірілмек. Жобаны іске асыру үшін аумақтың егжей-тегжейлі жоспарына өзгерістер енгізілуі қажет. Қала әкімі М.Әйтенов бұл мәселе бойынша да салалық басқармаға мәселені толық зерделеп, тиісті шешім қабылдауды жүктеді.Басқарма ұсынып отырған тағы бір жоба – 600 бас ірі қараға арналған ет-сүт фермасы. Бұл жоба бойынша қаланың Бас жоспарына сәйкес нақты шешім қабылданатын болады.
Жиын барысында бірқатар инвестициялық құрылыс жобаларының да таныстырылымы өтті. Оның ішінде «Шымкент ақпараттық технологиялар университеті» ғылыми және білім беру инновациялық кешенін салу жобасы ұсынылды. Кешен ақпараттық технологиялар бойынша ғылыми база ретінде жасақталып, лабороториялық зертханалар ашылмақ. Мұнда 6 мың студент білім алып, жатақханамен қамтылмақ. Кешенде 600 адам еңбек ететін болса, оның 400-ден астамы – отандық және шетелдік ғалымдар болмақ.Кешен жобасымен жіті танысқан қала әкімі М.Әйтенов бұл жобаны құрылысы қарқын алған Тұран шағын ауданында орналастыру мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Медицина қызметкерлеріне арналған 12 қабатты тұрғын үйлер құрылысын жүргізу мәселесі де штаб отырысында қаралып, қолдау тапты. Тұрғын үй келесі жылы алғашқы тұрғындарын қабылдайтын болады.