Түркістан облысында «Үздік жастар премиясы» табыс етілді

Oinet.kz 15-12-2022 716

image.png

Түркістан қаласында облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік ұрпағы – Жыл көшбасшылары» атты іс-шара өтті. Шара аясында облыстағы әр саланың жыл үздіктері анықталып, «Түркістан жастар премиясы» байқауының марапаттау кеші өтті. 

Аталған байқау облыстағы жастар саясатын жүзеге асыру және мемлекеттік жастар саясатының дамуына, елдің саяси және қоғамдық өміріне белсене араласып, белсенділігімен топ жарған жастарды анықтау және марапаттау мақсатында ұйымдастырылды.

Салтанатты шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев «Түркістан жастар премиясы» иегерлерін құттықтап, марапаттады.

«Тәуелсіздік алған жылдан бастап мемлекет тарапынан жастарға үнемі қолдау көрсетіліп келе жатқанын білесіздер. Өңірімізде мәдениет, әдебиет, спорт, өнер сынды түрлі салада талмай еңбектеніп, елдің ықыласына бөленіп жүрген жастар көп. Талантымен танылған шын шеберлер үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Алда санаулы күндерден кейін облыстың алғашқы бес жылдығы өтеді. Түркістан облысы басқа өңірлерге қарағанда адам ресурстарының капиталы бойынша көш басында тұр. Соның ішінде, әсіресе, жастар аз емес. Президентіміздің бастамасына орай қазір жастардың жас ерекшілігі 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Оның игілігін жастардың барлығы көреді деп ойлаймын. Біздің облысымыздағы жастар саны 700 мыңға артып отыр. Бұл дегеніміз орасан зор күш, қазірде біздің жастарымыз көптеген салаларда көшбасшы болып келеді», - деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Сонымен, «Үздік Жастар ресурстық орталығы КММ-і» аталымы бойынша Сарыағаш ауданы және Төлеби аудандық Жастар ресурстық орталығы марапатталды. Ал, «Үздік Жастар ресурстық орталығы КММ-нің маманы» номинациясын қазығұрттық Ақтөре Қайрат иеленді. «Үздік жас мұғалім» номинациясына шардаралық Мақсат Пірімбет, «Үздік жас дәрігер» номинациясына қазығұрттық Айсара Рахманберді лайық деп танылды. 

Сондай-ақ, «Үздік жас волонтер» аталымы бойынша түркістандық Гүлім Қалдаяқ, «Үздік жас спортшы» аталымы бойынша шардаралық Қыдырғали Оңғарбаев, «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» аталымы бойынша түркістандық Гүлзия Қарсыбай марапатталса, «Үздік жас кәсіпкер» номинациясын арыстық Үсен Арыстан иемденді. Сол секілді «Үздік жас актер» номинациясы кентаулық Ақ-Сұлтан Әнуарбекке, «Үздік жас көшбасшы» номинациясы арыстық Аружан Шекербекке, «Үздік жас гид» номинациясы отырарлық Жанболат Әбжаппарға бұйырды. «Үздік жайдарманшы» болып төлебилік Береке Набиханұлы танылса, «Үздік шығармашылық ұжым» номинациясын Түркістан музыкалық-драма театрының балет әртістері және «Бейбіт өмір батыры» номинациясын қазығұрттық Мейрамбек Рысбек иеленді.

Бұдан бөлек, облыстық бұқаралық ақпарат өкілдері арасындағы аталымдар бойынша бәйдібектік Ұлан Абзалұлы «Үздік жас фототілші» марапатын алса, «Үздік жас тілші» болып сарыағаштық Халима Тәжиева танылды. Ал, жоғары оқу орнының «Үздік студенті» номинациясына сайрамдық Атабек Әлібекұлы, орта арнаулы оқу орнының «Үздік студенті» номинациясына ордабасылық Саят Ерлан, «Үздік оқушы» номинациясына түлкібастық Александра Демус, Үздік «Өзін-өзі басқару ұйымы» номинациясына Түлкібастағы А.Асқаров атындағы жалпы орта мектебі ие болды. Осы тұста жастар сыйлығына әр аталым бойынша 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық тағайындалғанын айта кеткен жөн.

Кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

«Оқитын ұлт. Оқитын Созақ. Оқитын бала» шарасы өтті
Сазы сырлы мазмұнды кеш: Ілия Жақанов Түркістан төрінде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу