Түркістанда Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай халықаралық симпозиум өтті
Бүгін Түркістан қаласындағы «Farab» кітапханасында қазақ әдебиеті мен баспасөзіне өлшеусіз үлес қосқан заңғар жазушы, қайраткер тұлға Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиум өтті.
Келелі басқосуға республикамыздың өңірлерінен, Қырғызстан, Өзбекстаннан келген ғалымдар, қаламгерлер және Шымкент қаласы мен Түркістан, Жамбыл облыстарының зиялы қауым өкілдері қатысты.
Халықаралық симпозиумға келушілер алдымен «Шерхан Мұртаза-90» экспозициясын тамашалады. Басқосудың ашылуында сөз алған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Шерхан Мұртазаның жазушылық, журналистік және қайраткерлік қырларына кеңірек тоқталды.
– Шерхан Мұртаза - қатардағы жазушы, журналист емес, қазақтың маңдайына біткен дара тұлға. Өзінің әр мақаласымен, әрбір әңгімесімен, повесть, романдарымен халыққа қалтқысыз қызмет етті. Бүгінгі шараның Түркістан төрінде өтіп жатқандығы да бекер емес. Ол түркішілдік рухы өте биік тұлға болатын. «Егемен Қазақстан» газетінде өзінің авторлығымен жарияланған алғашқы мақалаларының бірі де осы қастерлі Түркістан төңірегінде еді. Міне, Тәуелсіздік күні қарсаңында көрнекті қаламгерді Түркістан облысында еске алып отырмыз. Тәуелсіздік күні - бүкіл Қазақ елінің, оның ішінде халық жазушысының да арманы-тұғын. Сол үшін қаламын қару етіп, ел мүддесі жолында аянбай күресті, саналы ғұмырын ұлт руханиятының дамуына арнады, - деді қаламгердің «Ай мен Айша» романын түрік тіліне аударған Мәлік Нұржанұлы.
Жиын барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев журналистердің бірнеше буынын тәрбиелеген Шерағаның ұлттық баспасөздің дамуына қосқан үлесін тілге тиек етіп, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтауын жеткізді.
«Құрметті конференция қатысушылары! Барлықтарыңызды қарымды қаламгер, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына орай ұйымдастырылған жиынның ашылуымен құттықтаймын.
Ғасырға жуық уақыт бұрын дүниеге келген ұлт перзенті Шерхан Мұртаза қоғамның игілігі үшін қаншама есте қалар ерліктер жасап, қазақ әдебиеті мен журналистика саласында өзіндік мектебін қалыптастырған тұлға. Шерхан ағамыз – Отанды сүюдің үлгісін өз ісімен көрсете білген қайсар жан.
Сөз зергері саналған қайраткер тұлға журналистика саласында тұтас бір буынның қалыптасуына ықпал етіп, қазақ баспасөзінің мәуелі бәйтерегіне айнала білді. Халықтың қалаулы ұлы ретінде биік мінберлерде елдік мәселелерді көтеріп, ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етті.
ХХІ ғасырдың жарқын тұлғасы ретінде бар ғұмырын ұлттық мәдениет пен әдебиеттің дамуына арнап, ұрпаққа мол мұра қалдыра білді. Шындықтың шырақшысына айналып, әділдік пен адалдығы үшін халықтың жадында «Шер-аға» атымен қалған аңыз адамның теңдессіз туындылары әлі талай буынның рухани бағдарына айналатын болады.
Ел игілігі, қазақ әдебиетінің жандануы жолындағы ерліктері еленіп, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы, Қазақстанның Халық жазуышысы, «Құрмет белгісі», «Отан» ордендерімен наградталуы – ол кісінің сан түрлі бағыттағы еңбегіне берілген лайықты баға деп білемін.
Өткеннен үлгі ала отырып, біз келер ұрпақ үшін елдің баянды болашағын қалыптастыру бағытына жол ашамыз.
Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыруда осындай мәнге ие басқосулардың алар орны ерекше. Осы орайда конференцияның Түркістан өңірінде өтуіне ықпал еткен барша азаматтарға, арнайы келген қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдеріне айрықша алғыс білдіремін.
Біз және келер ұрпақ Шерхан Мұртазаның есімін мәңгілік ұмытпайды. Ұлы тұлғаның іскерлігі мен көрегендігі, елге сіңірген еңбегі – біз үшін өнеге!
Бүгінгі жиында елдік, ұлттық мүддені алға қойған Шерхан ағамыздың еңбектерін ел арасына кеңінен насихаттау бағытында ұтымды ұсыныстар, пікірлер айтылады деген сенімдемін. Еңбектеріңіз табысты, елдің дамуы жолындағы барлық істеріңіз берекелі болсын»,- делінген хатта.
Жиында Бейсенбай Тәжібаев та сөз алды:
– Ақиқаттың алдаспаны Шерхан Мұртаза Түркістан өңірін түркі халықтарының рухани орталығына айналдыру жөнінде алғаш бастама көтергендердің бірі болды. Қайраткер қаламгердің көптеген шығармаларына Оңтүстіктің таңғажайып табиғаты арқау болғанын көпшілік біледі. Сондықтан да біз Шерағаны Түркістаннан, Түркістанды Шерағадан бөліп қарай алмаймыз. Қалың оқырманның көңілінен шыққан жазушының мерейтойына арналған шаралар бір күнмен ғана шектелмейді. Бұл бағыттағы игі істер алдағы уақытта да жалғасады, - деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Симпозиумда белгілі журналист, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, республикалық «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан шындықтың шырақшысы атанған сөз зергерінің елге сіңген еңбегін айтып, өнегелі өмірінен сыр шертті.
– Біз Шерағаңның шекпенінен ғана шыққан жоқпыз, Шерағаңның университетінен тәлім алдық. «Егеменде» бірге қызмет еткенде нартұлғаның қаламынан туған «Қайта оралған қандастар» деген айдар болды. Сол айдармен бірнеше мақала жарияланды, қиырда жүрген қаншама ағайын елге құт болып қосылды. Түйіп айтқанда, ардақты Шерағаңмен бірге газетке жаңа леп келді, ұлттық болмыс пайда болды. Әсіресе, қазақи бояуы қанық мақалаларға басымдық берді. Қаламгердің ерекшелігі, өнегесі, міне, осында, - деді Қ. Олжай.
Сондай-ақ жазушы аудармашы, Әлішер Науаи атындағы Ташкент мемлекеттік Өзбек тілі және әдебиеті университетінің ғалымы Қазақбай Йулдашев, Қырғыз Республикасы Ұлттық Ғылымдар Академиясының Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Келдібек Қойлыбаев жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Бұдан бөлек, Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы директорының орынбасары Ахметжан Өзбеков, әдеби аудармашы, «Бір кем дүние» жинағын өзбек тіліне аударған Далымжан Сайфуллаев, Түркиядағы Гази университетінің профессоры, әдебиеттанушы-ғалым Жемиле Кынажы және түрколог, Баку мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері Малейка Мирзали zoom жүйесі арқылы жазушының шығармашылығы туралы пайымды пікірлерін, тұшымды ойларын ортаға салды.
Мазмұнды жиынға Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Елшібай модераторлық етті.
Симпозиум аясында бұған дейін «Шерхан Мұртазаның прозасы мен публицистикалық шығармаларын талдау» тақырыбында өткен байқаудың жеңімпаздары марапатталып, оларға қаржылай сыйлықтар табыс етілді.
Айта кетейік, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумының аясында 12 желтоқсанда Түркістан облыстық Мәдениет басқармасының қолдауымен және Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Түркістан» телеарнасында студенттер арасында «Шерағаң айтқан шындық: кеше және бүгін»» атты пікірсайыс турнирі ұйымдастырылған болатын.
Өте қызу өткен пікірсайысқа Шымкент, Тараз, Түркістан қалаларындағы жоғары оқу орындарының студенттерінен құрылған командалары қатысты. Нақтырақ айтар болсақ: Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты, М.Әуезов атындағя Оңтүстік Қазақстан университеті, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті, Халықаралық қазақ-түрік университетінің пікірсайыс командалары бақ сынады.
Сондай-ақ, 14 желтоқсанда Түлкібас ауданы Күмісбастау ауылындағы Ш.Мұртаза атындағы шағын жинақты мектеп-гимназиясында халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын арналған көрме өтті.
Көрмеге жазушының көзі тірісінде пайдаланған дүниелері, басқа да құжаттар, фотосуреттер қойылды. Көрменің ашылу салтанатына Қырғызстан Республикасы Ұлттық Ғылымдар Академиясының Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Келдібек Қойлыбаев, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиұлы, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы директорының орынбасары
Ахметжан Өзбеков, Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Елшібай, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС директоры Оралхан Дәуіт, «Рейтинг» газеті бас редакторының орынбасары Асылбек Досалы қатысты. Көрмені Түлкібас ауданы мектептерінің оқушылары, ұстаздары, ауыл тұрғындары тамашалады.