Балаларға қуаныш сыйлады

Oinet.kz 07-12-2022 227

image.png

Биыл – Балалар жылы. Атаулы кезеңде атқарылар іс аз емес. Міндет жүгі де салмақты. Басым бағыттарды саралаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі, олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі» деген болатын. Қазір өңірлерде Президент пәрмені бойынша бірқатар іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Бұл санатта Түркістан қаласы да бар.

Балаларды қолдау жылында қоғамнан ерекше балалардың күтімі мен білім алуы назардан тыс қалмады.  Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар жылында ерекше балаларға арнайы қолдаулар көрсетіліп келеді. 

Жақында Түркістан қаласының тұрғыны Әсел Бимырзаева «Менің арманым» атты жобаны жүзеге асырып келеді. Қаладағы мектепте мұғалім болып қызмет атқаратын ол әр айда үйде оқитын мүгедектігі бар 10 баланың арманын орындап, қуанышқа кенелтіп отыр. Маусым айынан бесінші рет ұйымдастырылған игі іс барысында Әсел Маханбетқызы қаладағы 70-тен астам баланың кішігірім арманын орындады.

Іс-шараға қалалық мәслихат хатшысы Мақсат Таңғатаров қатысып, арнайы шараның ашылу салтанатында сөз беріліп, бүлдіршіндерге ыстық ықыластарын жеткізді. Сонымен қатар Мақсат Асылбекұлы ерекше балаларға қолдау көрсетіп, қоғамдық белсенділік танытып жүрген Әсел Бимырзаеваға қалалық мәслихат атынан алғыс хат табыстады. 

«Республика Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев балаларға ерекше назар аудару керектігін, өйткені олардың әл-ауқаты Қазақстанның табысты болашағының сенімді кепілі екенін атап өткен болатын. Осы бағытта бүгін балалардың жазған хаттары негізінде армандары орындалғандығына куәгер болдық. Мемлекет басшысы атап өткендей, балалар жылы «Ұрандар мен мерекелік іс-шараларды өткізу емес, ең алдымен, билік органдары тарапынан балаларды қорғау мақсатында, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты шаралар қабылдау. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы-біздің жалпыұлттық міндетіміз», - деген болатын. Балалар жылында осындай игі шараларымыз көп болғай!»,- деді өз сөзінде Мақсат Асылбекұлы. 

Әсел Бимырзаева Түркістан қаласындағы Ата-түрік атындағы №17 мектепте орыс тілі пәнінен сабақ береді. Бос уақытында қоғамдық істермен айналысады. Өзі қолға алған жобасы аясындағы жұмыстарды үйлестіріп отырады.

«Менің ұлым да 4-сыныпқа дейін үйде оқыды. Қазір емдетіп, жағдайын түзеп алдық. Сондай-ақ өзім ұстаз болғандықтан үйде оқитын балаларға сабақ беремін. Арасында әртүрлі балалар бар. Біреуі жүре алмайды, бірі сөйлей алмайды. Тіпті төсектен тұра алмайтындар да бар. Жағдайларын көріп жаным ашиды, жылағым келеді. Сабақтан тыс уақытта қастарында қалып, көп сөйлесемін. Олармен сырласып, арман мақсаттарын тыңдаймын. Содан тағдырдың сынағына түскен балалардың аз да болса көңілін көтеріп, қуантқым келді» - дейді жоба жетекшісі.

 «Ең алдымен, балаларға арманын жаздырамын. Қолы икемге келмейтіндеріне ата-анасы көмектеседі. Бала арманы жазылған қағазды конвертке салып, демеушілерге тапсырамын. Содан бір күнді белгілеп, сыйлықты тапсырамыз», - дейді ол.

Жалпы Түркістан қаласында 1000 астам ерекше бала бар. Жоба жетекшісінің айтуынша, олардың арманын орындауда түрлі сала басшылары мен кәсіпкерлер, қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, ұжымдар жақсылық жасауда жарысып жатқан жайы бар.

Мәселен, Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов Азамат есімді балаға электрлі самокат сыйласа, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев Інжу есімді қыздың арманын орындап, Ханшайым көйлегін алып берген. Ал ақын Қалқаман Сарин Әбдімәлік есімді жеткіншектің ұнатқан киімін тарту етсе, арыстық азамат Амантай Байтанаев Жайрона есімді қызға велосипед сыйлапты.

Мерекелік кеш жас буынның көңілінен шығып, жиын соңы концерттің бағдарламамен жалғасын тапты.

Айта кетейік,  ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға даму ерекшеліктеріне, мінез-құлық және эмоциялық жағдайларына байланысты тиісті деңгейде білім алуда тұрақты, уақытша қиындықтары бар балалар жатады. Соған орай, ерекше білімді қажет ететін балалар денсаулық жағдайына байланысты үйден білім алатын, мектеп партасында барлық балалармен теңдей білім алуға мүмкіндігі бар балалар деп денсаулық жағдайларына қарай бөлінеді. Балалардан бөлек, елімізде оқушылар мен ата-аналарына психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу, қолдау жұмыстары басты назарға алынған. Осындай қолдаулар арқылы ерекше білім алатын балалар назардан тыс қалмай, қатарынан кем болмай өсетініне бар жағдай жасалынып келеді. 


Татулықты ту еткендер марапатталды
Төл теңгеміз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу