Татулықты ту еткендер марапатталды
Биылғы жылдың сәуір айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты XXXI сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі мен татулығын сақтау аса маңызды екенін тағы бір атап өткен болатын. «Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз.Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидатымыз ешқашан өзгермейді. Біз жас ұрпақты нағыз отаншыл азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Осы ретте саяси және қоғамдық плюрализмнің радикалды сипат алуына жол берілмейді. Әсіресе, азаматтарды кемсітуге, олардың ары мен намысын таптауға болмайды. Елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің жалпыазаматтық құндылықтарды құрметтеуі және өздерін Қазақстанмен байланыстыруы аса маңызды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы біздің үлкен жетістігіміз. Оны жан-жақты нығайтуға міндеттіміз. Біз көзқарастарымыз бен наным-сенімдеріміздегі айырмашылықтарға қарамастан, бір-бірімізді түсінуге және құрметтеуге тиіспіз. Бізді біріктіретін, күшейтетін, үйлестіретін ортақ құндылықтарға ұмтылуымыз қажет. Біздің «Әртүрлі көзқарас біртұтас ұлт» деген қағидамыз мызғымайды. Патриотизмнің жоғары құндылықтарын ұлтаралық артықшылық сезімімен алмастыруға, достық пен бірліктің орнына бір-біріне деген өшпенділікке жол берілмейді»,- деді Президент.
Ел ішіндегі бірлікті, этностар арасындағы татулықты сақтау көпұлттар шоғырланған Түркістан қаласының да басты қағидасына айналған. Бір қалада, яғни бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатқан азаматтар бір-бірімен тонның ішкі бауындай араласады. Оның үстіне шаһарда этнос өкілдерінің бірлігін бекемдейтін, достықтарын одан әрі нығайтуға септігін тигізетін іс-шараларды ұдайы ұйымдастырып келеді.
Осы орайда таяуда Түркістан қаласында Қазақстан халқы бірлігін насихаттау және Балалар жылына арналған "Шаңырақ" байқауының марапаттау рәсімі өтті.
Аталған байқау әлеуметтік желідегі жазбалар арқылы Қазақстан халқы арасындағы ынтымақ-бірлікті, өңіріміздегі этносаралық достықты қалыптастыруға атсалысу мақсатында ұйымдастырылды.
Жиынға Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек модераторлық етті.
Бірлікке үндеген шарада «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева байқаудың маңыздылығына тоқталды.
«Өздеріңізге белгілі, жыл сайын Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Шаңырақ» шығармашылық байқауы өткізіліп келеді. Биылғы байқау барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін насихаттап, беделін арттыратын, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты кеңінен насихаттайтын, мемлекеттік тілдің қызмет аясын кеңейтуге және жас ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге бағытталған шығармалар жарық көрді», - деді «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева.
Нәтижесінде «Шаңырақ» республикалық шығармашылық байқауында алғашқы ынталандыру сыйлығын Алима Пашанова иеленсе, екінші ынталандыру сыйлығы Шолпан Дүтбаеваға берілді. Жүлделі І орынға Лаззат Сарыбаева, ІІ орынға Несібелі Иманқұлова ие болды. Ал, ІІІ орынды Несіпкүл Өтебаева иемденді. Жеңімпаздарға арнайы сертификаттар табыс етілді.
Жиын соңында «Шаңырақ» байқауына қатысқан авторлардың шығармаларына шолу жүргізілді. Бұл байқаудың қанаты кеңге жайылып, еліміздегі татулық пен бірлікті насихаттауда рөлі жоғары болғандығы атап өтілді.