Әскерге шақыру саласында цифрландыру жүйесі енгізілді

Oinet.kz 14-05-2026

image.png

«Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының мақсаттарының бірі – Қазақстанның қорғаныс қабілетін нығайтуға, әскердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға және әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту болып табылады. Негізгі бағыттары мыналар:  Әскерді заманауи техникамен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен және озық қару-жарақ түрлерімен жабдықтау. Инфрақұрылым және баспана: Шекара қызметі мен Қарулы Күштердің әскери қызметшілеріне арнап жаңа тұрғын үй кешендерін салу. Маман даярлау: Әскери қызметтің тартымдылығын арттыру, әскери есепке алу жүйесін цифрландыру және запастағы офицерлерді қызметке тарту.  

     Бүгінде Түркістан облысының аудан, қалаларындағы қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдерде азаматтарды әскери қызметке шақыру, оларды тіркеу және зерделеу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар жергілікті әскери басқару органдары жұмылдыру дайындығын ұйымдастырып, әскери құрылымдардың қажеттілігін қамтамасыз ету бойынша кешенді міндеттерді атқаруда.

Соңғы жылдары армия саласын цифрландыру бағытында да маңызды өзгерістер жүзеге асырылды. Қазіргі таңда жергілікті әскери органдар көрсететін қызметтердің басым бөлігі электронды форматқа көшірілген. Бұл азаматтарға қажетті анықтамалар мен құжаттарды онлайн түрде рәсімдеуге мүмкіндік беріп отыр. Сонымен бірге әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды хабардар ету жұмыстары да автоматтандырылған. Енді жастар медициналық тексеру, зерделеу немесе әскери жиындарға шақыру туралы ақпараттарды SMS-хабарлама арқылы алады.

Түркістан облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Русланжан Садықов бұл бағыттағы жұмыстардың ашық әрі қолжетімді форматта жүргізіліп жатқанын атап өтті.

– Қазіргі таңда әскерге шақыру саласында цифрландыру жұмыстары қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Бұл ең алдымен ашықтықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Азаматтар қажетті мәліметтерді электронды үкімет порталы арқылы ала алады. Сонымен қатар әскери қызметке шақыру мәселелерін заңсыз жолмен шешуге әрекет жасаудың қажеті жоқ. Барлық жұмыс заң аясында жүргізіледі, – дейді ол.

Өңірде әскерге шақыру науқаны басталмас бұрын жан-жақты дайындық жұмыстары жүргізіледі. Арнайы комиссиялар шақырылушылардың денсаулығын, білім деңгейін және моральдық-психологиялық жағдайын тексереді. Себебі әскери қызметке жарамдылық мәселесінде жастардың денсаулығына ерекше көңіл бөлінеді.

Өткен жылы Түркістан облысынан 5000-ға жуық жас азамат әскер қатарына алынған. Олардың мыңға жуығы Мемлекеттік күзет қызметінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде және Қарулы Күштердің әскери бөлімдерінде Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Биыл да өңірден әскерге шақырылатын жастар саны аз болмайды деп күтілуде.

Соңғы уақытта жастарды әскери қызметке ынталандыру бағытында да бірқатар жаңашылдық енгізілген. Әсіресе мерзімді әскери қызметін өтеген сарбаздарға білім алу бойынша жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, әскери борышын өтеп келген жастар екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсе алады. Сонымен қатар әскери қызметін үздік атқарған сарбаздарға мемлекеттік грант арқылы тегін білім алу мүмкіндігі беріледі.

Русланжан Садықовтың айтуынша, әскери қызмет тек қару ұстауды үйретіп қана қоймайды.

– Әскер – тәртіп пен жауапкершіліктің мектебі. Мұнда жас азаматтар рухани және физикалық тұрғыдан шыңдалады. Әскери қызмет әр жігіттің бойында Отанға деген құрметті, тәртіпті және табандылықты қалыптастырады. Сондықтан жастар әскери борышын абыроймен өтеуге дайын болуы керек, – дейді ол.

Қазіргі таңда әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Әскерилерге пәтер жалдау бойынша қаржылай қолдау көрсетіліп, «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар ұсынылған. Бұл әскери мамандықтың беделін арттыруға ықпал етуде.

Әскерге шақыру науқаны кезінде үгіт-насихат жұмыстары да ерекше маңызға ие. Түркістан облысында бұл бағытта арнайы билбордтар ілініп, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет ресурстарда патриоттық мазмұндағы мақалалар мен бейнероликтер тұрақты жарияланып келеді. Сонымен қатар жастар арасында «Ерлік сабақтары» өткізіліп, ардагерлер мен дін өкілдерінің қатысуымен кездесулер ұйымдастырылуда.

Мамандардың пікірінше, жастар арасында патриоттық тәрбиені күшейту – қоғамдық қауіпсіздіктің де маңызды бөлігі. Бұл бағыттағы жұмыстар «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасының негізгі міндеттерімен де үндеседі. Өйткені ел қауіпсіздігі тек құқық қорғау саласымен ғана емес, жастардың отансүйгіштік рухымен де тікелей байланысты.

Қазіргі таңда қорғаныс істері жөніндегі департаментте «Қарулы Күштер – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмыс істейді. Мұнда азаматтар әскери қызметке қатысты барлық сұрақтарына жауап алып, заң аясында кеңес ала алады. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде ресми парақшалар мен сенім телефондары іске қосылған.

Русланжан Садықов жастарға әскери қызметтен жалтарудың салдары бар екенін де ескертті.

– Әскери қызмет – әр азаматтың конституциялық міндеті. Одан жалтару заң алдында жауапкершілікке әкеледі. Сондықтан жастар заң талаптарын сақтап, әскери борышын өтеуге саналы түрде қарауы қажет. Ал қандай да бір мәселе туындаса, оны заңсыз жолмен емес, ресми түрде шешкен дұрыс, – деді ол.

Мамандардың айтуынша, әскер – жас азаматтарды өмірге бейімдейтін маңызды мектеп. Мұнда олар тәртіпке, жауапкершілікке, төзімділікке үйреніп, ел қауіпсіздігін қорғаудың маңызын түсінеді. Сондықтан әскери қызметті өтеу – тек міндет қана емес, ел болашағына қосылатын үлес ретінде бағалануда.

Қоғамда жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті қалыптасуы тиіс
Мемлекеттік қызметтегі әдеп пен адалдық мәселесі талқыланды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу