Түркістан облысында үш жыл бұрын салынған мектеп құлауға шақ тұр

Oinet.kz 01-04-2026

Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Рабат ауылында үш жыл бұрын салынған мектеп қирауға шақ тұр. Білім ошағының  қабырғаларында жарықтар пайда болған және сапасыз шатырмен жабылған. Салдарынан жаңбыр жауса  ғимараттың ішіне су кіріп, жертөле суға толып кететін көрінеді, деп хабарлайды  Оinet.kz сайты КТК арнасына сілтеме жасап.

image.png

Ұстаздар кейбір жұмыстар құрылыс компаниясы тарапынан мүлдем орындалмағанын айтады.  "Стадионда газон жоқ, алаң көгалдандырылмаған. Балалар алаңы қоршалмаған және  жұмсақ шатыр төселмеген. Жаңбыр кезінде электр желісіне су тиіп, құдай сақтасын біреуді ток ұрама деп қорқамыз. Жертөленің бір бөлігі сөгіліп жатыр. Мектеп құлап қалмаса болды",- дейді мектеп директорының орынбасары Болат Пернебеков. 

Мектепте ішкі дәретханалар бар. Алайда септик тез толып кететіндіктен, мектеп әкімшілігі  қосымша сыртқа дәретханалар салған көрінеді.  Яғни оқушылар мен қызметкерлер сыртқы дәретхананы жиі қолдануға мәжбүр.

Ұстаздар бірнеше рет құрылыс компаниясына шағымданғанымен, тек уәде берілген, бірақ ешқандай жұмыс орындалмаған. Мектептің кепілдік мерзімі осы жазда аяқталады екен.

"Құрылыс компаниясы бізге келіп, бәрін түзетеміз деді. Бірақ іс жүзінде ештеңе жасалмады. Мектеп құлауға шақ тұр",- дейді мектептің  кәсіподақ төрағасы Бекжан Дос.

Сондай-ақ, мектепте үш жыл бойы орталық жылу жүйесі іске қосылмаған, сол себепті балалар қыста сабақты суық кабинетте оқиды. Ата-аналар мен ұстаздар білім басқармасына және өңір басшылығына бірнеше рет шағымданған.

Әкімдік өкілдері де  құрылыс фирмасынан  ешқандай  жауап ала алмаған. Қазіргі уақытта аудандық құрылыс басқармасы компанияны жауапқа тарту үшін сотқа шағым түсірген. Жергілікті тұрғындар мен ұстаздар да прокуратураға арыз беріп, мектептің құрылысын жүргізгендер мен қабылдағандарды жауапқа тартуды талап еткен.

Анасы мен ағасынан айырылған оқушы әкесін сотқа берді
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу