Түркістанда амфитеатр ашылды
Конституция күні қарсаңында Түркістан қалалық Жастар ресурстық орталығы ғимараты жанынан заманауи үлгідегі көпфункционалды ашық аспан астындағы амфитеатр ашылды. Шараға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков, зиялы қауым өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, белсенді жастар қатысты. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Жиында сөз алған шаһар басшысы Нұрбол Әбдісаттарұлы еліміздің болашағы жастарға үлкен жауапкершілік артылатынын жеткізді. Сондай-ақ, кемелді келешек үшін әрбір жас - сауатты, салауатты болу керектігін айтты. Кездесуде облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен мәдениет саласының ардагері Ұлжалғас Мұстафаева сөз сөйлеп, дарынды жастарды қолдауды арттыру қажеттігін баяндады.
Алқалы жиында Түркістандағы «Меймандостық және туризм университетінің» алғашқы түлектерінің бірі Гүлім Қалдаяқ туризм саласындағы жастардың рөлі туралы ойын айтса, белсенді мобилограф Бақжан Мырзақұл жастар орталығында замандастарына мобилография шеберлігін үйретуге ниетті екенін жеткізді. Ал, «Н.Назарбаев зияткерлік мектебінің» мұғалімі Бақытжан Дүкенбай қала жастары атынан алғысын айтып, жастар орталығы жас буынды шыңдайтын қара шаңыраққа айнала берсін деген лебізін білдірді.
Жалпы Түркістан қаласында 71 486 жас бар. Оның 10 574-і жоғарғы оқу орындарында оқитын студенттер үлесінде. Орта арнаулы оқу орындарында 6 743 студент білім алады.