Мақтаарал газбен 100 пайыз қамтылады
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың өмір сүрулеріне қолайлы орта қалыптастыру мақсатында Мақтаарал ауданында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Қайта құрылғанына биыл 6 жыл толып отырған Мақтаарал ауданында 69 елді мекен бар. Бүгінде оның 45-і табиғи газбен қамтамасыз етілсе, 23 елді мекеннің жобалау сметалық құжаттамалары толығымен әзірленіп, 19 ауылды көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 4 елді мекеннің де тиісті құжаттары толығымен әзірленіп, қаржы бөлдіру мақсатында салалық басқармаларға ұсынылған. Сала мамандарының айтуынша, 2026 жылы мақтааралдықтар 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады.
Қазіргі таңда ауданда елді мекен санымен есептегенде табиғи газбен қамту көрсеткіші 65% болса, халық саны бойынша есептегенде 75%-ға жеткен. Ал, 19 елді мекенде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталса, көрсеткіш 95%-ға жететін болады.
Одан бөлек, ауданда биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын 38 көшеге, жергілікті бюджет есебінен жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын 20 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қанағаттанарлық жағдайдағы ішкі көшелердің үлесін арттыру көзделіп отыр.