Меруерт Түсіпбаева «қара тізімге» ілінді
Танымал әнші Меруерт Түсіпбаева шұғыл мәлімдеме жасап, соңғы уақытта тележобалардан алынып жатқанын хабарлады, деп жазды Оinet.kz.

Өнер иесінің айтуынша, өткен жылы және осы жылдың басында оны — «Ұлттық арна» мен «Хабар» эфирінен алып тастаған. Әнші бұған дейін әріптесі Алмас Кішкенбаев қара тізімге ілінгенін жазғанын еске алып, өзін бұл тақырыпқа қатыстырмағанын жеткізді.
«Жарайды, мен жас әнші емеспін, жастар шықсын деп шүкір дедім. Онсыз да желіні жарып жүрмін ғой, қатты қиналмадым», – деді ол.
Алайда Меруерт Түсіпбаева эфирге шықпаған жобаларға көңілі толмайтынын айтты. «Хабар» арнасы Алматыдан арнайы шақырып, бес әнімді түсірді, 8–9 оператор жұмыс істеді, бірнеше образ ауыстырылды. Бірақ нәтиже – эфирде жоқ.
Сондай-ақ, «Таңшолпан» бағдарламасына түсірілген нөмірінің де эфирге берілмегенін атап өтті. Жүргізушіге хабарласқанымен нақты жауап ала алмаған.
«Қайсысын айтайын? Халқым аман болсын. Оқырмандарым аман болсын. Баянауылымның тарихында қалатыным сөзсіз», – деп түйіндеді әнші.


