«Амал болмай тұрғаны»: Дина Төреәлі қатерлі ісікке шалдықты деген әпкесінің жағдайын айтты
Қазақ эстрадасының әншісі Төреғали Төреәлінің қарындасы Фариза қатерлі ісікке шалдығып, Түркияда ем алып жатқан болатын. Фаризаның сіңлісі, блогер Дина Төреәлі әпкесінің жағдайын айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
Дина Төреәлі жылы лебіз білдіріп, қолдап жатқан барлық оқырманына алғыс айтты.
"Сіздерге бір шықпасам өз-өзіме сыйып отыру мүмкін емес болып бара жатқан сияқты. Күндіз-түні келіп жатқан толассыз хаттар, уайымдап шын ниетпен жазып жатқан, дұғада отырған әр оқырманға Алла разы болсын. Бір нақты жауабын күтіп сіздерден де бетер жанымыз шүберекке түйіліп отырғанына бір аптадай уақыт болыпты. Бәріңіз бір хабар күтіп отырғандарыңызды білемін. Алайда Фаридің анализдерінің жартысы әлі дайын болмады. Соны күтудеміз. Осы жағдай өмірімде орын алған күннен бастап, түйгенім көп. Ішімдегіні айтып бастарымды да білмеймін. Уайымдама деп жазу да, айту да оңай. Бірақ Алламен байланысты дұрыстап, тоқтаусыз дұға еткеннің арқасында жүрек ақырын тыныштық тауып бір жақсылыққа сенуде", – деп жазды блогер.
Фаризаның денсаулығы сыр беріп, шұғыл түрде Түркия еліне аттанған болатын.
“Соңғы бір апта түсініксіз әлемде өмір сүріп жүргендеймін. Соңғы жаңалықтардан хабарларыңыз бар шығар. Көптің тілегі мен дұғасы қабыл дейді. Бізбен бірге уайымдап, дұға етіп жандарға Алла разы болсын. Бұл жағдайда дұғадан басқа қолдан келетін амал болмай тұрғаны", – деп жазды Дина.
Айта кетейік, Фаризаға онколог дәрігерді Германиядан ағасы Төреғали тауып берген болатын. Тіпті әйелі екеуі тосынсый болып қарындасының жанына барған.