Еліміздің стратегиялық ресурсы - жастар
Жастар саясаты – мемлекеттің жас ұрпақты қолдауға, олардың білім алып, кәсіби тұрғыда қалыптасуына және қоғам өміріне белсенді араласуына бағытталған маңызды бағыты. Бұл саясат елдің болашағын айқындайтын стратегиялық құралдардың бірі саналады.

Жастарды жақсылыққа, еңбекқұмарлыққа және жауапкершілікке баулудың бірден-бір жолы волонтерлік қызмет. Елімізде өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін жастардың қатары күннен-күнге артып келеді. Деректерге сәйкес қазір елімізде 250 мыңнан астам жас волонтер бар. Олар әр өңірдегі экологиялық, қайырымдылық және өзге де бағыттағы шараларға белсенді түрде қатысып, ел дамуына үлестерін қосып келеді.
«Ойна, бірақ жұмысты да ойла» дегендей, жастық жігер мен қайратты іске жұмсаған абзал. Жастары жұмыссыз елдің болашағы бұлыңғыр. Сондықтан мемлекет жастарға екі қолға бір күрек тауып берудің түрлі жолдарын ұсынып келеді. Әсіресе, «Жастар практикасы» өміршеңдігін дәлелдеген жобалардың бірі болды. Талай жастың карьерасының алғашқы баспалдағына айналған бағдарлама аясында биыл 25 мың жас қазақстандықты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Ағымдағы жылдың алғашқы екі айының өзінде аталған жобамен 423 адам жұмысқа орналасып үлгерген.
Болар баланың бетін қақпай, белін буып жүрген жобалардың бірі ретінде «Тәуелсіздік ұрпақтары» бастамасын атауға болады. Бұл жоба Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылы білімді, талантты жастарды қолдап, грант беру мақсатында қолға алынған болатын. Өткен жылы республика бойынша 3 млн теңдеген 30 грант бөлініп, өңірлерге қосымша 277 гранттың берілуі қаншама жастың арманын жүзеге асыруға жол ашты десеңізші?!
Сайлау партиялық тізімдерінде және депутаттық мандаттарды бөлу барысында әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған 30 пайыздық квота енгізілгелі бері мінберлерден де жастарға орын табылуда.
2026 жыл Қазақстан жастары үшін жаңа мүмкіндіктер кезеңі болып тұр. Сондықтан, «Жас келсе – іске» демекші, жастар, аянып қалмаңыздар!


