Нағашымды киіктің киесі ұрды

Oinet.kz 05-11-2024 458

Біздің ауылдың шетінде киік үйір үйірімен жүретін. Жезқазған мен Қызылорданың сайын даласында, құралайларын өргізетін киікке ауыл адамдары да жаудай тиетін. Өйткені еті тығыз, әрі дәмді келетін жануарды бірі мүйізі үшін ауласа, енді бірі қыстай соғым соймай етін азық ететін.

Screenshot_3.jpg

Фотоның мақалаға қатысы жоқ

Біздің үйге де киік еті жиі келетін. Өйткені нағашым киік аулайтын. Ауылдағы тәртіп сақшаларынан қашып, әсіресе қысқы мезгілде, түнгі уақытта алты аяқ машинасы мен мылтығын екі-үш күн бұрын арнайы даярлап әбігерленетін.

Жорыққа даярланғандай әзірленетін нағашыма қызыға қарап талай рет еріп кеткем келетін. Алайда шешем жібермейтін. Нағашыма да «киіктің наласы жібермейді, қойсайшы» деп сөйлеп жатқанын талай естігем.

Сол жылы қыс қатты болып, ауыл сыртын жағалайтын киіктің үйірі тіпті көп болды. Оларды аш қасқыр ауылға қуып әкеле ме әлде, сол жылғы қыстың қаттылығы әсер етті ме, ауыл сыртын паналаған киіктерді кейбіреулер атпен итін ертіп, қуып жүріп аулап жүрді. Ал нағашымның құдайы тіпті беріп қалды. Екі күннің бірінде кеш бата, жарығы өткір фонарын қамдап, алты аяқ машинасымен кетіп бара жататын.

Қыстың бір күні нағашым киік аулауға кеткеннен қайта оралмады. Ауылда ағайындар іздеп шығып, жол талғамайтын алтыаяқ көлігімен кеткен нағашымды ауылдан едәуір жырақ жерден тауып әкелді. Киік аулаудың қызығына түсіп ауылдан да біраз ұзап кетсе керек. Бір жағына қисайып аударылған көлігінен ұшып кеткен нағашым есінен танып қалыпты. Ауыл тұрғындары «жазықсыз жануардың наласы қойсын ба, киіктің киесі бар» деп жатқандарын естіп қалдым. Алған жарақаты айтарлықтай болмаса да бірақ нағашым содан кейін оңбады. Түнгі уақытта шалықтап сөйлейтін, елеріп, айқайлайтын. «Жаман түстер көремін үнемі» дейтін. Ал күндіз көзін жұмған күйі сұлық жататын. Үнемі бір түсті қайталап көремін «киік келіп үйдің іргесін тарпып тұр екен. Мені көріп, тұяқтарымен кеудеме шығып кетеді, астында тапталып қиналып жатып оянам» дейтін үнемі. Туысқандар кезек кезек күзетіп жүріп, бір күні солай қиналып жатып, айқайлаған күйі үзілді.

Мен үшін жол апатында қолы ғана сынып, суықта біраз жатып қалғаннан аздап суықтаған нағашымның аяқасты өлімі түсініксіз болды. Алайда ауыл тұрғындары «нағашымды киелі жануардың киесі жібермеді» десті.

Айтпақшы содан кейін өзара киіктің баласы құралайды асыраудан жарысатын кластастар киіктің баласын асырауға да қорқып қалдық. Қызық көріп асырағанымызбен көбінесе байлап қойған арқанға немесе қораның тесігіне асылып қалатын, асырауымызға көнбей өз өзінен өліп қала беретін жануардың сырын түсінбейтінбіз. Үлкендер «ол қалай да бәрібір өліп қалады, обалына қалмаңдар» дегенін тыңдамай асырайтын біз, нағашымның түсініксіз өлімінен соң «киіктің киелі жануар екенін, киесі жібермейтінін» ұққандай болдық.

Амангелді Аяпов, Қызылорда облысы

alashainasy.kz

Пәтеріміздегі сасық иіс, мәйіттің исі болып шықты
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу