Жатақханада құрбыма шабуылдаған сары шашты әйел

Oinet.kz 03-11-2024 1376

Жатақханада бірге тұратын Гүлжан құрбым екеуміз қалың ұйқыда жатқан едік. Бірге тұратын үшінші қыз сол күні әпкесінің үйіне қонуға кеткен. Кенет түн ортасы ауғанда шаңқылдаған азан-қазан дауыстан шошып ояндым.

Screenshot_8.jpg

Жан-жағыма қарасам, сары шашты әйел Гүлжан құрбымның төсегіне мініп алып, құрбымды шашынан жұлқылап жатыр. Сары шашты әйелдің тек денесін анық көрдім, белінен арғы бөлігі жоқ, шолтаңдаған бір пәле. Құрбым ұйқылы-ояу не өңі, не түсі екенін ажырата алмай өз-өзінен азаптанып жатыр екен.

Батылдық қайдан келгенін қайдам, орнымнан ұшып тұрып, сары шашты пәлекетті жалбыр шашынан мықтап ұстадым да, бөлме есігін ашып, ары қарай бар пәрменіммен лақтырдым. Шолтаңдаған дене шойнаң ете қалды. Сөйтіп, орныма келіп жаттым да, сол сәт балбырап ұйықтап кетіппін.

Таңертең ояна сала түндегі осы оқиға есіме түсе салысымен, зәре-құтым қалмай, қалшылдап кеттім. Түсім дейін десем, ұйқыдан енді оянған Гүлжан құрбым да бозарып, мең-зең болып, маған сұраулы жүзбен қарап отыр екен.

Таңғы шай үстінде Гүлжан да мен көрген пәлені дәл сол кейіпте сипаттап шықты. "Шашы сары жарты дене"...

Сол кезде құрбым екеуміздің көргеніміз не нәрсе? Маған батылдық қайдан келе қалды? Өмірде біз түсінбейтін тіршілік иелері расымен бар болғаны ма? Тас-түнек қараңғыда көрінген пәленің шашы сары екенін құрбым екеуміз қалай көрдік?

Осындай сан сұраққа әлі де жауап таппай келеміз...

Мейіргүл Оңғарова

massaget.kz

Ағатай, мені неге тірідей көмдіңіздер? (болған оқиға)
Адамнан кек қайтарған жылан
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу